«Алтын, күміс тас екен,
Арпа, бидай ас екен».
Халық мақалы.
Сарапшыларға сенсек, бүгінде әлемді бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарыс қусырып тұр. Азуын айға білеген деген Еуроодақ септесіп өмір кешудің жолын ойластыруда. Сонан да Еуроаймақта күнде жиын. Керексіз болып қалған көмірді қайттік дейді, жерде жатпайтын темірдің таты қалды деп байбаламдайды. Мұнайдың да бәсі құлдырады. Сөйтіп, еуроаймақ елдері белбауларын тарта бастады. Тоқжарау күн кешуге көшкен елдер де баршылық. Біздің еліміз осы екі полюстің өліаралығында тұр. Өйткені, Қазақстан еуропалық та, азиялық та ел. Осы жерде біздің бабаларымыздың бізден гөрі ақылдырақтығы тағы көрініп қалады. Басқа жұрт жердің астын қазып алтын, күміс жиғанда біздің жұрт жердің үстін тырмалап арпа, бидай ұшырды. Бабаларымыздың «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» деген мақалы қолмен қойғандай болып шықты. Тамақты ойлайтын заман туып тұр. Жер бетінің әрбір жетінші тұрғыны тойып тамақ ішпейді, әрбір он екінші тұрғыны күніне бір-ақ рет нәр сызады. Мақалдың екінші жартысындағы жолда арпа бидайдың алдында тұр. Бидай, арпа ас екен деп айтуға болатын еді ғой. Жоқ, олай деп айтпайды. Демек, кілтипан бар. Болғанда қандай! Бидайымыз нан да, арпамыз ет қой! Бұл малмен жан бағам десең алдымен арпа өсір деген сөз ғой. Елбасының әлемдік дағдарысқа байланысты біздің еліміз үшін пайдалы жағы да болуы мүмкін деуінде үлкен астар жатыр. Қалай десек те, ауыл шаруашылығының төрт құбыласы түгел. Әлемде жер көлемінен тоғызыншы орын алатын еліміз жерінің сексеннен астам пайызы нақ осы ауылшаруашылық өндірісін жүргізуге қолайлы. Мамандар мал табындарының генетикалық әлеуеті оңалды деп есептейді. Асылтұқымды мал басының саны орташа есеппен 8-10 пайызға өскен. Жалпылай алғанда, қайта өңдеу бағытында өндірістің тұрақтылығы сақталған. Экономиканың аграрлық секторы экспорттық-импорттық операцияларда оң сальдоға қол жеткізген. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорлары құрылды және олардың экспортына шектеу енгізілді. Жоғарыдағы мақал қарағандылықтарға қаратылып айтылған сынды-ау. Қазіргі қалыптасып отырған жағдайдағы Қарағандының орны қандай, бұл барша жұртты толғандырып отырған сауал. Өнеркәсіпті Қарағандының аграрлы Қарағанды болуы мүмкін бе? Қазірдің өзінде аграрлы өңірміз, қазірдің өзінде егістік алқаптарын әртараптандыру алыс ауылдарға да жетті. Өткен маусымда қарағандылықтар 1 гектар бидайды субсидияландырудан толықтай бас тартты, есесіне шөп, майлы және азықтық дақылдарға деген субсидия сомасы айтарлықтай артты. Бұл мал азығы саласы мен ет өндірісіндегі шешуші қадам еді. Басқа өңірлер ішкі мүмкіншіліктері бола тұра әліптің артын бағып бара алмады. Мұны жай адамдар тұрсын кәнігі диқаншылардың өздері түсінбей қалған. Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері бидай алқабы үнемі өсіп келе жатқан. Алайда, іштерінен сезетін артық кетіп жатқандарын. Өйткені, астықты жылдары қырман жетпей астық ашық аспан астында қызып, шіріп жататын. Еліміздің бидайға деген ішкі тұтынысы 8 миллион тоннадан аспайды, тағы бір 7 миллион тоннасы экспортқа шығарылады. Ауа райы қолайлы жылдары бұл көрсеткіш 30 миллионнан асып жығылатын. Сақтайтын сыйымдылықтар жетіспейді, экспорттап һәм үлгермейді. Осылайша, ешкімге керегі жоқ астықтың бағасы түсетін. Тіпті, өзіндік құнын да ақтамайтын. 2009 жылы солай болды. Алқаптарды әртараптандыру идеясы сонда туған. Монодақылдан бас тартып, басымдылық майлы, бұршақтық, мал азығы дақылдарына берілген. Бір жерге жыл сайын бидайды қайтып егу агротехнология нормаларына сай келмейді. Жердің тозуына, құнарсыздығына ұшыратады. Дақылдарды кезектеп егу естен шығарылды. 2010 жылдан бастап әртараптандыру жөнінде көбірек айтыла бастады. Алайда, бел шешіп кіріскен ешкім болмады. Тек, Осакаров ауданының «Найдоровское» ЖШС бидай алқабын қысқартып, зығыр өсіре бастады. Зығырдың бағасы бидайдан екі есе жоғары болғандықтан серіктестіктің қаржылық жағы жақсара түскен. Басқалары болса сол ескі сүрлеуден шыға алмаған. Бидайдың бағасы жыл өткен сайын түсіп жатты. Есесіне еттің бағасы айтарлықтай өскен. Өйткені, сүрлем, басқа да құнарлы мал азығы желіге қойылмады. Бидайды қайтармамен егу топырақтың шаңын шығарған. Алдыңғы жылы диқандарымыз бидайдың әр гектар алқабына 500 теңге алып келсе, былтыр көк тиын да бөлінбеді. Мемлекеттік қолдау басқа жақтан – күтпеген жерден келген. Арпа, сұлының әр гектары бидайға бөлінген бұрынғы сомадан төрт есе өсіп, 2000 теңгеге дейін жеткен. Шаруалар істің байыбына жеткенше бюджет көпжылдық шөпті қайтармасыз несиелендірудің индексін 80 пайызға жеткізген. Бұл жағдайда шаруа жоңышқа тұқымының әрбір тоннасын 400 мың теңгенің орнына 80 мың теңге төлеп алар еді. Шаруалар да санауға кіріскен. Сонан... Өткен үш жыл ішінде бидай алқабының көлемі 138,3 мың гектарға түсіп, 518 гектарды құрады. Керісінше, арпа алқабы – 1,5, сұлы – 3,5, майлы дақылдар 6 еседей өсті. Ал көпжылдық шөптің алқабы биыл 50 мың гектардан асады деп күтілуде. Бұл бұрынғыдан 8,5 есе көп деген сөз. Ілгерлеу деп осыны айтады! Шаруа санасы өзгере бастады деп осыны айтады! Оны айтасыз, жерге ие болып отырған жергілікті әкімдердің өздері облыс әкімдігі ұйымдастырған курстан өтіп, кәдімгідей сынақ тапсырды. Жерді тиімді пайдалану бойынша. Олардың арасынан жоғары аграрлық білім алуға ынта танытқандар да шыға бастады. Бұл – бетбұрыс еді! Облыстың егістік алқабының 2000 гектарына арпа егу жұмысы қолға алынды. Бұл жолда, әрине, арпа кластерінің алар рөлі зор. Оны Қарқаралы ауданында құрмақшы. Қарқаралының жер жағдайы арпаға арналғандай. Ең алдымен арпа бап талғай қоймайды. Мамырдың басында сеуіп, жауын-шашынға ұрындырмай жазда жинап алуға болады. Оның өнімділігі бидайдан біржарым есе жоғары. Алғашқы өскіні жаман емес. Ертеңгі күні ол бидай сияқты өтпей қалып жүрмей ме деген қауіп те жоқ емес. Жоқ дейді облыс басшылары. Өйткені, арпа экспортымен тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр. Оның әр тоннасы 200 долларға өтеді. Негізгі тұтынушы, әрине, Таяу Шығыс елдері. Халықаралық трейдерлік компаниялар да өз сөздерін әлі айтып болған жоқ. Ресей сиыр еті нарығын Аргентина, Бразилия арқылы қанағаттандырады. Олар жылына 1,5 миллион тонна сиыр етін тасымалдайды. Сол сұранысты біздің толтыруымызға әбден болады. Ал әзірге сол бір жақсы күндерге даярлық жұмыстары жүруде. Диқанымыздың әрбір күні сол күнді жақындата түсуде. Екпей егін шықпайды, үйренбей білім жұқпайды. Бізде осының екеуі де бар. Алтын арқалап, жантақ жеуден сақтасын. Төрехан МАЙБАС. ҚАРАҒАНДЫ.