Ақмола облысында 2014 жылы 93 миллиард теңгенің 11 нысаны индустрияландыру картасына еніп отыр. Ауқымды жұмыстың ойдағыдай орындалатынына негіз де жоқ емес.
Өткен жылы өңірде 9 нысан қатарға қосылып, 433 тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал, биыл оның саны төрт мыңға жеткізілмек. Оның үстіне жаңа жобалардың басым бөлігі жоғары қосымша құнды еселеуге бағытталатыны назар саларлық үрдіс деп білеміз. Бұлардың қатарына Степногор қаласындағы күкірт қышқылы зауытын, Целиноград ауданындағы трансформатор және эмульсия матрицалары зауыттарын, Шортанды ауданындағы полиэтилен өнімдері кәсіпорнын қосуға болады. Ал, Ерейментау ауданында қуаттылығы 45 МВт жел электр стансасы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Индустриялық секторға қосымша қуаттар енгізу есебінен өндіріс көлемі 100,2 пайызға өсіп отыр. Мұнда жүк автокөліктерін шығаруды 1,5 есеге арттырған «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ, астық комбайндарын дайындық сапына қоюды 8 есе өсірген «Вектор» зауытының, арнайы техникалар дайындауды 3 есеге көбейткен «КАИК» ЖШС мен керамикалық кірпіш өндіруді 27 пайыздан асырған «ENKI» ЖШС және Степногордағы «Арыстан» полиэтилен құбырлары зауытының үлесі салмақты. Сондай-ақ, «СП «SARECO», «Астана Ойл» Мұнай үйі», «KZ Тау-көлік компаниясы», «Ak Su Steel» ЖШС сияқты жаңа кәсіпорындар екпінді ісімен алыптар сапына қосылып үлгерді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.