Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» жобасы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту қадамдарына қуат беруде. Астаналық Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметовтің Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стивен Миллермен кездесуінде осы мәселелер кеңінен талқыға салынып, нақты шешімдер қабылданды.
Қабылдауда өңір басшысы ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруда Канада Ақмола облысының сенімді әріптесі екендігін атап көрсетті. Мәселен, 2013 жылы облыстың Канадамен тауар айналымы 36 миллион АҚШ долларын құрап, 2012 жылмен салыстырғанда екі есе артық көрсеткішке қол жеткізілді.
Айрықша көңіл қоярлық жұмыстың бірі ретінде, 2011-2013 жылдар аралығында етті қара мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде Канададан 1800 бас асыл тұқымды мал жеткізілгені атап өтілді. Қазіргі таңда озық технология талаптарында күтімге алынған малдан жоғары өнім алынуда. Соңғы екі жылдың төл төгімі нәтижесінде қосымша табындар қатары айтарлықтай көбейді. Бұл орайда, шетелдік селекциядағы «Ангус», «Герефорд» ірі қара малын көптеп сатып алған «Балқашын» асыл тұқымды зауытының, «Острогорский», «Аршалы Агро Өнімдері», «Сандықтау» ЖШС мен «Асыл Түлік» АҚ-тың жақсы жұмыстары атап өтілді.
Сондай-ақ, бүгінгі күні Ақмола облысының ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің меншігінде жоғары өнімділіктегі «Борго», «Моррис», «Феликсикоил», «Амити», «Бюллер» маркалы 693 бірлік канадалық озық техника бар. Оның жалпы құны 14,8 миллиард теңгені немесе 99,3 миллион АҚШ долларын құрап отыр.
Кездесуге қатысушы жергілікті тауар өндірушілер мен ауыл шаруашылығының мамандары Ақмола өңірі мен Канада ғалымдары Шортанды ауданындағы А.И.Бараев атындағы ғылыми-зерттеу институтының базасында азықтық сояның аудандастырылған селекциясын жасауда бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанына ризашылық білдірді. Түпкі мақсат – қатал климаттық жағдайда маңызды өнімнің 70-75 күнде пісіп-жетілуін қамтамасыз ету.
Өз кезегінде Стивен Миллер өз елінің байырғы әріптестік байланыстарды нығайтып, аймақ шаруалары мен кәсіпкерлер қызметін өрістетуге мүдделі екендігін мәлімдеді. Сонымен бірге, ол мемлекетаралық интеграцияны дамыту мақсатында Ақмола облысының делегациясын Канадаға келіп қайтуға шақырды.
Сондай-ақ, Канаданың Манитоба провинциясының делегациясын Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Рашит Әкімов қабылдады. Онда Канада Үкіметінің инвестиция мен сауда жөніндегі бөлімінің директоры Билл Терриус озық ауыл шаруашылығы жабдықтарын жасаушылар мен экспорттаушы «Ag Growth», «Can Agro Exports», «Convey-A» компанияларының қызмет ұсынымдарын таныстырды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.