Ғылым • 16 Қаңтар, 2022

«Әдебиет танытқыш» – әлемдік құндылық

12955 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

1926 жылы сол кездегі астана Қызылордада беттеліп (әрине, цензурадан да өтіп), Ташкентте басылған Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» зерттеуі немесе оқу құралы –ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы деңгейін көрсететін іргелі де ізашар еңбек.

«Әдебиет танытқыш» – әлемдік құндылық

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл маңызды кітап неге Ташкентте жарияланды?

Біріншіден, әрине, типография мәсе­лесіне байланысты. Түркістан автономия­сы (мұхтарияттан кейінгі) тұсында осы қалада төтеше қаріппен қазақша бірнеше газет-журнал жарияланып, баспахана толыққанды жұмыс істеп тұрды.

Екіншіден, осы қалада «Киринпрос» (сол кездегі атауы) негізінде 1926 жылы Қазақ университеті (жалпылама ныспысы – «КазПедВуз») ашылып, 1928 жылы Алматыға көшірілді. Бұл – Ташкенттегі осы оқу орнына қазақ ғылыми-ағартушылық әлеуеті топтасты деген сөз.

Үшіншіден, 1921 жылы А.Байтұр­сынұлы Орынборда ашқан Академиялық орталық сынды құрылым және «Талап» мәдениетті көркейтушілер қауымы Таш­кентте жұмыс істеп тұрды. Оның басы-қасында Х.Досмұхамедұлы, М.Тыныш­байұлы, М.Жұмабай, М.Әуезов, Қ.Кемең­герұлы, т.б. жүрді.

Біз «Әдебиет танытқыш» зерттеуінің немесе оқу құралының жазылуы 1921-1922 жылдан басталды деп санаймыз. Себебі, А.Байтұрсынұлы 1920-1921 жылдары Халық ағарту комиссары (министр) қызметінде жүріп салалық оқулықтар мен оқу құралдарының жазылуына мұрын­дық болды. ҰҚК және басқа да архив деректерінде Ақаңның «мойнындағы тапсырмалар» тізімінде «Теория словеснос­ти» (кейде «Теория литературы») кітабы көрсетілген.

Енді еңбектің атауына келейік. Неге ол Ақаңның басқа кітаптарындағыдай «Көркем сөз қисыны» немесе «Әдебиет-құрал» емес? Бұл атау (әдебиет танытқыш) А.Байтұрсынұлының негізгі миссиясынан туындайды. Яки «қазақта бай әдебиет бар, соның асыл мақсұтын таныту» дегенге саяды.

Бұл тұста мына мәселені де айқындап алайық. Бүгінде біз үшін ұлт өнер тануы мен мәдениет тануының басы болып ұғынылатын «Әдебиет танытқыш» тақыр жерге шыққан жоқ. Оны өмір жүзіне әкелген – адамзаттың ақыл ойы. А.Байтұрсынұлы заманынан озық туған білікті, парасатты тұлға ретінде көркем өнер туралы адамзат ғылымы қисын-ере­же­сімен қазақтың телегей-теңіз рухани мұрасын талдап бере алды. Ұлт әдебиеті ерекшелігін, сипатын, өрісін көрсете білді. Сол себепті бұл зерттеу – әлемдік құндылық.

Ізденгіш, сұңғыла А.Байтұрсынұлы Аристотель, Әл-Фараби, Ибн Сина, Ломо­носов, Лессинг, Гёте, Гегель т.б. тұлға­лар­дың өнер, көркемсөз туралы ой-пайым­дарымен, өзіне дейінгі Эжен-Мельхиор де Вогюэ («Le roman russe» / «Русский роман», 1886), Александр Потебня («Из записок по теории словесности», 1905), Александр Веселовский («Поэтика», «Поэтика сюжетов», 1913), Флориан Зна­нецкий («Cultural Reality» / «Реальность культуры», 1919) еңбектерімен, «Әдебиет танытқыш» жазылып жатқан тұста газет-журналдарда, түрлі басылымдарда үзіндісі басылған Борис Томашевский («Теория литературы. Поэтика», 1925), Виктор Жирмунский («Вопросы теории литературы», 1928), Григорий Винокур («Критика поэтического текста», 1927) зерттеулерімен біршама танысқан деуге негіз бар. Түркі дүниесінен ХХ ғасырдың бас ширегіндегі өзі қоян-қолтық байланыста болған татар әдебиеттануы көшбасшылары Жамал Уәлиди, Ғалымжан Ибрагимов, Ғабдрахман Сағди, Ғалымжан Ниғмати, Ғазиз Ғұбайдуллин, Ғали Рахим т.б. пікірін шолғаны да байқалады.

Әлбетте, А.Байтұрсынұлы әдебиетта­ну­шылық айналасы орыс, татар немесе аударылған әлем классиктері еңбектерімен ғана өлшенбесе керек. Мұны осы «Әдебиет танытқыштың» өзіндегі мына жолдар айқын аңғартады: «Екінші тілдерде екпін буыны сөздің бәрінде бірыңғай бір орыннан табылады. Мәселен, пырансоз, шеқ* тілдерінде екпін буыны аяғына келеді... Екпін буыны аяғына келетін сөздерімен қазақ тілі пырансоз тіліне ұқсас, екпін буыны аяққа таяу келетін сөздерімен полак* тіліне ұқсас» (*1926 жылғы кітап нұсқасында осылай). Сонда Ақаң француз, чех, поляк тілі, көркем өнері ерекшелігін білген болып шықпай ма?

Біз Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» мазмұн жағынан ұлттың көркем өнер ерекшелігін толық аша алға­нын айтуға мүдделіміз. Ақаң осы еңбек хатқа түсіп жатқан кезеңде ел ақын-жазу­шы­ларының басын қосуды жоспар­лағанын, бірақ ол объективті-субъективті жағдай­ға байланысты өтпей қалғанын түсінді­ріп «Қалам қайраткерлері жайынан» атты мақала жазды («Еңбекшіл қазақ» газеті, 08.07.1922 жыл). Осында қаламгер: «Қазақ мәдениеті жәуіт, неміс, орыс, қатта ноғай мәдениетіндей болса, «қазақ», «қазақ» деп қайыра сөйлеп, ауыз ауыртып әуре болмай-ақ «көппен бірдей көрер» деп қояр едік. Қазақ айрықша сөз болатыны – халі айрықша болатындықтан», деп жазады.

«Әдебиет танытқыш» – көркем өнер­дің болмысы мен құрылымын, қазақ әде­биетінің ерекшелігі мен сипатын, әдеби үде­рістің мәнін, жанрлар қалыптасуының қоғам тағдыры мен талғамына қатысын, сөздің – өнерге, өнердің – пән ғылымына айналу жолын, сөз жүйесі мен ой жүйесінің мәйегін, өлең мен қара сөздің пішіндік, мазмұндық құрылысын, ауыз әдебиет пен жазу әдебиеттің дара соқпағын, басты жанрлар мен оның ішкі бөліністері қағидаттарын, әдебиет пен дәуір, әдебиет пен сана, әдебиет пен діл, әдебиет пен ой, әдебиет пен мүдде қарым-қатынасы жа­йын жік-жігімен түсіндіріп беретін ұлттық білім, таным, ғылым, әдістеме, әдіснама кешені.

Мұндағы әдебиеттану мен дүние­та­нымға байланысты 350-де аса термин (пән сөзі) мен атаудың бәрі де ұлт ұғы­мына суарылған, халық түсінігіне жақын­датылған. Ақаң фольклор мен авторлық әдебиетті алаш парасатының, дүниені тануының кілті ретінде қарағанын және соған сай көркем өнер мазмұнындағы рәміз, белгі, тұспал т.б. айқын көргенін аңғарамыз.

А.Байтұрсынұлы: «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз - зейін тілі. Жалаң сөз – зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркем сөз – қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әліпіне түсіріп айтады. Жалаң сөз айтқанын ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп, хақиқат түрінде айтады. Көркем сөз айтқанын қиял меңзеуінше бейнелеп, әліптеп, көбінесе ұйғару түрінде айтады, жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады», дей отырып, сөз бен сана, сөз бен бейне бай­ланысынан туындайтын ерекшелікті тұжырымдап жеткізеді.

Бүгінгі ғылым тіл білімі және әдебиет­тану деп жіктеген филология нысанасын Ақаң қарапайым тілмен, сала мамандарына да, жалпы көпшілікке де ұғынықты сөзбен былайша байыптатады: «Шығарманың екі жағы бар: 1) тысқы тіл жағы; 2) ішкі пікір жағы. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: 1) шығарманың тілінің ғылымы; 2) шығарманың түрінің ғылымы. Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады. Түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы шығарманың тіл өңі жағынан – тіл я лұғат қисыны болып, маз­мұн жағынан – қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді». Мұны «тіл-әдебиет әліппесінің әліпті ережесі» деуге де болады.

Әдебиеттану көшбасшысының: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге. Ақыл ісі – аңдау яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау; қиял ісі – меңзеу яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау», деп әдебиеттің мәні мен арқауын нақты жеткізуін де әрі шеберлік, әрі тапқырлық дер едік. Аз сөзге көп мағына сыйдыру осындай-ақ болар.

Сөз өнерін ғылым ретінде қарай келе, Ақаң: «Сөз өнерінде жұмсалатын зат – сөз. Сөз шумағы – тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалған сөз шумағы да – тіл я лұғат деп аталады. Шығарма тілі екі түрлі болады: 1) ақын тілі; 2) әншейін тіл. Ақын тілі – айрықша өң беріліп айтылған сөз. Әншейін тіл – ондай өң берілмей, жай айтылған сөз» деп түйіндейді. Осы анықтамадағы «зат» деген ұғым тіл мен өнердің мән-мазмұнын, көркемдігін ашатын жанды тетікке айналғанда, түсінік пен таным ауқымы кеңейе түседі.

«Әдебиет танытқыш» – бүгінгі әдебиет­тануға жол ашқан жанрлық жіктеудің яки бөлудің басында тұрған еңбек. Мұнда фольклор («ауыз әдебиет») жанрлары, «діндар дәуір» әдебиеті жанрлары, «сындар дәуір» әдебиеті жанрлары айқындалып, іштей сараланған. Осы жіктеуді – ұлт ғалымына, тіпті Түркі дүниесі әдебиеттануына А.Бай­тұрсынұлы енгізген жаңалық деп ауыз толтырып айта аламыз.

А.Байтұрсынұлы өз тұсындағы әде­биет немесе әдебиеттанудың түрлі алаңда­рындағы ой-пікірлерді де қаперінен тыс қал­дырмайды. Еңбегінің бір жерінде: «Ауыз шығарманы (анайы әдебиетті) ауыз сөз деп ғана атап, жазба шығарманы (сы­­пайы әдебиетті) ғана танушылар бар. Бі­рақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әде­биет есебінде жүріледі» деп, ала-құла та­ным үдерісінен хабар берсе, тағы бір жерде экспериментшіл футуристерді (1910-1920 жылдардағы «жаңашыл» өнер түрі) «жорғаға келмегендерді жорға деуге бол­майды» дей отырып: «Бұл заңнан тыс­қары бағытпен жол саламыз дейтін «пұтыр­шылар» деген бар, бірақ олардікі – әлі жол санына кірмеген жоспар сияқты нәрсе», деп түйреп өтеді.

Енді бірауыз сөз «Әдебиет танытқыш» текстологиясы мен кітапта А.Байтұрсынұлы пайдаланған мәтіндер мен олардың авторлары туралы.

Осы тұста ахметтанушыларға әлем тәжі­рибесінде бар мынандай ой тастағымыз келеді: қазір негізгі қолданыста жүрген нұсқаны «түпнұсқа» деп атамай, «Әдебиет танытқыштың» Қызылорда-Ташкент нұс­қасы» деу қисынды. Өйткені түпнұсқа болатындай Ақаңның өз қолжазбасы әзірше табылған жоқ. Ал «Қызылорда – Ташкент нұсқасының» түпнұсқа бола алмайтыны – мәтінінде біршама техникалық қате кездеседі яғни теруде, көшіруде, басуда кеткен объективті факторлар бар. Оны ақылдаса отырып түзету – уақыт талабы.

Бұған үш-төрт мысал келтірсек, қара­па­йым оқырманның өзіне де түсінікті болады.

1) Ақаң түйдектей сөйлеуге мынандай мысал келтіреді: «Бақ – ерікте, ерік – ерлік пен бірлікте, ерік – ұранымыз, бірлік – құранымыз болсын (Шырша)». Осында біз бөлектеген (курсив) екінші «ерік» – «ерлік» болып жазылуы тиіс екені бесенеден белгілі. «1926 жылғы нұсқа­нының» 71-бетін қарасақ, онда да техни­калық қателікпен қайталана «ерік» болып қатталыпты.

2) «Сарындаманың» салт сөзі – ділмар сөзіне Мырзан би тапқырлығы мысалға алынған. Соның астына дерек көзі ретінде «Ыбырайұлы Тұрман жинағынан» деп көрсетілсе («1926 жылғы нұсқа» бойынша 193-бет), бір мысалдан кейін-ақ сол дерек берушінің ныспысы «Шорман» болып кетеді («Ыбырайұлы Шорман жинағынан» 194-бет). Бұл да – техникалық қате.

3) «Тақпаққа» 4-мысал ретінде берілген «құ­растырылып қосылған мақалдарды» қарайық («1926 жылғы нұсқа» бойынша 197-бет):

«Дауыл болмай жауын болмас,

Жауын болмай қауын болмас,

Ит баласы сауын болмас.

Екі дау адағы ауыл болмас,

Ауыл болса да тәуір болмас...».

Осындағы курсивпен жазылған жолдан не түсіндіңіздер? Қазіргі «Әдебиет танытқыш» нұсқа-басылымдарының бірінен-біріне көшіп жүрген «екі дау адақ» жұмбағының шешуі халықтың қаймағы бұзылмаған қара өлеңі мен мақалында тұр («Екі жалқау ауыл болмас, Ауыл болса да тәуір болмас»). Яғни 1926 жылы басылуда техникалық қате кеткен. Енді сондай қателікті қайта жариялай бергеннен май шықпасы анық. Ең бастысы, ол Ақаң өсиетіне – ұлт сауаттылығына қиғаш.

4) «Ғұрып сөзіне» мысал ретінде «Кете Шернияз ақынның Баймағамбет пыра­өбыйтылдың қызы Ақыл Қаныкейдің то­йын бастаған» өлеңі ұсынылған. Осындағы мына үзіндідегі жол кейінгі жинақтарда әрқилы жазылып жүр:

«Құдайым қуат бергей таңдайма,

Әр түрлі өлең келді жағдайыма.

Тойында Байекеңнің сөз сөйлейін,

Бітпесе есек қылы маңдайыма...».

(1926 жылғы нұсқада 201-бет).

Осындағы «есек қылы» не? Ақаңның 1989 жылы қайта басылған жинағында да осындай (251-бет). Ал 2003 жылғы жинағында (304-бет) – «өсек қылы». Ал Шернияз Жарылғасұлы өлеңдері енген мұрада (Алматы: «Нұрлы Press» баспасы, 2014. – 214-бет) – «есек желі». Көрдіңіздер ме, ойланатын-ақ мәтіндік мәселе. Сұрақ туады: бәлкім бұл да «1926 жылғы нұсқада» кеткен техникалық қате ме екен? Шернияз арнауының сатиралық реңкі басым. Сондықтан әлгі «есек қылы», «өсек қылы», «есек желі» болып құбылған тіркестің тұпнұсқасы – «есек жемі»-ау деп ойлаймыз. Себебі, тері ауруының бір түрін – «есекжемі» (орысша «крапивница») деп атайды. Өлеңнің логикасына қарасаңыз, жара екені шамаланады. Қыл бітпейді, жабысады немесе түседі...

Ақыры текстология деп қалдық, онда ең басты мәселені де айтуға пейілдіміз. Бұл – жалпы алаштанушыларға (өзіміз де бармыз), соның ішінде нақты ахметтанушыларға қарата айтылған сын. А.Байтұрсынұлы­ның «ақталғанына» 34 жылдай уақыт өтті, неге осы тұлғамыздың басты кітабының бірі – «Әдебиет танытқышты» әлі толық және ғылыми түсініктерімен жариялай алмай жүрміз. М.Дулатұлының «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы №6 (21) санына қосымша ретінде шығарылған «Қа­зақ тілінде басылған кітаптардың көр­сеткіші. 2-бөлім» атты мұраны шолсақ (Қы­зылорда: Қазақстан мемлекет баспасы), 1926 жылдың қаңтарынан 1927 жылдың маусымына дейін шыққан еңбектер ішінде «Байтұрсынұлы Ақымет. «Әдебиет танытқыш». Қызылорда – Ташкент. 284 бет. Бағасы 1 сом 35 тиын» деген дерек шығады. Енді қолымыздағы «Әдебиет танытқыштың» 1926 жылғы нұсқасының ксеро-көшірмесіне қараймыз. Мұнда (бас-аяғы яки титулдық беті мен мазмұны жоқ) – 282 бет. Тағы сұрақ кескестейді: екі бет – «Сөз бастары» («Мазмұны») ма, жоқ соңындғы бірер беттей материал табылмай тұр ма? Мұны бір деңіз.

Екінші, біз кейінгі нұсқаларда көп нүкте қойылып кеткен жерлерге (мысал арасында) таңғалатынбыз. «1926 жылғы нұсқаны» қарап, сол көп нүктелерді тағы көрдік. Жұлдызшамен («келесі мәтін» деген сөз) бөлгеннің өзінде 4 жолдан 8 жолға дейінгі шумақтарға нүкте қойып кете берген. Барлық жазбасына мұқият Ақаң бұл жердегі мысалдарды ұмытып кетуі мүмкін бе? Біздіңше, мүмкін емес. Баспаның әр қарпі, әр беті қаржыға тірелетін заманда «бұл не деген батпан құйрық?». Сондықтан біз бұл «көп нүктелердің» бәрін «цензорлар жұлып тастаған мәтін» деген тоқтамға келдік. Әлем баспасөзі тарихындағы «ақтаңдақ» деген – осы.

А.Байтұрсынұлының әдебиеттануға қа­тысты кітабында мысал алынған мұралар, авторлар (ақын-жазушылар) шығармалары өте көп.

«Қобыланды батыр», «Шора батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Едіге», «Қамбар» эпостарынан, «Зарқұм», «Сал-сал», «Сейфүл-Мәлік» қиссаларынан, тарихи «Орақ-Мамай», «Абылай», «Кенесары-Наурызбай», «Ер­назар», «Бекет» жырларынан, «Кен­шімбай мен Ақсұлу», «Жанақ пен бала», «Есентай мен Балық», «Жарылқасын мен Айқын» айтыстарынан, Мөңке би, Шортанбай, Мұрат, Ақмолда, Жүсіпбек қожа, Әбубәкір, молда Мұса, Сүгір, Шернияз, Нысанбай, Мәделі, Байтоқ, Досқожа, Бұдабай, Шоқан Уәлихан, Ыбырай Алтынсары, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Сер­әлі­ұлы, Нұржан Наушабайұлы, Сұлтан­махмұт Торайғырұлы, Міржақып Дулат­ұлы, Мағжан Жұмабай, Мұхтар Әуезов, Смағұл Садуақасұлы, Бейімбет Май­лыұлы, Сәкен Сейфуллаұлы, шет жұрттан – Эзоп, Федр, Лафонтен, Крылов, Пуш­кин, Толстой, Ядринцев, Потанин т.б. шығармасынан үзінді, есімдеріне сілтеме үзінді, дәйек беріледі. Осы тізімнен тыс біршама бүркеншік есімдер мен жинақ­тардың құпиясын ашу да – ғылым шарты. Бұл – иен рухани байлық. Тіпті бұл мысалдар – теңіздің тамшысы ғана. Мұра­танушылардың бәрі іздеп жүрген, Ақаң осы еңбегінде сілтемесін көрсетіп қоятын «Нұсқалыққа» (хрестоматия) десте-десте­сімен енгенін шамалауға болады.

«Әдебиет танытқыштың» 1989 жылдан бергі басылымдарында (нұсқаларында) есім-сойы «Ыбырай Алтынсарин» деп көр­сетілген тұлғамыз «1926 жылғы нұс­қада» – Ыбырай Алтынсары (58-бет). Мұны техникалық қате деп ойламаймыз. Ақаң қазақ тілі заңдылығымен Лафон­тенді – «Лабүнтен», Крыловты – «Қы­рилоб» дейді (сол нұсқа, 262-бет). Бірақ сол бетте бір техникалық қате кеткен. Ол – Лафонтеннің туған-қайтқан жылы. «1926 жылғы нұсқада» 1763-1844 деп көрсетілген. Әлбетте, кітап сөресінде Брокгауз бен Ефрон энциклопедиясы тұра­тын Ақаңа француз мысалшысының 1621 жылы туып, 1695 жылы қайтқаны белгілі еді (Немесе: Лафонтеннен кейін бір автордың аты-жөні түсіп қалған, мынау со­ның туған-қайтқан жылы).

Мәтінтануда ұсақ-түйек деген болмайды. Тіпті қайбір таңба-дәйектердің де тарихи, рәміздік орны бар. «1926 жылғы нұсқада» ұғымдарды бөлектеп көрсету, жіктеу белгісі ретінде Ақаңның өзі түзген әліпби реті (бүгінгіден мүлдем басқа), рим цифры пайдаланылған. Өкінішке қа­рай, «Әдебиет танытқыштың» 1989 жылдан басталатын кейінгі нұсқаларында со­ның көбісі дерлік жоқ. Сондай-ақ құрас­тырушылар неге олай жасағанына түсінік те бермеген.

Сонымен Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» – әр буын қайта оралып рухани нәр алатын, ұлт өнерін дәстүрлі таныммен, білікке суарылған пара­сатпен байытатын еңбек. Мұны тек әде­биетші ғана емес, әлеуметтік ғылым­дардың барша саласы өкілдері оқып, зерделей алады.

Махатма Гандиден қалған керемет бір сөз бар: «Егер әлемнің, айналамыздың өзгеруін қаласақ, біз сол өзгерістің өзі болуымыз керек!». Алаш тұлғаларында, соның ішінде А.Байтұрсынұлында да ұлтты серпілтуге жұмылған мұндай ой-пікірлер аз емес. Соның бір парасы «Әдебиет таныт­қышта» тұнып тұр.

«Халық басына қайғылы күндер туған заманда қайрат көрсетпеген азамат – азамат емес» (1989 жылғы нұсқа, 180-бет), «Жағатын опа сияқты тек көрік үшін ға­на керек нәрсе шындықтың жүзін күнгейлейді» (210-бет), «Балалықтан шыққан адамға қайтадан балалық күйге түсуге мүмкін емес болса, анайылық күйден шыққан халықтарға анайылықтан туған нәрсеге ден қойып, иман келтіру мүмкін емес» (228-бет), «Молдалардан шыққан жазу әдебиет дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған» (262-бет), «Күн сайын істеліп жатқан ұсақ істің ұлы іске ұласарлығы да, ұласпастығы да бар» (281-бет), «Бағындырған патшадан басын босатып алу – жұртқа соғыспен бірдей дәрежелі қиын іс» (288-бет) т.б. Үзінділер автор ой астарының кеңдігі мен тереңдігінен хабар береді. Әрбірінен біздің тарихымыз, бұралаң жолымыз көрінеді. Қазақстан ғылымы Ақаң мұрасынан мұндай мәнді сөздер мен пікірлерді мың-мыңдап тауып, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін құнттап байыптаса, тек ұтады.

Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет таныт­қыш» кітабы арқылы мынандай нәтижеге қол жеткізді:

Біріншіден, қоғамның әлеуметтік-мә­дени түсінігін, талғамын жетілдіріп, әдеби үдеріс, рухани мұра халық парасатымен, ішкі мүмкіндігімен, сарқылмайтын қазынасымен өзектесетінін нақты мысалдармен дәлелдеді.

Екіншіден, бай дәстүрі бар, шығыс пен батыс құндылықтарын мейлінше игерген қазақ әдебиетіне ғылым нысанасымен қарады, тұңғыш рет әдіснамалық, теориялық қағидаттарды қалыптастырып, ішкі түзілісі мен мазмұндық-пішіндік ерекшелігіне баға берді.

Үшіншіден, өнертанудың, әдебиет­танудың қызметін айқындап, өнер мен әдебиеттің қоғамдағы мақсат-міндетін, орнын дәйектеді.

Төртіншіден, өнер мен әдебиетке қатыс­ты ана тілімізде жаңа да орайлы пән сөздерін тауып, әлемдік аяда қазақ тілінің ғылым тілі ретінде мүмкіндігіне жол ашты.

Бесіншіден, әдеби үдерісті, жеке тұлғалардың шығармашылығын, рухани мұраның әдебиет тарихындағы рөлін түрлі ғылымдар (тіл білімі, философия, психология, әдебиеттану, жаратылыстану т.б.) ықпалдастығымен зерттеуді бастап, таптаурындыққа бармауды аманаттады.

Алтыншыдан, әлемдік ғылымдағы жү­йе­лілік, сабақтастық, шынайылық қағи­­датын ұстанып, қазақ әдебиеті мен фоль-­
к­ло­­рына тұтас құбылыс ретінде қарай алды.

Жетіншіден, салыстырмалы талдау әді­сіне иек артып, ұлт тағдырының айнасы саналатын өнері мен әдебиетінің асыл арқауын, негізгі ерекшелігі мен сипатын бағамдады.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры,

ҰҒА академигі