Қоғам • 17 Қаңтар, 2022

Жаңа жылдан бастап жалақы өсті

1081 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтер мен әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25%-ға, медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30%-ға өсті.

Жаңа жылдан бастап жалақы өсті

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырманы орындау үшін 2020 жылдан бастап шамамен 600 мың педагогтің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, ал 2021 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру бас­талды. 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есе өседі.

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтердің жала­қысы 25%-ға, медицина қызмет­керлерінің жалақысы орта есеппен 20-30%-ға өсті.

«Сондай-ақ, 2022 жылғы 1 қаң­тардан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 21 мың жұмыскердің лауазымдық айлық ақылары 25%-ға арттырылды. Жалақының өсуі өз қызметін стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, үйде қызмет көрсету ұйымдарында, уақытша болу ұйымдарында және жұмыспен қамту орталықтарында жүзеге асыратын басшылық құрам мен негізгі персоналға (әлеуметтік қызметкерлер, педагогтер, медицина қызметкерлері және т.б.) қатысты болды», делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 50%-ға өсті. Сондай-ақ 2021 жылы әкімшілік және қосалқы персоналдың, ста­ци­о­нар­лық және жартылай стацио­нарлық үлгідегі МӘМ-де, үйде қызмет көрсету және уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысы қолданыстағы қ­о­сымша ақының мөлшерін лауа­зым­дық жалақыдан 30%-дан 40%-ға өзгерту арқылы арттырылды.

Министрлік мәлімдегендей, биылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жала­қысын кезең-кезеңімен арттыру басталған. Нәтижесінде, 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе артады.