Қаржы • 17 Қаңтар, 2022

Ұлттық банктің мәжбүрлі интервенциясы

2003 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2022 жылдың бүкіл ел үшін тосын қиындықпен басталуы қарапайым халыққа оңай тиген жоқ. Өз кезегінде жағымсыз ахуал экономикаға да жанама соққы беріп өтті. Осы орайда Ұлттық банк басшылығы биыл болуы мүмкін жаңалықтарға шолу жасай отырып, алдағы 11 айдан күтері туралы мәлімдейді. 

Ұлттық банктің мәжбүрлі интервенциясы

Сарапшының айтуынша, 2021 жылы үмітке толы жыл бол­ды. Қаржы нарығының ма­ман­­дары жағдай жақсы қыры­на қарай аунап түсер деген оп­ти­мизм­нен арылған жоқ. Алай­да бұл үмітіміз ақталмады.

– Монетарлық және фискал­дық қолдаудың теңдессіз шаралары әлемдік экономика өсуінің және қаржы нарықтарының серпінін жақсартудың негізгі қозғаушы күштеріне айналды. Сонымен бірге бұл шаралар бүкіл әлемде тұрақты және жо­ғары инфляцияның факторларына айналды. Коронавирус жаңа штамдарының пайда болуы, сондай-ақ вакциналаудың баяу қарқыны мәжбүрлі түрде қайталанған локдаундарға және жаһандық жеткізілім тізбегінің бұзылуына әкеп соқты, бұл да әлемдік бағаның өсуіне әке­ліп, 2021 жылы дамушы ел­дер ак­тив­терінің серпініне теріс әсер етті. Дамушы елдер ак­ция­­­­ларының индексі (MSCI EM) да­мыған елдер нарығынан бір­­шама артта қала отырып, бір жыл­да 4,6 пайызға төмендеді, – дей­ді Ұлттық банк төрағасының орын­басары Әлия Молдабекова.

Биыл қаңтардағы алмағайып сәтте теңге курсына үлкен қы­сым төну қаупі туды. Ұлт­тық банк сол қауіптің алдын алу мақ­сатында 12 және 13 қаң­­тар күндері 240 млн доллар­ға валю­талық интервенция жүргізген.

– Шынында да, валюталар бойынша бір аптаға жуық сауда-саттықтың болмауын ескере отырып, бизнес тарапынан, сол сияқты халық тарапынан шетел валютасына жинақталған сұраныс пайда болды. Жағдай теңге бағамының бұдан былайғы қоз­ғалысы бойынша орын ал­ған оқиғалар мен белгісіздік аясында валюта сатушылар санының өте шектеулі болуымен күрделене түсті. Қаржылық тұрақтылық тәуекелдеріне және тұрақсыздандыратын ауытқу­ларға жол бермеу мақсатында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізді. Жыл басынан бастап 13 қаңтар аралығында шетел валютасына сұраныстың артуы аясында теңге бағамы 433,67 теңгеге дейін 0,5 пайыз­ға әлсіреді. Қазір валюта нары­ғындағы жағдай тынышталды, қаржы нарығының жұмыс істеуі толығымен қалпына келтіріл­ді, операциялар штаттық ре­жім­де жүргізілуде, – дейді Ә.Молдабекова.

Сарапшының айтуынша, 2021 жылдың желтоқсанының жекелеген күндерінде валюта нарығындағы ахуал жоғары сұраныспен және өте шектеулі ұсы­ныспен сипатталды. Әсі­ресе, 2 және 3 желтоқсанда бей­ре­зиденттер тарапынан айтар­лықтай сұраныс аясында валю­та нарығындағы ахуалды тұрақ­тандыру үшін және тең­гені тұрақсыздандыратын ауытқу­ларды болдырмау мақсатында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізді. Оған 252 млн доллар жұмсалды.

– Екінші жағынан, желтоқ­санда Ұлттық қор қаражатын бюджетке трансферттер бөлу және квазимемлекеттік сектор тарапынан шетел валютасын сату үшін конвертациялау операциялары теңгеге қолдау көрсетті. Экспорттаушылардың желтоқсандағы салық аптасы ішінде сатуы да шетел валютасын ұсынуды қолдады. Айдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 431,80 теңгеге дейін немесе 0,6 пайызға қалыпты түрде нығайды. Жалпы, 2021 жылы теңге бағамы мұнай бағасының өсуіне қарамастан, 2,6 пайызға әлсіреді, – деді Ә.Молдабекова.

Оның айтуынша, шетел валютасына сұраныстың негізгі өсу себептері төмендегідей:

Кейінге қалдырылған сұра­ныс пен экономикалық белсен­ділікті қалпына келтіру аясын­да импорттың өсуі. Біз бұл жағы­нан өкінішке қарай «көш басын­дағы» елдер санатындамыз. Өзімізде өндірістің жоқ­тығы, болған күнде де тым тар ауқымда дамуы – сырттан ке­летін тауарға деген тәуелділікті арттырып тұр.

Ақша базасының кеңеюі тұтыну­шы­лық кредиттеу ар­қылы ақша массасын көбей­теді, нәтиже­сінде тұтыну тауар­лары им­портының өсуіне алып келеді.

Бір реттік төлемді пайдалану. «Президенттің зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу жөніндегі бастамасын іске асыру көптеген азаматқа тұр­ғын үй жағдайларын жақсар­туға және бұрын алынған ипо­те­калық кредиттерді өтеуге мүм­­кіндік берді. Бірақ бұл қара­жатты түпкілікті алушылар, яғни құрылыс компаниялары мен жылжымайтын мүлікті сат­­қан жеке тұлғалар алған қа­ра­жатының орта есеппен 40-50 пайызын (2,5-3 млрд доллар) импорт пен шетел валютасына бағыттағанын атап өткен жөн. Құрылыс компаниялары тарапынан бұл – құрылыс материалдары мен жабдықтарының импорты, ал жеке тұлғалар тарапынан бұл – тұтыну импорты мен шетел валютасын сатып алу», дейді Ә.Молдабекова.

Тағы бір себеп – доллармен салым көлемінің артуы. 2021 жыл­ғы 11 айда шетел валюта­сын­дағы салымдардың нақты өсуі 1,1 трлн теңгені немесе 2,6 млрд долларды құрады. Да­мы­ған елдерде монетарлық сая­сат­­­ты күшейтудің басталуы, дол­­лар­дың нығаюы және дамушы на­­рық­тардан капиталдың әкеті­луі де теңгеге қысым көрсеткен.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, егер 2022 жылы мұнай бағасы барреліне орташа 70 доллар болған жағдайда, Қазақстан экономикасы 3,9-4,2 пайызға өседі.