Қазақстан • 18 Қаңтар, 2022

Қазақстанда не болды?

2021 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасында 2 қаңтарда басталған зорлық-зомбылықтың өршуі басты тақырыптарға айналып, мемлекетке қатысты қызығушылықтың артуына себеп болды. Орталық Азия мемлекетінің үкіметі жылдар бойы елді Еуропаға жақындатуға бағытталған мақтауға тұрарлық күш-жігеріне қарамастан, Испанияда әлі де танымал емес.

Қазақстанда не болды?

Әйтсе де, жақсы жаңалықтан гөрі БАҚ өз назарын әрқашанда жағымсыз жаңалықтарға көбірек аударады. Соңғы екі аптада қазақтардың бейбіт өмірін дүр сілкіндірген қанды оқиғалардан кейін ғана испандықтар 1991 жылы тәуелсіздігін алған, ХІХ ғасырда патша империясының құрамына кірген, одан кейін бұрынғы КСРО-ның құрамында болған мұнай мен газға, алтын, алюминий, уран, хром, молибден, никель, кобальт және басқа да табиғи ресурстарға бай ұлан-ғайыр елге назар аударды.

Күткендей, Қазақстандағы қайғылы оқиғалардың себеп-салдарын түсіндіруге бағытталған талдаулар көбейіп кетті. Олардың қатарында бұрынғы Испания Сыртқы істер министрінің «қауесеттерге ергенше үндемеген дұрыс» деген сөзді қайта жандандырған кең ауқымды түсініктемесі бар.

Мен Еуропарламенттің вице-президенті болған он бес жыл ішінде Қазақстанға екі рет келдім. Содан бері соңғы отыз жыл ішінде материалдық, мәдени, әлеуметтік және саяси жетістіктері бар халықпен тығыз қарым-қатынаста болдым. Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі он төрт есеге өскенін айтсақ та жеткілікті. Елге 370 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Барлық деңгейде білім беруде айтарлықтай жетістіктерге жетті және Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде жиыр­ма бесінші орынға ие болды. Оның ең көп қоныстанған қаласы  Алматы –қарқынды қаржылық және коммерциялық орталық. Ал жаңа елордасы Нұр-Сұлтан – модернизацияның елеулі күш-жігері, жақсы талғам, шекті сән-салтанат пен эстетикалық тепе-теңдік арқылы құрылған сәулет пен ландшафттық ғажайып мекен. Мен Астана университетінде оқыған лекциямды қуанышпен еске аламын, онда менің баяндамамнан кейінгі кең әрі қызу пікірталасқа қатысқан жүздеген студенттің байыпты дайындықтары мен ағылшын тілін тамаша білгені мені таңғалдырды. Осындай деңгей біздің мемлекеттік жоғары оқу орындарында болғанын қалаймын.

Қазақстанның тағы бір назар ауда­рарлық ерекшелігі – әртүрлі діни конфес­сиялардың толық еркіндігі. Кез келген адам бір көшеде православ шіркеуі, като­ликтік шіркеу, синагоганың немесе мешіттің алдында серуендеп, ашық және толерантты үлгілі өмір сүреді. Дүниежүзінің көптеген басқа елінде бұрын-соңды болмаған жайт – діндар­лар құрмет пен келісімде өмір сүреді. Бұл жағымды қасиет институттық, әлеу­мет­тік және саяси деңгейде Үкімет пен Пре­зидент тарапынан мұқият насихатталды.

Қазақстанда жүзден астам адам қаза тапқан, мыңнан астам адам жарақат алған, әкімшілік ғимараттар қираған, әуежайлар басып алынған, шабуылдар жасалған әлеуметтік құрылымдағы елеулі өзгерістерді сипаттау қауіпсіздік күштері мен армияға қатысты ерекше қатыгездік, тонау мен бұзақылық кезінде мыңдаған адамдар қамауға алынған және бірнеше миллиард еуро шығын әкелген оқиға жанармай бағасының негізсіз өсуінен туындаған азаматтардың стихиялық наразылығы ретінде басталды деудің шындыққа ешқандай қатысы жоқ.

Елдің батыс өңірлерінде сұйытылған табиғи газдың қымбаттауына арналған шерулер бейбіт өтті. Үкімет мұның күшін жою үшін дереу әрекет етті, бірақ таратылды. Бұл жағдайды көлеңкеде дайындалған, нағыз төңкеріс жасау мүмкіндігін күтіп отырған диверсиялық топтар пайдаланды. Оқиғаны Алматыдағы Қасиетті Троица епархиясының епископы, отандасымыз Хосе Луис Мумбиела өз резиденциясының терезесінен көріп, орын алған жайтқа баға беру барысында оларды наразылық емес, қарулы шабуыл ретінде сипаттады. Оқиғаға кімнің жа­уапты екені әлі белгісіз болса да, барлау қызметінің басшысы мен басқа да жоғары лауазымды шенеуніктердің қамауға алынғаны және тиісті тергеулер жақын арада бұл вакханалияның жай-жапсарын ашады.

Қалай болғанда да, ішкі құбылыс және институттық құрылымның құлдыра­мағанын және Президент Қ.Тоқаев пен биліктің дер кезінде, салмақты және батыл реакциясы арқасында қазақстандық қоғамға тыныштық пен бейбіт өмірдің қайтарылғанын көру қуантады. Ұйымның миссияларының бірі  бейбітшілікті сақтау және терроризммен күресуге сүйеніп, ҰҚШҰ мүшелерінен, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан және Тәжікстаннан көмек сұрауы елдегі он бір облыстың басты қалалары бейберекетсіздікке ұшыраған кезде өте орынды болды. Көршілердің көмегінсіз мұндай ереуіл бүкіл аймақты тұрақсыздандырып, Қа­зақ­станды одан әрі ойранға ұшыратып, азаматтық соғысқа бастар еді. Ресей өзінің гегемониясын көрсету үшін Қазақ­станда қалуға құлшынысы бар деген пікір негізсіз. Іс жүзінде ҰҚШҰ контин­гентін шығару көп ұзамай басталып, тез аяқталады.

Орталық Азиядағы сыртқы сауданың 50 пайызы және инвестицияның 48 пайызы ЕО-дан келеді. Қазақстанмен жақында ғана жетілдірілген кеңейтілген Әріптестік және ынтымақтастық жөніндегі келісім жасалды. Еуропалық одақ әзірге Қазақстан үкіметімен жүзеге асырылып жатқан экономикалық, әлеуметтік және құқықтық реформалардың ауқымды бағдарламасында, әсіресе демократияның сапасын арттыру және адам құқықтары саласында белсенді ынтымақтасуы керек. Егер еуропалықтардың Азиядағы шынайы, болашағы зор және өзекті серіктесі болса, ол – Қазақстан. Осыны ұмытпай, Қазақстан бізге қандай сүйіспеншілікпен, ілтипатпен, құрметпен қарағандай, біз де оған солай қарайық.

 

Алехо ВИДАЛ-КУАДРАС,

Еуропарламенттің бұрынғы вице-президенті (2004-2007 жж), Каталония Халық партиясының бұрынғы төрағасы (1991-1996 жж)