Құқық қорғау органдары Ақтөбедегі 4-7 қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты 11 қылмыстық іс қозғады. Полиция департаменті таратқан ақпаратта Ақтөбе облысында «Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру, билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық көрсету, наразылыққа қатысқан 2 мың адамның ғимараттар мен терроризм актілеріне шабуыл жасау фактілері» бар деп жазылған. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 14 құқық қорғау органдарының қызметкері әртүрлі деңгейде жарақат алды. Митингке шыққан тұрғындардың арасында зардап шеккендер туралы толық ақпарат жоқ. Тергеу енді басталғандықтан, қанша адамның ұсталып, олардың қандай қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандары туралы да ақпарат ала алмай отырмыз. Айта кетерлігі, Ақтөбе облысындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде, соның ішінде әкімшілік ғимаратын басып алуға әрекеттенген бұзақылар мен полиция жасағының қақтығысында қантөгіске жол берілген жоқ.
4 қаңтарда Әбілқайыр хан ескерткіші тұрған алаңда газ бағасының көтерілуі мен қымбатшылыққа байланысты митинг бейбіт түрде басталды. Оған қаладағы өндірістік мекемелердің қызметкерлері, Дөң кен байыту комбинатының кеншілері, Хром қосындылары зауыты мен Жаңажол мен Кеңқияқтағы мұнай кеніштерінде жұмыс істейтін мұнайшылар қосылды. 5 қаңтарда түс ауа жиналғандар арасында бұзақылар қатары көбейді. Жағдай бақылаудан шығып бара жатты. Оларға әкімшілікті басып алуға әрекеттенген арандатушылар қосылды. Алаңда тәртіпке шақырушылардың сөздерін тыңдамаған жұрттың қарасы көбейе түсті. Сол күні бірнеше рет әкімшілік ғимаратына басып кіру әрекеті жасалып, полиция жасағы мен жергілікті спортшылар шама келгенше тойтарыс берді. Қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні наразы топ полицей жасақтарының қарсылығына қарамастан бұзып-жарып ғимаратқа басып кірді. Бір қуантарлығы, сол күндері қалада одан басқа тонау не мародерлік оқиғалар тіркелген жоқ.
Әкімдік ғимаратының есік-терезелері сындырылып, кабинеттердегі оргтехника талауға түскен. Алып кете алмаған компьютерлік техникалар сындырылған, ноутбуктар, қызметкерлердің жеке заттары қолды болған. Тонаушылар әкімшілік ғимаратына 300 млн теңге шамасында зиян келтірген. Бұл жөнінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин өткізген брифингте мәлім болды.
Қаңтардың 5-і күні бүлікшілер «Ақтөбе-Хромтау» тасжолын бөгеп, көліктердің өтуін тоқтатқан. Соның кесірінен қақаған аяз күндері бірнеше сағатқа созылған көлік кептелісі пайда болды. Қаладағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайды басып алуға әрекеттенгендер де болды. Бұл кезде бүлікшілердің тағы бір тобы темір жолды бөгеп, Темір ауданы Кеңқияқ елді мекені жанындағы мұнай құбырын жауып, одан газ құбырын жабуға әрекеттенген. Қаңтардың қақаған қысында облыс орталығына баратын газ құбырын жабу ақылға сыймайтын іс-әрекет.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин: «Қан төгілсе, мыңдаған адам қырылса, не болар еді? Мен осыдан қорықтым. Жағдайды ушықтырып алмауға әрекеттендік. Қолымыздан келгенше алаңдағыларды тәртіпке шақырып, басу айттық. Қарамағымдағы қызметкерлерге жұрттың алдына шығып, реті келсе тарқасын деп тапсырма бердім. Алаңға жиналғандардың ішінде шын ниеттерімен өзгерісті қалайтындар да, арандатушылар да, жат діни ағым өкілдері де болды. Бестамақтағы шошқабаздың мәселесін көтеріп жүргендер де ушыққан жағдайды өз мақсаттарына пайдаланғысы келді. Қала әкімі Асхат Шахаров пен басқа да азаматтар жиналғандарға басу айтқанымен, тыңдайтын адам болды ма? Рас, кей азаматтар дұрыс талаптарын қойғанымен, басым көпшілігінің талабы келісімге келмейтін нәрселер еді. Олар еліміздің конституциялық құрылымына қарсы, мемлекет саясатына қарсы ұрандарды көтерді. Бұл жиынның арты жақсылыққа апармайтынын сезінсек те, қалай болғанда да қантөгіске апармауды ойладық. Жұрттың шері тарқап, буы шыққан соң тәртіпке саламыз деп шештік», деді.
Облыстық ғимаратты бүлікшілерден тазарту операциясы қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні, таңғы сағат 5-те өтті. Әскери операция кезінде қанша адам жараланды, қаншасы оққа ұшты, бұл жөнінде әзірше құқық қорғау органдары ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Қаңтардағы бүлік қымбатшылық пен газ бағасының көтерілуіне қарсы аяқ астынан басталған наразылық па, әлде жоспарланған әрекет пе деген мәселенің басы ашық тұр. Өңір басшысының хабарлауынша, бұл алдын ала мұқият жоспарланған операция. Сол күндері алаңдағы ашулы топтың ортасына «КамАЗ» көлігімен тас әкеліп төгілген. Ғимаратты қорғауға жіберілген Ұлттық ұлан жасағына қарсы ұмтылғандардың қолдарында жарылғыш сұйықтық толтырылған құтылар, арматура болды. Қазір жарылғыш құтыларды әзірлеген, алаңға тас төккен жүк көлігінің жүргізушісі ұсталды. Сол сияқты әкімшілік ғимаратына ұмтылған топты бөгемек болған полиция қызметкерін көлігімен түйіп өткен ақтөбелік те ұсталды. Осы полиция қызметкеріне ауруханада ота жасалды, жағдайы орташа ауыр.
5 қаңтар күні түс мезгілінде қаладағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға бір топ адам келіп, барлық қызметкерді ғимараттан шығарып, аэронавигацияны өшіруді талап еткен. Осы күні әуежай бірде-бір ұшақты қабылдамады.
Әлемде мұнай құбырын жабу, автокөлік жолдары мен темір жолды бөгеу, жергілікті билік ғимаратын басып алу, әуежайдың жұмысын тоқтату террорлық шабуыл ретінде қабылданады. Бір қызығы, әуежайды басып алғандар ертеңіне өздері тастап кеткен. Қазір олардың бірсыпырасы ұсталса да, негізгі ұйымдастырушылары қолға түскен жоқ. Әуежайды басып алуға қатысты қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдары қызметкерлері әуежай бастығы мен күдіктілерді беттестіріп, жауап алу үстінде. Сондай-ақ темір жол желілерін бүлікшілер бөгегенде, Ақтөбе темір жол вокзалында қаңтардың 5-6 күндері 700 жолаушы тұрып қалған. Пойыздар қозғалысы тоқтағанда, вокзалда қалған жас балалары бар әйелдер уақытша түнейтін орындарға орналастырылып, оларға ыстық ас таратылды.
Қазір Ақтөбе қаласы мен төңіректегі елді мекендерде автобустар жүріп жатыр. Митингте еңбекақыларын көтеруді талап еткен өндірістік мекемелер мен жолаушылар тасымалы мекемесінің қызметкерлерінің талаптары орындалды. Әр мекеме еңбеккерлер жалақысын 25-50%-ға көтерді. Сондай-ақ қалада сұйытылған газ бағасы арзандады. Қазір газ құю бекеттерінде осы отынның әр литрі 50 теңгеден, ал аудан орталықтарында 55 теңгеден сатылып жатыр. Монополияға қарсы агенттік қызметкерлері сұйытылған газдың алыпсатарларына қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Ақтөбе облысында сұйытылған газды «Қазақ Ойл-Ақтөбе» және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қарасты Жаңажол газ өңдеуші зауыттары шығарады. Қазір екі зауыттан шығарылатын сұйытылған газды бірнеше есе көтерме бағамен сататын делдалдарға қатысты тергеу жұмыстары басталды. Қылмыстық істің қанша заңды тұлғаға қатысты қозғалғаны туралы да айтылмай отыр. Жақын арада облыстық прокуратура осы мәселе бойынша түсінік береді деп күтіп отырмыз.
Осылайша қымбатшылық пен сұйытылған газ бағасына қарсы наразылық пен еңбекақыны көтеру жөніндегі жұртшылықтың талабы өңірдегі көптеген заңсыздықтардың бетін ашып көрсетті.
Ақтөбе облысы