Жуырда Польша астанасы Варшавада шахматтан әлем чемпионаты аяқталғаны белгілі. Әлемдік жарыстарда шашасына шаң жұқтырмауға тырысатын біздің Бибісара бұл жолы да жүрісінен жаңылған жоқ. Ол блиц бәсекесінде қарсыластарын қапыда қалдырып, әлемдік шахмат тарихында әйелдер арасында чемпион атанған ең жас шахматшы деп танылды.
Атап өтерлігі, жерлесіміз бұл бәсекеде ешкімге дес бермей, жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда чемпион атанды. Бұл отандық спорт тарихындағы ерекше оқиға. Блиц жарысында екінші орын ресейлік Александра Костенюкке бұйырды. Ол бұған дейін рапид бәсекесінде топ жарған болатын. Тағы бір ресейлік спортшы Валентина Гунина үшінші орынды қанағат тұтты.
Жалпы, Бибісара бұған дейін 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі қыздар арасында классикалық шахматтан әлем чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ оның 7 және 9 жасқа дейінгі оқушылар арасындағы әлем чемпионы деген атақтары бар.
Варшавадағы бәсекеде Бибісара алтынмен ғана шектелмей, рапид бәсекесінде күміс жүлдені қанағат тұтты. 17 жасар спортшы шешуші сында грузиялық гроссмейстер Нана Дзагнидзені қапыда қалдырды. Сондай-ақ жерлесіміз Әсел Серікбайды ұтты. Дәл осы сында топ жарған ресейлік Александра Костенюкпен тең ойнады.
2021 жыл Бибісара үшін жемісті болды. Ол әлем чемпионатындағы жетістіктерінен бөлек, онлайн форматта ұйымдастырылған Азия біріншілігінде жеңіске жетті. Отандасымыз ұлттық құрамамен бірге әлемдегі үздік 8 команданың қатарына қосылды.
– Чемпионат өте тартысты өрілді. Ересектер арасындағы әлем чемпионатында алтын және күміс жүлдеге қол жеткізгенім үшін қуаныштымын. Ойналған партияның бәрі оңайға түсті деп айта алмаймын. Оның үстіне ересектер арасындағы жарыс болғандықтан қарсыластардың деңгейі өте жоғары. Осы орайда жаттықтырушым Сергей Долматовқа алғысымды білдіремін. Оның жетекшілігімен додаға тынғылықты дайындалдық. Ересектер арасында әлем чемпионы болу арманым еді. Сол арманым орындалды, – дейді Бибісара Асаубаева.
Еске сала кетейік, шахматтың рапид және блиц түрлерінен өтетін әлем чемпионаты жанкүйер қауымның ерекше тағатсыздана күтетін додаларының бірі. Биыл бұл жарысқа 50 мемлекеттен 200-ден астам спортшы қатысты. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құрады.
Жас күнінен жұртшылық назарында жүрген Бибісара Асаубаева әйелдер арасындағы гроссмейстер (2019) екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар ол ерлер арасындағы халықаралық спорт шебері атанған (2020). Ол 2004 жылы 26 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген.