Күрес • 18 Қаңтар, 2022

Жаңа бапкерлерге үміт артамыз

354 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы кездері Қазақ­стан­­ның балуандары бай­рақты бәсекелерде сүреңсіз өнер көрсетіп жүргені жасырын емес. Мәселен, күрестің үш түрі бойынша елімізден Олимпиада чемпионы шық­пағанына табаны күректей 26 жыл болды. Соңғы рет сонау 1996 жылы Атлантада Юрий Мель­ниченко атой салған еді. Ал 1999 жылы Афинада өткен әлем чемпио­натында Мхитар Манукян қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Содан бері бақандай 23 жыл өтсе де әлі бірде-бір жерлесіміз төрткүл дүниенің теңдессізі деген атаққа қол жеткізе алар емес.

Жаңа бапкерлерге үміт артамыз

Расында да, соңғы жылдары отандық балуандарымыздың өз жанкүйерлерін қуантқан кездері сирек. Мәселен, былтыр екі бір­дей аса ірі халықаралық жарыс­ты тапжылмай тамашаладық. Алғаш­қысы – шілденің соңы мен тамыздың басында Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындары. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға республикамыздың ең үздік балуандары аттанғанымен, барлығы да тегістей ұтылды. Бұйыр­ғаны бір ғана қола медаль. Бұл жүлдені 57 кило салмақ дәрежесінде белдескен еркін күрес шебері Нұрислам Санаев иеленді. Десек те сол спортшының өзі Қазақстанның тумасы емес.

Осыдан жеті жыл бұрын Артас Санаа Ресейдің Тыва авто­номиялық республикасынан біздің елге қоныс аударды. Көп ұзамай есімін Нұрислам Санаев деп өзгертіп, ислам дінін қабылдады. Уақыт оза үлкен ареналарда ауыз толтырып айтарлықтай та­бысқа қол жеткізіп, еліміздің спорт­тық даңқының артуына сүбелі үлес қосты. Сол үшін де оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ тывалық балуаннан қазақ жігіттерінің қай жері кем? Осы күнге дейін олар неге Нұрисламның деңгейіне жете алмай жүр? Осы сауал жергілікті мамандарды қатты ойландыруға тиіс.

Арада екі ай уақыт өткен соң Норвегияның астанасы – Ослода әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл жолы небәрі екі жүлде еншіледік. Әйелдер күресі шеберлері арасында 72 кило салмақта бақ сынаған Жәмила Бақбергенова күміс алса, грек-рим күресінен өткен жарыста 67 кило салмақта күш сынасқан Алмат Кебісбаев қола медальды мойнына ілді. Балуандық өнерде бай дәстүрі бар Қазақстан секілді қабырғалы мемлекеттің аталған додада екі жүлде ғана иеленуі жанкүйерлерді қанағат­тандырмағаны анық. Жоғарыда аталған екі жарыс­та да біз өзге­лерді айтпағанда, Қырғызстан құрамасынан да қалып қойдық. Жа­сыратын несі бар, оларда дәл біздегідей жағдай жоқ. Спорттық нысандар мен кешендер кемшін, қаржыландыру жағы да мәз емес. Соған қарамастан, айыр қалпақты ағайындарымыз Олим­пиадада 2 күміс пен 1 қола алса, әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжалап, айды аспанға бір-ақ шығарды. Дәл сол тұста ел газеті – «Егемен Қа­зақстанда» «Қырғыздарға қы­зы­ға қарайтын болдық», деген ма­қала жарық көрген еді.

Жуырда даңқты балуан Дәу­лет Тұрлыханов Қазақ­стан Рес­­публикасы Күрес федера­циясының тізгінін ұстады. Бұл есім қалың оқырманға жақсы таныс. Өткен ғасырдың сексенінші және тоқ­саныншы жылдары Алаштың мақтан тұтар азаматы төрткүл дүниенің теңдессіз балуандары санатына қосылды. Ол Сеул Олим­пиадасының күміс, Бар­селона Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем, Еуропа, Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы атанып, басқа да аса ірі халықаралық жарыс­тарда жасындай жарқылдады. Бозкілеммен қош айтысқаннан кейін де қандасымыз спорт саласынан алыстаған жоқ. Бұл күндері Тұрлыханов Азия Күрес федерациясының президенті және UWW бюро мүшесі қызметін атқаруда.

Елімізде күрес өнерінің тұралап қалғаны қазақтың даңқты балуанын қынжылтса керек, Дәулет Болатұлы қызметке кіріскен бетте, ең әуелі, жасөспірімдер мен жас­тар және ересектер құрама командаларының бапкерлерін тегістей ауыстырды. Енді аса ірі халықаралық додаларға қазақ­стандық балуандарды мына мамандар даярлайды: Грек-рим күресі: Ұлттық құраманың бас бапкері – Серік Жұмашев, ке­ңесші-бапкер – Юрий Мель­ниченко, аға жаттықтырушы – Григорий Комышенко. Жас­тар құрамасының (U-23) аға жатт­ықтырушысы – Жаңабай Оспанов, жаттықтырушы – Да­­нияр Тұр­лыханов. Жас­тар құрамасының аға жаттық­тырушысы – Нұ­рым Дүйсенов. Жас­өс­пірім­дер құ­рамасының аға жаттық­тыру­шысы – Алмат Кебісбаев. Еркін күрес: Ұлттық құраманың бас бап­кері – Мадияр Құрамысов, аға жаттықтырушы – Самат Жақы­пов. Жастар құра­масының (U-23) аға жаттық­тырушысы – Руслан Өмірәлиев. Жастар құ­ра­­масының аға жаттық­тыру­шысы – Аслан Байғұлов. Жас­өспі­­рімдер құрамасының аға жат­тық­тыру­шысы – Дәулет Нияз­­­беков. Әйелдер күресі: Ұлт­­тық құра­маның бас бапкері – Серік Алшынбаев, кеңесші-бапкер – Гузаль Манюрова, аға жат­тық­­тырушы – Владислав Сутор­­мин. Жаттықтырушы – Қай­­рат Сағадиев. Жастар құра­масының (U-23) аға жаттық­ты­рушысы – Александр Колы­ванов. Жастар құрамасының аға жат­тықтырушысы – Әділет Ерма­ков. Жасөспірімдер құра­масының аға жаттықтырушысы – Арман Садыбеков.

Байыптап қарасаңыздар, ұлттық командаларымыздың бас бапкері болып тағайындалған мамандардың үшеуі де алғаш рет осындай жауапты қызметтің тізгінін ұстады. Бірақ соған қарап «олардың тәжірибелері аз» деген ой туындамауы керек. Серік Алшынбаев, Серік Жұмашев, Мадияр Құрамысовтың қай-қайсын алсаңыз да тек балуан ретінде ғана емес, маман ретінде де өздерін әлдеқашан мойындатқан. Олар бірер жыл бойы жасөспірімдер мен жастар құрамасын жаттықтырып, үлкен тәжірибе мектебінен өтті. Көптеген мықты шәкірт тәрбиеледі. Сондықтан да осы бапкерлерге сенім артайық. Қазақ елі балуандары алдағы жауапты жарыстарда өз жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантады деп үміттенеміз.