14 Наурыз, 2014

Күн күрт жылынса, көп өңірді су басуы мүмкін

329 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

14-03-14-navodnenie-1

Еліміздің құтқару қызметі көктемгі тасқын алдындағы дайындықтарын күшейтіп жатыр. Бұған дейін бірнеше өңірде күн күрт жылынса, судың деңгейін көтеріліп, тұрғын үйлерді басып қалуы мүмкін деген болжам жасалған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. Қазіргі күндері, әсіресе Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында қардың жылдағы мөлшерден артық жиылып тұрғаны қатты қауіп төндіріп отыр. Енді қар ерігеннен кейін аймақтардағы ондаған елді мекенді тасқын судың қасып қалуы әбден ықтимал. Осыған орай бұл күндері Ақтөбеде комуналдық мекемелер күні-түні жұмыс істеуде. Соңғы 3 апта ішінде қала сыртына 200 мың тонна қар шығарылған. Мұншалықты қар бұл өңірде бұрын-соңды болмаған. Тіпті полигонға қардың сыймағаны сонша, қазір тағы бір осындай орын ашылған. «Қазводхоз» мекемесі өкілдерінің айтуынша, су қоймаларындағы ылғалдың деңгейін күнде өлшеп отыр. Аймақтағы екі аудан, атап айтқанда, Ырғыз бен Ойылды су басып қалу қаупі бар. Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша 59 әлеуметтік нысан мықты бақылауға алынады. Себебі, күн бірден жылынса, бұлар да топанның астында қалып қояды. Әзірге коммуналдық мекемелер синоптиктердің болжамына қарап тірлік жасап жатыр. Ал ауа райы болжамы күннің жуық арада күн күрт жылынбайтынын айтады. Жайықтың ернеуінен асып кетпеуін ойлаған Батыс Қазақстан облысының құтқару қызметі тасқынға дайындықтарын екі ай бұрын бастап кетті. Сондай-ақ, өзенге кеп құятын сағалар мен шағын көлдер де үнемі бақылауда. Өйткені, үш жыл бұрыңғы апат осы аса үлкен қауіп тудырмаған аймақтардан келген. Сол кезде 38 елдімекенді су басып, талай адам баспанасыз қалған болатын. Биылғы күзде жаңбыр да жылдағыдан көп жауды. Соның әсерінен топырақ әбден жіпсіп, оған енді еріген қар араласса арты тасқынға ұласу қаупі төніп тұр. Құтқарушылардың ерте қимылдауына түрті болған себептердің бірі осы. Қазір батысқазақстандық шенеуніктер апаттың алдын алу шараларына 152 млн теңге алды. Қауіпті аймақтардың бәрінде жанар-жағармай, құм мен шағыл тастардың қажетті қоры жиналып жатыр. Арнайы жасақталған топтар енді алдағы бір аптаның ішінде бәріне сақадай-сай отырмақ. Оңтүстік Қазақстан облысында да тасқынға қарсы күреске дайындық жүруде. Аудандарда арықтардың жағасы түгел бекітілді. Министрдің өзі Сырдарияның жиегін әуеден бірнеше мәрте шолып шықты. Селдің кесірінен кептеліс болып, су арнасынан асып кетпес үшін, қазір өзендердегі мұздар да жарылып жатыр. Мәселен, таяуда Арыс ауданында бірнеше жылқы суға батып кеткен еді. Осыдан кейін жергілікті әкімдіктер қатаң ескерту алып, сақтық шараларын жасауға кірісіп кетті. Мұрат Айтқожа. Дерекөз: КТК арнасы. Фото: Диапазон.