Экономика • 18 Қаңтар, 2022

Банктер несие беру тәртібін өзгертеді

1919 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Несиелеу нарығын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Банктердің шектен тыс «мейірбандығы» сап тыйылып, енді менеджерлер жеке тұлғаның табысын екі шоқып, бір қарап, талапқа сай келеді деген клиентке ғана несие береді. Сөйтіп қара халықтың несие жүктемесін азайтады. Сондай-ақ жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қабылданады. Президент тапсырмасынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие беру тәртібін өзгертті.

Банктер несие беру тәртібін өзгертеді

«Қаржы жүйесінің тұрақты­лы­ғы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені бел­гі­лі. Экономика өсіп, ха­лық­тың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несие­ле­рі айтарлықтай артты. Оның мөл­ше­рі бизнесті несиелеу көле­мі­нен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы на­ры­ғын құбылтып, әлеуметтік тұ­рақ­сыздық қаупін тудыруы мүм­кін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қа­рыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­ті­гіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері ар­қылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мемлекет бас­шысының тұтынушылық кре­дит­теуді реттеу бойынша нақ­ты әрі шұғыл шаралар қабыл­дау жөніндегі тапсырмасын іске асы­ру үшін келесідей шараларды жүзеге асырмақ.

Біріншіден, банктердің мен­ші­кті капиталының жеткілік­ті­лігін пруденциялық реттеу шең­берінде жеке тұлғалардың тұты­ну­­шылық кредиттері бойынша тәуекел-саралауды ұлғайту жолымен шаралар қабылданады. Борыш жүктемесі коэффициентін есептеу қатаңдатылады. Есептен қарыз алушыда тұрақты кірістің болуын дәйекті түрде растай ал­май­тын кірісті айқындау өл­шем­­­­­шарттары алып тастала­ды. Тәуе­­келге бағдарланған қада­ға­лау шең­­берінде банктерге және микроқаржы ұйымдарына қатысты тәуекелі жоғары тұтыну­шы­лық кредиттер бойынша қо­сымша шектеулер енгізу де қарас­тырылады. Нәтижесінде, банк­тердің төлем жасау қабілеті жет­кі­ліксіз қарыз алушыларға кредиттер беруі шектеледі.

Екіншіден, Үкімет әзірлеп жатқан жеке тұлғалардың бан­крот­тығы тетігі шеңбе­рін­де жеке тұлғалардың банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кредиттері бойынша, оның ішінде коллекторлардың өндіріп алуына берілген проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылданады.

Үшіншіден, агенттік жеке тұл­­ға­лардың кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелердің шекті мәндерін реттеу, сондай-ақ кредиттер бойынша сыйақының тиімді мөлшерлемелерінің есебіне қарыз алушының кез келген комиссиялары мен төлемдерін қосу бойынша шаралар қабылдайды. Бұл жаңадан берілетін кредиттер бойынша халықтың борыш жүк­те­месінің өсуін шектеуге мүмкін­дік береді.

– Мемлекет басшысының елден капиталды негізсіз шығаруды шектеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін агенттік Ұлт­тық банкпен және Қаржылық мо­ниторинг агенттігімен бір­ле­сіп осы жылғы 10 қаңтарда транс­ше­ка­ралық қаржылық операцияларды жүргізуге бақылау шараларын күшейту туралы бірлескен бұйрықты қабылдады. Күдікті трансшекаралық операциялар тізбесі, сондай-ақ клиент­­терді тиісінше тексерудің кү­шей­тілген ша­ралары бо­йынша қаржылық мониторинг субъек­ті­лерінің іс-қимыл тәртібі бел­гі­ленді. Агенттік аталған бұй­­рық шеңберінде банк­тер­дің клиент­тер­ді тиісінше тексеру жө­нін­­дегі күшейтілген шараларды сақ­тауын бақылайды, сондай-ақ банк­тер клиенттерінің ірі транс­шекаралық операцияларына елден капиталды заңсыз шығару белгілерінің болуы тұр­ғы­сынан күнделікті мониторинг жүр­гі­зе­тін болады, – дейді агент­тік бас­шысы.

Банк мәселелері жөніндегі тә­уелсіз сарапшы Нұржан Бияқа­ев агент­тік борыштық жүк­теме коэф­фициентіне бая­ғы­дан бері на­зар аударуы керек еді, дәл осы құралдың қолданылмай қалуы несие жүктемесінің шамадан тыс артып кетуіне себеп болды дейді.

М.Әбілқасымова басқаратын агенттіктің бастамасынан соң екін­ші деңгейлі банктердің несие бе­ру тәртібін қатайтатыны белгілі болды. Енді баяғыдай қарызды оңай ресімдеу мүмкін бола қой­май­ды. Сондай-ақ агенттік басшысы жалпы сектордағы ахуалды тұрақты деп мәлімдейді.

«Үздіксіз қызметті қам­та­ма­сыз ету және халық пен бизнес үшін банктік қызметтерді то­лықтай көрсету үшін банк­тер­дің меншікті капиталы мен өтімділігінің ай­тарлықтай қоры бар. Банктер капиталының жет­кі­ліктілігі ең төмен талаптардан 3 есе көп, өтімділік те реттеу мәндерінен 4 еседен асады. Халыққа және биз­неске қол­дау көрсету үшін осы жылғы 10 қаң­тарда агент­тік төтенше жағ­дай­дың ен­гізілуі нәтижесінде зар­дап шеккен жеке және заңды тұлғалардың кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беру бойынша бұй­рық қабылдады. Төтенше жағдай кезеңінде кредиттер бойынша төлем мерзімі өткен жағдайда, айыппұлдар мен өсімпұл есептеуге тыйым ен­гізілді, сондай-ақ шағым-талап жұмысы тоқтатыла тұрады», деді М.Әбілқасымова.