Ұлыс күнінің ұлылығын көрсетті
«Ассалаумағалейкум, Ай! Ай көрдім, аман көрдім, бұрынғыдай заман көрдім, ескі айда есіркей гөр, жаңа айда жарылқай гөр!» деп әрбір жаңа туған айға амандасатын халқымыз, наурыз айының жаңаруын өзгеше қарсы алады. Наурыздың 14-і күні еліміздің батыс өңіріндегілер «Көрісу» мерекесін бастап кетеді. Оны маңғыстаулықтар «амал» деп атайды. Дерек көздері бұл мейрамның шығу төркінін бағзы замандардағы аспан әлемін зерделеуші жұлдызшылардың іліміне негіздейді. Амал жұлдызы мен Күннің бір түзу бойында өзара жүздесіп, көрісіп тұрғандай бейнеде болуы – шаруа баққан, жердегі тірлігін көктегі жұлдыздар әлемімен байланыстыра қараған ата-бабаларымыз үшін қыстың аяқталып, көктемнің басталуы болып табылған. Амал мен Күн тәрізді боп қол алысып, көкірек түйістіре амандасудың мазмұны осында жатса керек. Көрісу дәстүріне Маңғыстауда кешегі «Асылдарымызды шаң басты, барымызды жарқырата жарата алмадық» дейтін кеңестік кезеңнің өзінде қылау түскен жоқ. Сол баяғы маңызды, мерекелі күйінде жылжып келіп, тәуелсіздікке жалғасты. Қазіргі сипаты тіпті ерекше, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ұмытпай атап, өзге ұлт өкілдері де қазақтың ұлттық киімдерін киіп, жадырай көрісетін жалпыхалықтық деңгейге көтерілді. Маңғыстауда соңғы жылдары бұл мейрам «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде аталып өтілетін болды. Биыл да жылдағы дәстүрге сай Қаратау етегіне 30-ға тарта киіз үйлер тігіліп, Маңғыстаудың түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қабылдап, той көрігін қыздырды. Салтанатты шараға облыс әкімі А.Айдарбаев бастаған басшылық өкілдері барды. Алдымен Адай ата кесенесіне тәу етіп, Тобыш ата ұрпақтары салған «Ақниет» қақпасының ашылуына қатысты. Отпан таудың басында тұрып, амалдың ақ таңын «Еліміз аман, заманымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болсын!» деп тілек еткен маңғыстаулық тұрғындарды А.Айдарбаев, Парламент Сенатының депутаты Б.Шелпеков және шараны ұйымдастырушы Тобыш ата балалары атынан Д.Сейбағытов құттықтады. Батагөй ақсақал Лепес қажы Исаев бата берді. Көкпар тарту, асық ату, өзге де бірнеше түрлі спорттық ойындар ойналып, жыр ақтарылған, арнайы келген аудандар өнерпаздары концертпен көмкерген мереке аясында туған жер төсіне жас шыбықтар отырғызылды. Келер жылғы шараны лайықты ұйымдастыру үшін жауапкершілікті Мұңал ата ұрпақтары қабылдап алды. Маңғыстауда амал мерекесі ақ тілек тілеп, тал еккен, ән-жыр әуелетіп, жамырай табысқан, салт-дәстүрді тірілткен ақ көңілдердің мерекесі болып жалғасуда... Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.Шавкат Рахмонов UFC рейтингінде жоғарылады
Спорт • Бүгін, 12:17
Ақмола облысында аурухана есепшісі 10 миллион теңгеге жуық ақша ұрлаған
Оқиға • Бүгін, 12:05
Петропавлда өртеніп жатқан үйден 2 адам құтқарылды
Оқиға • Бүгін, 12:03
«ҚазАвтоЖол» 6 өңір бойынша ескерту жасады
Қоғам • Бүгін, 11:45
Ақсуат ауданына жаңа әкім тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 11:30
Бокстан бас бапкер Азия чемпионатындағы екі нәтижемен келіспейтінін айтты
Бокс • Бүгін, 11:15