Спорт • 19 Қаңтар, 2022

Кубалықпен күш сынасуы мүмкін

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақтың кәсіпқой боксшысы Айдос Ербосынұлы былтырғы жылдың қыр­күйек айында гайаналық Аллен Лен­нокс­ты ұрып жыққан соң ресейлік Евге­ний Шведенкомен күш сынасуға тиіс еді.

Кубалықпен күш сынасуы мүмкін

Аталған жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы ІВҒ нұсқасы бойынша екінші орта салмақтың чемпиондық белбеуі үшін таласуға мүмкіндік алатын еді. Алайда қандасымыз коронавирус жұқтырып алып, ол кездесу өтпей қалды. Қазір Ербосынұлының командасы кубалық Дэвид Моррельмен келіссөз жүргізуде. 81 кило салмақта өнер көрсеткен Бостандық аралының өкілі 2016 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанып, ересектердің ел біріншілігінде күміс медальды мойнына ілді. Есесіне келесі жылы Куба чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. 2019 жылдан бері кәсіпқойлар арасында жұдырықтасып жүр. Сол аралықта алты кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 23 жастағы кубалық қабылан қазіргі кезде WBO нұсқасының алтын белбеу иегері.

30 жастағы Айдос Ербосынұлы кәсіп­қойлар арасында күш сынасып жүргеніне алты жылдан асты. Сол аралықта 16 рет рингке шыққан қазақ боксшысы барлық бәсекені өз пайдасына шешіп, 11 қарсыласын есінен тандырды.