Пекиндегі Ресей мәдени орталығында Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігінің ұйымдастыруымен «Отты өзен» көркем фильмінің көрсетілімі өтті.
Шараға ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопин, ҚКП Орталық комитетінің Халықаралық бөлімі басшысының орынбасары Чжоу Ли, ШЫҰ Бас хатшысы Д.Мезенцев, Ресей, Беларусь, Грузия, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Вьетнам және басқа елдер елшіліктерінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Қазақстанның Қытайдағы елшісі Нұрлан Ермекбаев «Елбасы жолы» киноэпопеясының екінші бөлімі болып табылатын «Отты өзен» фильмі жас ұрпақ үшін еңбекті қадірлеудің, Отанды сүюдің үлгісі екенін, оларды ұлтаралық келісім идеяларына тәрбиелейтінін атап өтті.
Шараның ашылуында сөз сөйлеген ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопин «ұлы ұлттан ұлы басшылар туатынын», сондай-ақ, Н.Назарбаев Қазақстанның ұлттық басшысы ғана емес, әлемдегі ең беделді саясаткерлердің бірі болып табылатынын атап көрсетті.
Ол, сондай-ақ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты айтулы форумдарға Н.Назарбаев бастамашылық танытқанын, оның активінде жаһандық ядролық қарусыздану секілді үлкен бастама да бар екенін атап өтті. Қытайлық дипломаттың айтуынша, осының барлығы Қазақстанға кең көлемді әлемдік танымалдық әкелді.
Чэн Гопин, сонымен қатар, аталған көркем фильм Қазақстан Президентінің тұлға болып қалыптасуының жолымен, қазақ халқының тарихы және ұлттық дәстүрлерімен тереңірек таныс болуға мүмкіндік беретінін айтты.
Фильм көрсетілімінде Ресей мәдени орталығының директоры В.Коннов та сөз сөйледі. Ол «Отты өзен» фильмін Орталықтың қабырғасында көрсету ТМД кеңістігіндегі мәдени-гуманитарлық байланыстар мен достықты нығайтуға мүмкіндік беретінін көлденең тартты.
«Егемен-ақпарат».