Әлем • 19 Қаңтар, 2022

Боснияның кезекті дағдарысы

432 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ресейдің Украинаға төндірген қаупі Шығыс Еуропадағы биыл­ғы ықтимал дағдарыс­тың бірі ғана емес, Босния және Герцоговина да күрделі саяси кезеңге аяқ басады.
Алдағы қазан айында елде маңызды сайлау күтіп тұр.

Боснияның кезекті дағдарысы

Босния ешқашан тыныш өңір болған емес. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Бос­ниядағы бір дағдарыс артынан екіншісіне ұласты. Ақырында Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына ықпал етті. Содан кейін Босния ХХ ға­сыр­дың аяғында Югославия ыды­раған соң босниялық мұсыл­мандар (босняктар), сербтер және хорваттар арасындағы сұрапыл соғысты бастан өткізді. 

Дейтон келісіміне қол қойыл­ған соң 1995 жылы қақтығыс аяқ­талды. Соғыс салдарынан 100 мың­нан астам адам қаза болды. Соның ішінде 1995 жылғы шіл­деде «Сребреница қырғыны» гено­циді бар. Миллиондаған адам үйлерінен қуылды. Келесі міндет қирандының орнына жұмыс істейтін мемлекет құру еді. Бірақ үш топтың әскері ғана жұмыс істеуге жарамды құры­лым болып шықты. Ал жергі­лікті көшбасшылардың көп­шілігі тыныштық кезеңін соғыс­ты басқа әдістермен жалғас­тыру деп есептеді. Күлі қалған мемлекеттен ұлтшыл емес көшбас­шылардың жаңа буыны шығады деген үміттің жібі үзілді.

Халықаралық көмек соғыс салған сызаттың көпшілігін жасырып, елді өзгерткенімен, мем­лекеттің саясаты терең тоқырау кезеңінде қалып отыр. Басты себеп ұлтшыл партиялардың саяси үстемдігі әлі де жалғасып келеді. Соның салдарынан Босния­ның Еуропалық одаққа қосылу мүм­кіндігі де уақыт өткен сайын алыс­­тап барады. 

Еуропалық комиссия 2021 жылы Боснияға берген жыл сайынғы бағалауында «саяси көшбасшылар алауыздық туды­ратын пікір ұстанып, конст­рук­тивті емес саяси дауларды жал­ғастырып отыр» деп атап өтті. Еуропалық одаққа кіру ту­ра­лы келіссөздерді бастауға қа­жет­ті 14 бағдарды орындауда іс жүзінде ешқандай ілгерілеу бол­ған жоқ. Сондай-ақ «панде­мия кезінде жаппай таралған сы­бай­лас жемқорлықтың теріс әсер­лері мен саяси тұтқындау бел­гілері күшеймесе, азайған жоқ». Сот қызметкерлері де, сая­си жетекшілер де қордаланған мәсе­лелерді шеше алмады.

Оның үстіне, елді жайла­ған «жаппай сыбайлас жем­қор­лық құбылысы» мен «тиім­сіз және шамадан тыс» мем­ле­кеттік сектордың салдарынан Бос­ния­ның жан басына шақ­қан­дағы ішкі жалпы өнімі Еуропалық одақтағы орташа көрсеткіштің үштен біріне ғана тең. Кейінгі бірнеше жылда елден жарты миллионға жуық адам кетіп, жас таланттар сыртқа қарай ағылды. 

Босния соғыс аяқталғаннан кейін 26 жыл өткенде әлдеқайда жақсы мемлекетке айналуы тиіс еді. Оның орнына тағы бір терең дағдарыс келе жатыр. Босниялық серб­тердің көшбасшысы Ми­лорад Додик ұлтшылдарға ұран тастап, Republika Srpska-ны (ел­дегі екі автономиялық аймақтың бірі) орталық үкіметке бағына бермейтіндей тәуелсіздікке қол жет­кізуді талап етеді. Пікір­та­лас күшейгені соншалық, Еуро­п­а­лық одақтың Босния және Гер­це­говинадағы жоғарғы өкілі Кри­стиан Шмидт халықаралық қоғамдастықты елдегі ахуалға араласуға тағы шақырды. 

Бірақ бұл қадам Боснияның дертіне шипа болар емес. Қазіргі саяси дағдарыстың бір факторы – геноцидті жоққа шығаруға тыйым салатын даулы жаңа заң. Құжатты қызметінен кетуіне бірнеше күн қалғанда халық­аралық жоғарғы өкіл өткен жазда енгізген-тұғын. Жауап ретінде босниялық сербтер бірден жалпы мемлекеттік функцияларды алып тастады. Содан кейін Додик қатаң талаптар қоя бастады. 

Додик анда-санда Republika Srpska-ны Босниядан толығымен бөлініп шығуға шақырады. Бұл пікір оны қоғамда қызу тал­қылауға итермеледі. Бірақ оны байыппен қабылдауға болмайды. Өйткені Сербия да, Ресей де Боснияның аумақтық тұтастығын сақтауға шақырды.

Бірақ дағдарыс Босниядағы ұлтаралық алауыздықты терең­детіп, халықаралық қоғам­дас­тықтың елдегі рөліне нұқсан келтіреді. Босния халық­аралық қоғамдастықтың қалауына сай шешімдер қабылдап, енгізіп, жүзеге асыратын протекторат па? Әлде өз мәселесін өзі шешетін нағыз егемен ел ме?

Былайша айтқанда, халықара­лық жоғарғы өкілдің кеңсесі (со­ғыстан кейін бұл қызметті мен бірінші болып атқарған едім) ендігі жерде мәселенің бір бөлігін шешетін құрылым емес. Босняктар мұндай кеңсе елде болғандықтан босниялық серб­терге немесе босниялық хор­ват­тарға қарсы халықаралық шара қолдануды үнемі талап етеді. Өз кезегінде кейінгілері мұн­дай әрекет шынымен де қа­был­данады деп қорқады. Соның салдарынан сенімсіздік пайда болады. Өйткені екі тарап та елді қалпына келтіру үшін мәмілеге келуді қажет деп санамайды.

Қазіргі дағдарыстың бас­ты факторы – жыл соңында Боснияда өтетін жалпы сайлау. 2020 жылғы жергілікті сайлау­да оппозициялық партиялар ұлт­шыл күштерге қарсы тұрып, Сараеводағы және босниялық сербтердің орталығы Баня Лукада басым жеңіске жетті. Беделінен айрылудан қорыққан ұлтшыл көшбасшылар жан-жақтан талпынып, жаңа дағдарыс тудыруға ынталы. Сөйтіп қолдаушылар санын арттырып алмақ. 

Жалпы сайлаудың жоспар­ланғандай өтуі маңызды. Бірақ кейін халықаралық қоғамдастық Боснияға деген көзқарасын қайта қарауы керек. Егер протекторат ретінде есептеуге дайын болмаса, артқа шегініп, елдің тағдырын жаңа көшбасшылардың қолына тапсыруы керек. Бұл процесс баяу және қиын жүреді. Әйтсе де Босния егемен ел ретінде өмір сүруі үшін ерте ме, кеш пе қажет шара. 

Дегенмен халықаралық қо­ғам­дастық екі қиын шарт қоюы қажет. Боснияның аумақтық тұтас­тығы сақталуға тиіс. Сон­дай-ақ Еуропалық одақтың ел­дегі шағын әскери миссиясы қалуы қажет. Өйткені қажеттілік туын­дағанда НАТО-ның жедел күш­терін шақыруға мүмкіндік береді.

Биыл Босния үшін саяси тұрақсыздыққа толы жыл болатыны сөзсіз. Босниялық серб ұлтшылдары өздеріне көбірек билік берілгенін қалайды. Ал Додик АҚШ-тың салған жаңа санкцияларына қарамастан өз жақтастарын жинау үшін батыл әрекетке баруы ықтимал. Со­нымен бірге босниялық ұлт­шылдар биліктің Сараевоға шоғырланғанын талап етеді. Бұған қол жеткізу мақсатында халықаралық қоғамдастықтан көмек күтеді. Ал босниялық хорват ұлтшылдары, өз кезегінде, елдің ең жоғары шешім қабылдау органында өкілдік ету құқығынан айыратын сайлау туралы заңға наразы (бұл негізсіз емес).

Бұл саяси дағдарыс, Босния үшін бірінші де, соңғысы да емес. Тағы бір ауқымды халықаралық іс-қимыл қолға алынатын болса, оған таңғалмаймын. Бірақ бұл дұрыс емес. Боснияға енді про­­текторат ретінде қарауға бол­­майды. Еуропалық одақ пен АҚШ көмектесуге дайын әрі ниетті екеніне қарамастан, бос­ния­лықтар Босния үшін жауап­кер­шілікті өз мойнына алуы керек.

 

Карл БИЛДТ, 

Швецияның бұрынғы премьер-министрі және сыртқы істер министрі

 

Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org