Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «ЕQ»
Әуелгі басымдық берілетін еліміздегі әлеуметтік мәселе тығырыққа тірелмесе де тұйыққа тап болғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Парламент Мәжілісінің отырысында осы олқылықтардың орнын толтырып, тұйықтан шығудың жолы мен жаңа Қазақстанды құрудың қадамдарын айқындап берді. Ел Президенті, ең алдымен, халықтың тұрмысын түзейтін, жағдайын жақсартатын бағыттарды бағдар етіп, тиісті тапсырмалар жүктеді.
«Азаматтардың əл-ауқаты жəне əлеуметтік көңіл күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, əлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Бұл əлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын əзірлеу қажет. Жұмыс нақты əрі əрбір азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың əр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы айтып өткендей, əлеуметтік-еңбек саласы сапалы жаңартуды қажет етеді. Бұл үшін қандай қадамдарға барған жөн? Жұмыссыздықты қайтсек жеңе аламыз? Бұл ретте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының халықты жұмыспен қамтудың іріктемелі зерттеуінің қорытындысына тоқталған жөн болар еді. Соған сәйкес 2021 жылғы III тоқсанда елімізде жұмыссыздар саны 450,7 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Соның ішінде ер-азаматтардың үлесі 45,3% (204 мың адам), әйелдердің үлесі – 54,7% (246,7 мың адамды) болып отыр. Ал 15-28 жастағы жұмыссыз жастардың үлесі 17,2% немесе 77,5 мың адамға тең болса, олардың жұмыссыздық деңгейі – 3,7%.
«Жұмыссыздық – кез келген мемлекеттің алдында тұрған маңызды мәселе. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрап отыр. Алайда көп категориядағы адамдар бұл көрсеткішке ілікпей қалуы ықтимал. Өмір шындығында бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Себебі статистика ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды ғана есепке алады. Ал тіркелмей жүргендері қаншама? Біріншіден, осы жұмыссыздықтың салдарынан қоғамда маргиналдардың саны артады. Өмірлік құндылықтарын, бағдарын жоғалтып алған жастар, қоғам мүшелері көбейеді. Екіншіден, жұмыссыздық отандастарымызды ішімдікке, нашақорлыққа салыну сынды девиантты әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Жұмыссыз қалған халықтың бір бөлігі уақытын дұрыс ұйымдастыра алмай қалады. Басқа түскен ауыртпашылықтан шығудың жолын зиянды әрекеттерден іздейді. Кейін бұл әрекеттер созылмалы мәселеге де айналып шыға келеді. Үшіншіден, жұмыссыздық адамдарды заңнан аттауға, қылмыстық әрекеттер жасауға итермелейді. Төртіншіден, бұл жағдай кедейліктің артуына, прекариаттар табының көбеюіне жол ашуы мүмкін. Прекариаттар дегеніміз – ереуілге, көтеріліске шығуға мейлінше құлықты, өзге күштердің манипуляциясына тез еріп кететін, тұрақсыз тап саналады», деді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты әлеуметтанулық зерттеулер департаментінің директоры Жанар Нақыпбаева.
Оның айтуынша, жұмыссыздықты уақытша және ұзақ мерзімді деп екіге бөліп қарастыру қажет. Алғашқысы оқуын енді тәмамдаған жоғары оқу орны түлегіне, бір қызметтен екінші қызметке ауысып жатқан азаматтарға қатысты. Бұл жағдай күрделі мәселеге айналмайтыны анық. Алайда ұзақ уақыт тұрақты жұмыстың, әлеуметтік пакеттің болмауына бейімделіп кететін тұлғалар да бар. Олар бір немесе бірер ай емес, жылдап жұмыссыз жүруі мүмкін.
«Сонымен қатар жұмыссыздықты қаладағы және ауылдағы деп бөліп қарастырған да жөн. Қаладағы жұмыссыздық қаншалықты маңызды мәселе көрінсе де дәл ауылдағы жұмыссыздықтай күрделі болмауы мүмкін. Қаладағы жұмыссыздық көп жағдайда қысқа мерзімді сипатқа ие. Себебі шаһарларда жұмыссыз өмір сүру мүмкін емес дер едім. Қоғам мүшелері, индивидтер 1-2 ай жұмыссыз қалғаннан кейін қайтсе де бір істің басын ұстауға тырысады. Тұрақты табыс көзінсіз тіршілік ету қиын екенін түсінеді. Алайда қаладағы жұмыссыз адам маргиналдардың, қылмыскерлердің, прекариаттардың қатарына жылдам қосылып кетуі ықтимал. Ал ауылдық жерлерде жұмыс орындарының шектеулі болуына байланысты «екі қолға бір күрек» табу мәселесі аса маңызды. Көбіне-көп мектеп, әкімдік, аурухана сынды әлеуметтік, мемлекеттік мекемелерде ғана орын табылып жатады. Сондықтан ауыл жастары арасында жұмыссыз қалу қаупі жоғары. Соның салдарынан девиантты мінез-құлық пен әрекеттер арта бастайды», деді Ж.Нақыпбаева.
Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы III тоқсанда еліміздегі 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 9,3 млн адамды құрап отырғанын мәлімдеді. 8,8 млн адам жұмыспен қамтылып, 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққанда жұмыспен қамту деңгейі 66,1%-ды құрады.
Жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 6,7 млн адамды немесе 75,9%-ды жалдамалы қызметкерлер, 1,6 млн адамды – жеке кәсіпкерлер, 4,3 мың адамды – жеке практикамен айналысатын адамдар, 10,8 мың адамды – шаруашылық серіктестіктерінің құрылтайшылары (қатысушылары) және акционерлік қоғамдардың құрылтайшылары, акционерлері (қатысушылары), сондай-ақ өндірістік кооперативтердің мүшелері саналатын жеке тұлғалар, 546,8 мың адамды тәуелсіз жұмыскерлер құрады. 41,1 мың адам қашықтан жұмыс істеп, 93,1% еңбек процесінде жеке коммуникациялық (байланыс) құралдар пайдаланылды.
Жұмыспен қамтылғандардың көп бөлігі сауда (16,6%), ауыл шаруашылығы (13,4%), білім беру (12,7%), өндіріс (12,4%) сынды экономикалық қызмет түрлерінде жұмыс істеді. Жоғары және орта кәсіптік (арнаулы) білімі барлар 7,4 млн адамды құрады. Бұл – жұмыспен қамтылған халықтың 84,2%-ы. Жұмыспен қамтылған ерлердің үлесімен салыстырғандағы жоғары және орта кәсіптік білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі 4,4 пайыздық пунктке жоғары. Олардың негізгі үлесін – 64,9% (5,7 млн адам) 29-54 жастағы адамдар құрады.
«Жастардың жұмыссыздығы күрделі мәселе екені анық. Бұл жайт ең алдымен олардың әлеуметтік жағдайын қиындатады. Елімізде соңғы уақытта орын алып жатқан оқиғалар да осыны дәлелдеп отыр. Себебі алаңға шыққандардың басым көпшілігі осы жастар қауымы. Осыдан он шақты жыл бұрын елімізде көтерілген Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қадам жасау туралы идея өзектілігін жойған жоқ. Еңбек ету үшін өмір сүретін ұрпақты қалыптастыру аса маңызды. Жалақының төмен болуы оларды күн көру үшін еңбек етуге мәжбүрлейді. Сапалы білім алуға әлеуеті де, қаражаты да жеткілікті жастар жағы шетелге кетіп білім алуға асықса, ондай мүмкіндіктері жоқ жастар ол жаққа жұмыс істеп, көбірек қаражат тауып келу үшін барғысы келеді. Өз елін құрметтейтін, ұнаған еңбек түрімен айналысатын, еңбек етуді мақсат ететін саналы ұрпақты қалыптастыру қажет. Сондықтан жастарға сапалы білім алуға жағдай жасау, жұмыссыздық деңгейін төмендету, қала және ауыл жастары үшін тең мүмкіндіктер жасау, жалақыны көтеру мәселелері қажеттілігі туындайды. Қазіргі нарық қоғамы жағдайында жастардың еңбек құндылықтарын дұрыс қалыптастыру, оларды адал еңбек етуге, шығармашылыққа, кәсібилікке ынталандыру, моральды-этикалық талаптарды басшылыққа алуға бағыттап отыру қажет. Алматыда орын алған ұрлау, тонау жағдайлары жауапсыздықтың, басқаның мүлкіне қол сұғуға арланбау, моральдық азғындықтың көрінісі. Біздің болашағымыз жастар, сондықтан оларды дұрыс тәрбиелеуге, өз елінде сапалы білім алуына, жұмыспен қамтамасыз етілуіне жағдай жасалуы керек. Ал жалақыны жоғарылату мәселесін мемлекет бірте-бірте ретке келтіретініне сенімдімін», деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры Гүлнапис Әбдікерова.
Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Мәжілістің отырысында берген тапсырмалары қалай іске асырылатыны туралы айтып берді. Ведомство алға қойған міндеттерді іске асыруға кірісті. Соның алғашқы қадамы Әлеуметтік кодексті уақтылы қабылдау болмақ.
«Қазіргі уақытта Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеу жүргізілуде. Оны 2022 жылғы желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Әлеуметтік кодексті қабылдау азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен міндеттерін бір жүйеге келтіруге; мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік саладағы міндеттемелері мен жауапкершілігін нақтылауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодексті қабылдау халықтың мемлекет жүргізіп отырған әділ әлеуметтік саясатты түсінуін жақсартады және біздің азаматтарымыздың өмір сүру деңгейінің сапасын арттырады деп болжануда», деді министр.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, екі ай мерзімде халықтың табысын арттыру бағдарламасын қабылдауды да тапсырған болатын. «Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша бірқатар ұсыныс бар. Бірінші кезекте бұл жалпы табыс пен жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған бастамалар. Жеке қолдау шараларын: мамандық таңдауға, оқуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету үшін халықтың әлеуметтік осал топтары мен NEET санатындағы жастарды «ерте анықтау жүйесін» енгізу көзделіп отыр. Ақпараттық жүйелердің көмегімен іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды және жұмысқа орналастыруды бақылауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Жұмысқа орналасуда жастарға, әсіресе NEET санатына басымдық беріледі. Екіншіден, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, әр ауылдың ерекшелігін ескере отырып, кәсіпкерлікке оқыту, өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді сатуға қолдау көрсету және жеңілдетілген кредиттер мен гранттарды бөлу шаралары қарастырылады», деді ведомство басшысы.
Ең бастысы, министр жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. «Қазіргі уақытта министрлік жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда. Бұл – «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары. Аталған жобаларды күшейту үшін жастардың қатысу мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылады», деді Серік Шәпкенов. Ол тұрақты жұмыс орындарын құру шарттарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту саналатынын атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке ісін дамытуға арналған грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін (612,6 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін) ұлғайтылады, бұл орайда грант берілетін бизнес жобалардың тиімділігін бағалау күшейтіледі», деді министр.
Жас болсын, жасамыс болсын тіршілік үшін тырмысады. Жан бақсам, отбасы, бала-шаға асырасам дейді. Алайда жұмыссыздық мәселесі талай адамның тауын шағып, жігерін мұқады. Өкініштісі сол, осындай тапшылыққа тап болған отандастарымыздың нақты санын әлі де айқындай алмаған секілдіміз. Ендігі мақсат – осы жұмыссыздықты түбегейлі жою. Үкіметтің алдында осындай үлкен міндет тұр.