Қоғам • 19 Қаңтар, 2022

Ұлттық болмысты бедерлеген

384 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаз шыға әжем екеуміз  қырда мал бағып  отырған Жанұзақ жездем мен Балжан апамның үйіне барамыз.  Жанұзақ аға − совхоздағы озат шопандардың бірі, жыл сайын осы «Дүбірді» жайлайды. Бұл жердің ауасы таза, оты  құнарлы, ұсақ мал тез оңалады.  Біз балалар таң атқаннан кеш батқанға дейін ойын соғамыз, суға шомыламыз, арасында құм сағыз тереміз. Әсіресе маған жайлаудағы кешкі мезгіл қатты ұнайды. 

Ұлттық болмысты бедерлеген

Өрістен қайтқан енесін іздеген қозы-лақ маңырап, сиыр мөңіреп, сауын­нан босаған биелер құлындарымен шұрқырап азан-қазан болады. Аздан соң бүйірден қызарып күн батады. Сөйтіп, кешкі шаруаның бәрі ыңғайланғаннан кейін далада отырып тамақ ішеміз. Далада ішкен ас қандай сіңімді, тез тоямыз. Сосын әжем «баяғыда...» деп ғажайыпқа толы әңгімесін бастайды. Бала кезімнен көңілімде қалып қойған осы көркем көрініс жақында тағы  есіме түсті. Оған себеп болған көрнекті кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі Сабыр Мәмбеевтің «Ел есінде» атты еңбегі.

Бұл картинада автор қаймағы бұзылмаған қазақы ауылды ға­на емес, ондағы адамдардың бей­несі арқылы ұлттық болмы­сымызды айшықты бедерлеген. Көк майсасы жайқалған жайлау, арғы жағынан заңғар таулардың сұлбасы ағараңдайды. Ат үстіндегі отағасының алдында кішкентай баласы отыр, оған келіншегі өз атының ноқтасын ұстатып жатқан секілді. Жерде төселген кілемшеде ақ кимешек киген әже ұршық иіріп отырса, оның қасынан ақ қалпақ киіп, қолына кесе ұстап сусын ішіп, молдасоқынып отырған жеткіншекті көресіз. Сегіз қанат киіз үй мен шелек көтерген жас қыз баланың бейнесі де көзіңізге жылы ұшырайды. Суретке қарап отырып, құдды өзіңіз осы ауыл­дан кеше келгендей тамаша сезімді бастан кешесіз. Бұл туынды өткен ғасырда жарыққа шықса да, түрлі заман талқысынан өткен халқымыздың бойында сақталып қалған қазақы мінез, бекзат болмыс, кісілік пен кішілік секілді асыл қасиеттерімізді бояу тілімен әсем сөйлете білген суретшінің шеберлігіне тәнті боласыз.

Жалпы, айтулы қылқалам ше­берінің шығармашылығында ауыл өмірі мен оның сұлу таби­ғаты әр қырынан жарасымды көрініс тапқан. Әсіресе автор табиғатты бейнелеуге шебер, пейзаждары өте көркем. Мәселен, 1965 жылы салған «Көктем» ат­ты жұмысы да жоғарыда айтып өткен картинамен ұқсас. Аспанмен тірескен биік таулар, оның етегіндегі бір шоқ ағаштың түбінде әңгімелесіп отырған ер мен әйел...оның бергі жағындағы үш жылқы тұр қаңтарылып, оның біреуі – құлынды бие. Кішкентай құлын енесін еміп, рахатқа батып тұр... Осы көріністің өзі адамды әсерлі сезімге бөлеп, бүгінде алыс қалған ауылыңды сағындырады.

Сабыр ағамыздың табиғаты сыр­шыл, оны «Сұхбат» (1954), «М.Әуезов» (1957), «Тауда» (1957), «Қоныс аудару» (1959), «Менің қаламда» (1959), «Терезе алдындағы қыз» (1961), «Көктем» (1965), «Жастар» (1968) және тағы басқа пейзаждары мен портреттерінен байқаймыз. Бұларды бейнелеу өнеріміздің қазынасына қосылған сүбелі дүниелер деп айтуға болады.

Қылқалам шеберінің қолтаң­басын даралаған еңбектерінің бірі –«Тауда» мен «Киіз үй» картинасы. Ол кезінде одақ көле­мінде жоғары бағаланып, «Юность» журналында жария­ланған. Белгілі суретші Сергей Герасимов автордың осы туын­дылары туралы 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде: «С.Мәмбеевтің полотнолары туған халқының болмысының қуанышына то­лы. Бейнелеу мәнері өзгеше атмос­фераға толы сәнді, олар жарықпен, күнмен, ашық түс­тер­мен толықтырылған... Ұлт­тық бояуымен қатар өзінің эмо­ционалдық кейпімен заманауи болып келеді» деп айтыпты.

Сабыр Мәмбеев − Алматыдағы Гоголь атындағы көркем сурет училищесін аяқтағасын қазіргі Санкт-Петербургтегі И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтына түсіп, білікті мамандардан дәріс алды. Ол кісінің тағы бір қыры – қоғамдық қызметі. Талантты азамат 28 жасында Қазақ КСР Суретшілер одағының төрағасы болып сайланып, осы қызметті ұзақ жылдар атқарып, оның ұйыт­­қы болуымен облыс орта­лық­тарында суретшілер мен мүсін­шілерге арналған шеберханалар, музейлер мен көрме залдары ашылды. Еліміздің алты қаласында суретшілер үйі салынды.

Көрнекті тұлғаның еңбекте­рі елімізге ғана емес шет мем­ле­кеттерге де жақсы таны­мал. Оның «Тауда» атты кар­ти­­на­сы Мәскеудегі Шығыс ха­лық­­та­рының өнер мұра­жайын­да тұрса, «Киіз үй» туындысы Третьяков галереясының жеке жинағына енген. Бірқатар туындылары Әбіл­хан Қастеев атындағы мем­лекеттік өнер музейінде сақ­талған.