Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Женева қаласында (Швейцария Конфедерациясы) өткен Құқық қорғау мекемелерінің халықаралық үйлестіру комитетінің (ХҮК) 27-ші жыл сайынғы отырысына қатысты.
ХҮК БҰҰ тікелей қолдауымен адам құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық институттардың қызметін үйлестіру мақсатында 1993 жылы құрылды және құқық қорғау саласында негізгі үнқатысу алаңдарының бірі болып табылады. Аталған комитет 2012 жылы аккредиттеген қазақстандық Омбудсменнің мекемесі оның жұмысына белсенді қатысады.
Отырыс барысында кең ауқымды құқық қорғау мәселелері, соның ішінде ұлттық мекемелердің осы салада халықаралық шарттардың сақталуын қадағалайтын БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңес пен комитеттерінің жұмысына қатысуы, олардың парламенттермен өзара қатынастары, сондай-ақ, адам құқықтары саласында ұлттық іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу бойынша жан-жақты пікір алмасулар өтті.
А.Шәкіров отырыс шеңберінде өткен іс-шаралар мен екіжақты кездесулер барысында БҰҰ органдарына ұлттық баяндамаларды әзірлеуге қатысу, Парламентпен, басқа мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғамдастықпен өзара әрекеттесу тәжірибесі туралы мәлім етті.
Отырысқа қатысушылар Қазақстандағы ұлттық құқық қорғау тетігін дамытуға ықпалдасатын маңызды мемлекеттік бағдарламалармен танысты.
Омбудсменнің ХҮК, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының, ұлттық құқық қорғау мекемелерінің өңірлік желілерінің басшыларымен және өкілдерімен кездесулері нәтижесінде, атап айтқанда, өңірлік Азия-Тынық мұхиты форумына мүшелікке қазақстандық өтінімді қарау мерзімдері мен шарттары туралы бірқатар келісімдерге қол жеткізілді, деп хабарлады Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.