Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық мәжілісте Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев баяндама жасады. Сыр өңірінің басшысы аймақтағы металлургия кластерінің тұжырымдамасын таныстырды.
Негізінен металлургиялық кластер Қазақстанның жаңа тау-кен металлургиялық орталығының қозғалтқыш күші ретінде Қызылорда облысын жасақтауға және сирек кездесетін металдарды экономикалық айналымға енгізуге мүмкіндігін береді.
Кластер құрылымында инновациялық қызмет көрсету инфрақұрылымын жасақтау көзделеді. Мәселен, жаңа кен орындарында металл қорларын анықтау бойынша жұмыс жоспарланып отыр. Сондай-ақ, металлургиялық кластер мүшелеріне және серіктестеріне ҒЗТКЖ жобалық-конструкторлық жұмыстар және басқа да инжиниринг саласында қызмет көрсетілмек.
Сарапшылар және ғалымдардың бағалауынша, Қызылорда облысында ванадий және көп металдық кен орындары негізінде металлургиялық кластер жасақтауға мүмкіндік бар. Ал металлургиялық кластердің болашақта бас тетігі болып табылатын ферроқорытпа зауытын салу аймағымыздың экономикасын дамытуға сеп болмақ.
Бүгінгі күнде ферроқорытпа зауытының құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігімен «Ningxia Baota Petrochemical Technology Industrial Development Co., Ltd» қытайлық компания төрағасы Чжанг Лижонг арасында өзара серіктестік жөнінде меморандумға және кездесу хаттамасына қол қойды. «ВАОТА» компаниясы екі ай ішінде техникалық-экономикалық негіздемені жасақтап, облыс әкімдігіне келісуге ұсынуға міндеттеме алды.
Мәжіліс қорытындысында ферроқорытпа зауыты жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін жасақтап, ағымдағы жылдың мамыр айының ортасына дейін Үкіметке ұсыну жөнінде шешім қабылданды.
«Егемен-ақпарат».