Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес Астанаға жұмыс сапарымен келген болатын. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Бас хатшы брифинг өткізді. Оған сонымен бірге, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қатысты.
Брифингті кіріспе сөзбен ашқан Рәпіл Жошыбаев Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысына осы уақытқа дейін Астанада Халықаралық көрмені өткізуге дайындық барысында көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты. Сонымен бірге, ол биылғы жылғы маусым айында өтетін ХКБ Бас ассамблеясының 155-сессиясында Қазақстанға ЭКСПО көрмесін өткізуге құқық беретін Халықаралық көрмелер бюросының Туы тапсырылатынын, содан кейін еліміз көрмеге қатысатын елдерді шақырумен тікелей айналысатындығын атап көрсетті.
Өз кезегінде сөз алған ХКБ Бас хатшысы Висенте Лоссерталес Қазақстанға келген жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Серік Ахметовпен, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровпен, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен, Халықаралық мамандандырылған көрменің комиссары Рәпіл Жошыбаевпен, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевпен нәтижелі кездесулер өткізгенін атап көрсетті. Одан әрі ол «Астана ЭКСПО-2017» шын мәнінде Қазақстанның ұлттық жобасына айналғандығын айтты. Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмеге дайындық барысында Астанада жүзеге асыруға белгіленген шаралар ұлттық ауқымда сипат алуда. Бұл көрменің посткеңестік кеңістікте өткізілгелі отырған халықаралық ауқымдағы осындай бірінші көрме екендігін атап көрсетіп, осыған сәйкес жүзеге асырылатын бірқатар техникалық сипаттағы мәселелерді тілге тиек етті.
ЭКСПО – белгіленген үш ай мерзімде өткізіліп, сонымен оған қатысты мәселелердің барлығы біте салатын шара емес. Бұл елдің ертеңгі дамуына түбегейлі әсер ететін маңызды мәселе. Екінші бір атап көрсететін жай, ЭКСПО-ның барлық элементтері белгіленген шеберлік жоспарда және архитектуралық шешімдерде көрініс табуы керек. Олардың үйлесімділігі өте күрделі мәселе. Осыған байланысты атқарылатын істер де ауқымды.
Көрме қалашығының тұғыры болып саналатын қазақстандық павильон, бұл тек қана «Болашақтың энергиясы» көрініс табатын тақырыптық павильон ғана емес, сонымен бірге ол Қазақстанның тарихын, мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерін паш ететін орталық. Ендеше Қазақстан павильонының құрылысы, архитектуралық шешімі осындай ауқымды да жоғары талаптарға сай болуы тиіс. Бас хатшы өз сөзінде ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындық барысында Астана қаласында жүзеге асырылып жатқан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдық шешімдерге дән риза екендігін атап көрсетті. Сонымен бірге, ХКБ Бас хатшысы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық барысындағы кезең және оны ойдағыдай өткізу Қазақстан үшін инвестиция тартудың мол мүмкіндігі екендігін тілге тиек етті. «Мен ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстан Республикасы үшін болашақ дамудың катализаторы болатындығына сенімдімін», деді өз сөзінде Висенте Лоссерталес.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Талғат Ермегияев өз сөзінде Қазақстан павильонын салу, көрме қалашығындағы этноауыл құрылысы мәселелерін тілге тиек етті. ЭКСПО-2017 көрме қалашығына бөлінген 174 гектар аумақта мамыр айынан бастап құрылыс жұмыстары жүргізіле бастайды. Төрағаның айтуы бойынша, Үкімет инженерлік-коммуникациялық жүйелерді және Қазақстан павильонын салуға ғана қаржы жұмсауы керек. Ал көрме қалашығындағы қонақ үйлер, сауда орталықтары және басқа нысандарды салуға инвестициялар мен жеке инвесторлар тартылуы керек. Сонымен бірге, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бере келіп, көрме қалашығының құрылысын салуға бір ғана бас мердігер ұйым аздық ететінін атап көрсетті. Көрме қалашығындағы 1 миллион 300 мың шаршы метр құрылыс көлемін игеруге бір бас мердігердің шамасы жетпейді. Сондықтан көрме қалашығының құрылыс алаңында кемінде 3-4 бас мердігер ұйым болмақ.
ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев «Маусым айында көрме Туын алғаннан кейін еліміз көрмеге қатысатын елдерді шақыра бастайды. Бірінші кезекте, ХКБ-ға мүше мемлекеттерге шақыру жіберіледі. Сонымен бірге, ХКБ-ға мүше емес АҚШ, Үндістан сияқты мемлекеттер де бар. Олар көрмеге қатысуға ниет білдіруде. Сондықтан біз оларға да шақыру жолдайтын боламыз», деді. Сондай-ақ, Рәпіл Жошыбаев Қазақстанда таяу болашақта дамыған 50 мемлекетпен визасыз режім тәртібін енгізуге дайындық жасалып жатқандығын айтты.
Брифинг барысында оған қатысушылар журналистер тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».