Қазақстан • 20 Қаңтар, 2022

Кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі қайта қаралады

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда кәдеге жарату алымының коэффициенттерін қайта қарау бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі қайта қаралады

Ведомствода ӨКМ әкімшілігі «Жасыл даму» АҚ-ға берілгені атап өтілді.

11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын тоқтату және кәдеге жарату алымын иелік ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Осы тапсырманы орындау шеңберінде 2022 жылғы 18 қаңтарда Үкімет «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Осыған байланысты өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы «Жасыл даму» акционерлік қоғамы тұлғасындағы мемлекеттік ұйым болып айқындалды.

«ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті құралдарға билік ету бөлігіндегі қызметі тоқтатылды. Бүгінгі күні тиісті уәкілетті органдар активтерді мемлекеттік меншікке беру, уәкілетті органдардың қорытындыларын ұсыну, «Жасыл даму» АҚ балансына беру, әділет органдарында акционерлік қоғамды қайта тіркеу бойынша шаралар қабылдауда.

Айта кетсек, акционерлік қоғам Экология министрлігіне қарасты ұйым болып табылады. Презиженттің тапсырмасына сәйкес кәдеге жарату алымының коэффициенттерін қайта қарау бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл мөлшерлемелер осы жылдың ақпан айының соңына дейін қаралып, бекітілетін болады. Топ жұмысының нәтижелері туралы ақпарат Экология министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылатын болады. Көрсетілген уақытқа дейін кәдеге жарату алымы «Жасыл Даму» АҚ операторына қолданыстағы мөлшерлемелер бойынша төленеді.