Таяуда «Асыл Ана 2020» қоғамдық қорының еріктілері шала туған нәрестелерге жүннен шұлықтар мен киім-кешек тоқып, оларды Пришахтинск елді мекеніндегі перинаталды орталыққа табыс етті. Аталған қордың басшысы Айжан Байделдинованың айтуынша, бүгінде әрбір оныншы бала мерзімінен бұрын жарық дүниеге келеді екен.
– «Шалабайлар» деп уақытынан бұрын туған балаларды айтады. Біз Пришахтинск перинаталды орталығында салмағы 500-ден 2 200 грамм болып өмірге келген сәбилерге жүннен тоқылған жылы және түрлі-түсті жиынтықтарды сыйға тарттық. Кіп-кішкентай шұлықтар мен бас киімдерді, кеудешелер мен көрпешелерді біздің көп балалы аналарымыз тоқыды, – дейді ол.
Мамандар қылшықты жүн шалабайларды жылытып қана қоймайды, сонымен қатар оларды қозғалып жатуға итермелейді екен. Осылайша, қан айналымын қалпына келтіретін көрінеді.
Қазіргі таңда «Асыл Ана 2020» қоғамдық қорының 2 300-ге жуық мүшесі бар. Олардың барлығы өңірдің қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Қор бірнеше жылдан бері облыстағы әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тұрғындарға қол ұшын созып келеді. «Жақсылық жаса – Делай добро» қайырымдылық жәрмеңкесін де өткізіп тұрады.
Қарағанды облысы