Қазақстан • 22 Қаңтар, 2022

ІІМ: Жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталғандардың құқығы тапталмайды

470 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталған азаматтардың құқығы заң аясында қорғалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ІІМ: Жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталғандардың құқығы тапталмайды

«Бір апта ішінде адам құқықтары жөніндегі уәкіл еліміздің 12 өңірінде тергеуге алынып, қамалғандарды ұстау жағдайын тексерді. Атап айтқанда 12 тергеу изоляторы, 67 УҰИ және АПБ арнайы үй-жайына барды. Одан басқа, прокуратура заңдылықтың қамтамасыз етілуін үздіксіз қадағалап отыр. Тағы бір еске салғым келетіні - тергеу мекемесіне жеткізілген барлық адам міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда оларға тиісті ем-дом тағайындалады»,  деді  Мейрам Аюбаев.

Сондай-ақ, стационарлық емдеу қажет болған жағдайда пациент ауруханаға жіберілетінін айтты.

«Құрметті қазақстандықтар, комитетте және барлық өңірлік департаменттерде call-орталық жұмыс істейді. Орталыққа хабарласу арқылы сіз қамауға алынған адамдар туралы және өзге ақпаратты ала аласыз. Адвокаттардың осы орталық арқылы мәлімет алу мүмкіндігі бар. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға қатысты барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр», деді ол.