Баспасөз мәслихатына «Қазақстан халқына» қоғамдық-əлеуметтік қорының төрағасы Болат Жәмішев пен қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ләззат Шыңғысбаева қатысты. Б.Жәмішев қор мемлекет қамтамасыз етпейтін бағыттар бойынша әлеуметтік саладағы проблемаларды шешу үшін құрылғанын жеткізді.
«Кейбір адамдар бұл бизнеске салынған қосымша салық деп қабылдайтыны туралы хабарламаларды көрдім. Бұл салық емес, кәсіпорындардың ерікті тізімі деп айтқым келеді. Қазір негізінен ірі бизнес кәсіпорындары мен осы кәсіпорындардың акционерлері ақша аударуда. Салық заңнамасына сәйкес, салық салынатын табыстың 3%-на дейін салық шегерімдері көзделген және бұл ақшаның барлығы қайырымдылыққа жіберіледі. Менің ойымша, осы салықтық жеңілдіктер аясында аударымдар жүзеге асырылады. Сондықтан бұл аударымдар бағаның өсуіне әсер етпейді. Көптеген кәсіпкер қайырымдылықпен айналысады. Жаңа қор құра отырып, олардың барлық іске асыратын жобалары қаржыландырылады деп ойлаймын», деді қор төрағасы.
Оның айтуынша, бизнесмендер қайырымдылыққа аударылған қаражаттың жұмсалуына немқұрайды қарамайды. Қордың жауапты және тиімді жұмысы ғана қаражаттың тұрақты түсуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар демеушілер арасынан кеңес құру да жоспарда бар. Осы кеңеспен бірлесіп қор донорларымен жұмыс істеу стратегиясы әзірленеді. Ерікті қайырымдылықтардан басқа қорға лотерея қызметі операторынан және мөлшерлемелерді есептеу орталығынан, сондай-ақ Үкімет айқындаған басқа да көздерден қаражат түседі.
«Бүгінде жеке тұлғалар ерікті негізде қорды қалыптастыруға қатысуда және қор қандай да бір науқан шеңберінде мәжбүрлеу арқылы жасалып жатыр деуге себептердің болуына үзілді-кесілді қарсы. Біз жеке тұлғалардың ерікті түрде қатысуын қолдаймыз. Қор халықтың қандай да бір топтары мемлекет пен жеке бизнес ұсынбайтын қызметтерге мұқтаж болған жағдайларда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт саласында қайырымдылық көмек көрсетеді», деді Б.Жәмішев.
Сондай-ақ қор еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасыларына қолдау көрсетеді. Табиғи және техногендік сипаттағы апаттар кезінде халыққа мемлекетпен бірге көмектеседі. Бұған қоса, қор балалар үшін спорт нысандарының және өзге де әлеуметтік маңызы бар қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге қатысады.
«Жұмыс тобы аясында қайырымдылық ұйымдардың өкілдерімен кездесулерде осы мәселелер талқыланды. Көптеген адамдар серіктестерді таңдауға өте мұқият қарау керек дейді. Іс жүзінде тәжірибесі және беделі бар серіктестермен жұмыс істеу керек. Президент тікелей жүгінген жиналысқа қатысушылардың құрамына сүйене отырып, ірі және орта кәсіпорындарымыздың салық салынатын кіріс көлеміне қарай, қорда 100 млрд теңге жиналады деп ойлаймыз. Егер шамамен 150 млрд теңге қаражат түссе, осы 100 млрд теңгеге бірінші кезектегі міндеттерді және 50 млрд теңгеге екінші деңгейдегі қосымша міндеттерді құруымыз керек. Қор қайырымдылық көмекке мұқтаж жекелеген адамдарға атаулы, сондай-ақ жүйелі деңгейде көмек көрсетуге тиіс. Мұны да жолға қоюымыз керек», деді қор басшысы.
Ал қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, ашық түрде істелген жұмыс мәселе тудырмайды, сенімге селкеу түсірмейді. Ең бастысы, қордың цифрландыру платформасы қарапайым мұқтаж азаматтарға ыңғайлы болады. Бұған дейін көмекке мұқтаж азаматтар арасында қай қорға өзінің өтінішін беруі керек, қорды қалай табуы керек деген сияқты мәселелер туындаған еді. Ал енді интернет, смартфон, компьютер арқылы бәрін платформада жүргізуге болады. Бұл электронды үкімет жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қор өтінім берушіден түскен өтініштен оның жағдайы туралы біліп отырады. Қарапайым азаматтар қысылған кезде барлық қорға өтінімдерін береді.
«Халық түсінуі керек. Бізде қорлар көп. Олардың әрқайсысының көмек көрсету жолдары да әртүрлі. Жеке концепциясы, жарғымен немесе басқа да құжаттармен бекітілген бағыттары бар. Сондықтан қарбалас болмауы үшін өзіндік ыңғайлы экожүйе жасалады. Қайырымдылық қорлары қандай өтініш келіп түскенін көріп отырады. Бұл бағытта кім жұмыс істейді, сол қор өтінімді қабылдайды. Қазақстанның қай өңірінен қандай өтінімдер түсіп жатқанын, қандай қорлар белсенді жұмыс істеп жатқанын, өтінімді қай қор өндіріске алғанын біз де қарап отырамыз. Өтінім бойынша барлық құжат дайын болғанда қор бізге хабарласып, қандай мәселелер туындағанын, көмекке қанша қаржы жиналғанын айтады. Жетпей жатса көмектесуімізді сұрап, серіктес ретінде өтінім жасайды. Сонда жұмыс нәтижелі болады деп сенеміз. Бұдан басқа, өз көмектерін көрсетіп жатқан донорлар, яғни әртүрлі азаматтар, ірі компаниялар да бар. Оларға да бұл платформа ыңғайлы болады», деді спикер.
Сондай-ақ ол әр өңірдегі мемлекеттік органдар өз бағыттарында жұмысын жүргізетінін, ал қор оларға қосымша көмек көрсететінін атап өтті.
«Біз ешқандай мемлекеттік органның, әлеуметтік мәселелерді шешіп жүрген қайырымдылық қорлардың, қоғамдық бірлестіктердің жұмысын тартып алмаймыз. Біз тек қана серіктес ретінде көмек көрсетеміз», деді қамқоршылық кеңесінің мүшесі.