Коронавирус • 24 Қаңтар, 2022

Вирус жұқтыру азаймай тұр

250 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Коронавирустың жақында пайда болған «Омикрон» штамы жедел таралуымен әлемді әбігерге салды. Бірнеше апта ішінде әлемнің түкпір-түкіпіріне жайылып үлгерді.

Вирус жұқтыру азаймай тұр

Коронавирустың грек алфавитінің «Омикрон» әрпімен белгіленетін B.1.1.529 штамы 2021 жылы Африканың оңтүстігінен табылды. Соңғы мәліметтерге зер салсақ, Ресейде бұл штамды 1 682 адам жұқтырған. Жаңа инфекциямен күресу жөніндегі федералды жедел штабтың соңғы статистикасы бойынша Ресейде инфекцияның жаңа жағдайлары арасында коронавирустың «Дельта» штамының үлесі бір күн бұрын 52,3%-ға дейін төмендеді. «Омикрон» мен басқа штамдардың үлесі 47,7%-ға дейін өсті. «Омикрон» елдің 52 өңірінде тіркелген.

Өткен тәулікте Ресейде коронавирус инфекциясын жұқтырған 49 513 науқас тіркеліп, 9 136 адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведом­ствоаралық комиссия. Науқастар, әсіресе Мәс­кеуде көп анықталды. Ел астанасында 15 987 нау­қас тіркелген, Санкт-Петербургте – 5 922 және Мәс­кеу облысында 4 424 жағдай анықталған. Коро­на­вирус салдарынан 692 науқас қайтыс болған.

Жұқпалы аурулар бойынша маман Евгений Тима­ков Ресейде COVID-19 вирусын жұқтыру ақпан айының ортасында өршиді деп мәлімдеді. Мәс­кеуде ол сәл ертерек болуы мүмкін екенін де ес­кертті. Себебі «Омикрон» штамының инкуба­ция­лық кезеңі екі-үш күн, ең көбі жеті күн, дейді ма­ман.

Сондықтан көптеген ел карантин шараларын күшейтуге көшті. Мәселен, Италия үкіметі ел тұрғындары грин-пассасыз, яғни жасыл паспортсыз тек дәріханаларға, азық-түлік дүкендеріне және үй жануарларына арналған дүкендерге бара алады деп мәлімдеді. Ал 1 ақпаннан бастап банк бөлімшелеріне, пошта мен мемлекеттік мекемелер кеңселеріне бару үшін коронавирус анықталмағанын растайтын тест нәтижесі қажет болады. Сонымен қатар ақпан айынан бастап 50 жастан асқан адамдарға вакцина алу міндеттеледі.

Аустрияның Ұлттық кеңесі де міндетті вакциналау туралы заң қабылдады. Осылайша, Аустрия – Еуропа одағында коронавирусқа қарсы екпе міндетті саналатын алғашқы ел болмақ. Қабылданған құжаттың 2024 жылғы 31 қаңтарына дейін заңдық күші бар. Аталған заңға сәйкес, нау­рыз айынан бастап екпе салдырмаған азаматтар 600 еуро көлемінде айыппұл төлейді.

Халықты екпе салдыруға ынталандыру үшін билік вакцина алғандар арасында сыйлықтар ұтысын ойнатуды жоспарлап отыр. Лотереяның әрбір оныншы қатысушысы 500 еуро көлеміндегі ақшалай купон ұтып ала алады.

Ресейлік «ДНКОМ» молекулалық-генетикалық зерттеулер ғылыми орталығының негізін қалаушы және бас директоры Андрей Исаев корона­ви­рус­тың «Дельта» штамын жұқтырғаннан кейін организмде қалыптасқан антиденелер «Омикроннан» қор­ғайды, алайда бұл процесс әлсіз деген тұ­жы­рым айтады.

«Өкінішке қарай, зерттеу нәтижесі «Омикрон» жұқтырғаннан кейін қалыптасатын иммунитет басқа штамдардан қорғауда әлсіз екенін дәлелдеді. «Дельтадан» кейін пайда болатын антидене «Омикроннан» аздап болсын қорғайды, ал «Омикроннан» кейін түзілген антидене «Дельтаға» қарсы өте әлсіз», деп атап өтті сарапшы.

Коронавируспен күрес жолында әр ел өзінше тәсіл тауып жатыр. Мәселен, Бельгия Корольдігі «коронавирус барометрін» енгізетінін хабарлады. Бұл «барометр» үш түстен тұрады – қызыл, сары және қызғылт сары. Сары эпидемиялық жағ­дайдың бақылауда екенін, қызғылт сары эпи­демиялық жағдайдың нашарлағанын, қы­зыл денсаулық сақтау саласында жұмыс ауырт­па­лығының арту қаупін білдіреді.

Бельгия премьер-министрі Александр Де Кроо бұл эпидемиялық жағдайды бақылауда ұстау үшін тиімді тәсіл дейді.