Әдебиет • 24 Қаңтар, 2022

Арыстан, мысық һәм Хемингуэй

268 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тағы да Хэм ағай... Ол туралы мың-сан сөз өткен ғасырдан бері айтылып келеді, әлі талай жыл жазылар. Ол көзінің тірісінде жазушы бақытын сезінді, жасаған үлкен еңбегінің жемісін көрді. Яғни жақсы өмір сүрді дейміз. Алайда, осыдан шамамен алпыс жыл бұрын Кетчум қалашығында (Айдахо штаты) өз үйінде америкалық жазушы Эрнест Хемингуэй таңсәріде өмірден өтті. Мезгілсіз қазаның себебін қаруды абайсыз қолдану нәтижесінен десті. Бірақ Хемингуэйдің Африкада талай арыстанды атып өлтірген кәнігі аңшы екені мәлім болғандықтан, бұған ешкім сенбеді. 1966 жылы жазушының әйелі Мэри оның өмірден өз еркімен кеткенін мәлімдеді. Хэм ағай мына өмірге неге сыймады?

 

Арыстан, мысық һәм Хемингуэй

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Америка әдебиетінің тарихында Хе­мингуэйдей жолы болғыш жазу­шыны табу әсте қиын. «Күн көтерілген­де» ат­ты екінші романы-ақ оны кеңінен та­ны­мал етті. Кейінгі романдары мен әң­гі­мелер жинақтары оның әдебиеттегі абы­ройын арттыра түсті. Әлемдік со­ғыс­­тарға қатысқанына, саяхатқа, спорт­қа, аңшылыққа, тіпті алкогольге құмар­лы­ғына қарамастан ол жазуда өнімді еңбек етті.

1959 жыл. Мәскеу. Хемингуэйдің «қара екітомдығы» жарық көріп, дүн-дүниеде әдеби пейзажды өзгерткен «жер сілкінісі» болды. Ресей жұрты үшін Америка мен Хемингуэй егіз ұғым­ға айналып, кітапсүйер елдің бәрі жапа-тармағай Хэм ағайдың суретін қабырғаларына іліп жатты. Тоқылған жем­пір киіп, сақал өсірді. Әдеби ортада еліктеу селі қатты жүрді. Жас ро­­ман­­тиктер «ұлы Хэм ағайша» өмір сүру­ді қалады. Алайда әдебиеттанушы Хемингуэйге еліктегендердің бәрі Хемин­гуэйше жазғысы келді. Бірақ ешқай­сысы Хемингуэй бола алмады.

Жазушыға АҚШ-тың ең жоғарғы әдеби марапаты – Пулитцер сыйлығы бұйырды, өлерінен бірнеше жыл бұрын әдебиет бойынша Нобель сыйлығын иеленді.

Бір қарағанда, Хэм ағай адам қызы­ғар­лық өмір сүргендей көрінуі мүмкін. Дегенмен, оның Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстарға қатысқанын, Испанияда бомбаның астында қалғанын, Германияны бомбалаған ұшақтарда болғанын, ал америкалық әскер Нор­ман­дияға басып кіргенде, француз пар­ти­зандарының тобын басқарып, Париж­ді азат етуге қатысқанын ұмыт­пайық. Одан бөлек Хэм ағай мұхитта алып балықтарды, Африкада арыстандар мен бөкендерді аулады. Куба мен АҚШ-та зәулім үйлерге, яхталарға иелік етті.

Иә, оған өмір бойы сәттілік серік бол­ғандай. Ол талай рет өлім аузынан қалды. Хемингуэй Муссолиниден сұхбат алды, ал кубалық диктатор Ба­тиста оны орденмен марапаттады. Бірақ бұл оның Куба төңкерісін қуана қарсы алуы мен Фидель Кастромен достығына кедергі келтірмеді. Тағдыр­дың еркесі дерсіз...

Әрине, бұл медальдың бір жағы ғана. Алпысқа таяған шағында Хемингуэйдің үстінде сау-тамтық жер қалмаған еді. Бұл «мачо» өзгелерге (өзіне де) мықты көрінгенімен, өміріне аса қауіпті оқиға­лардың талайын басынан кешіріп, бірнеше рет өлімші халге жеткен.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа ерік­ті ретінде алынбаған ол майданға Қы­зыл Крестің құрамында аттанды. Хе­мин­гуэй жаңбырша жауған миномет оғының астында қалып, оған екі жүзге жуық жарықшақ тиген. Соның салдарынан тізесінің ұршығы алюминий протезіне алмастырылып, кейін соның арқасында саяхаттарға шығып жүрді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Лондонда автокөлік апатына ұшырап, басын алдыңғы әйнекке соғып, жарып алды. Қанға боялған оны ауруханаға әкелгенде, жұрттың бар­­лығы жазушыны өлдіге балаған еді. Бұған қоса аңшылықта жүргенде екі рет жараланып, екі мәрте әуе апатына да түсіп үлгерген. Салдарынан бүй­регі, бауыры, талағы жарылған, омырт­қасы зақымдалған, бассүйегі сын­ған. Түйнемемен, безгекпен, өкпе қабынуымен, терінің зақымдалуымен ауырған, гепатитке және қант диабетіне шалдыққан. Өмірінің соңына қарай ол сұмдық депрессиядан жындана бастаған, ал оны электрошокпен емдеу әрекеттері нәтижесіз болды.

Оның соңғы дерті қорқыныш мания­сы еді. Ол Кубаға АҚШ-тан оралған соң ФТБ (федералды тексеру бюросы) өзін бақылауға алғанына, үйінде «тыңдауыштар» орнатылғанына сенімді еді (айтпақшы, ол рас болып шықты). Құпиясы ашылған құжаттардан белгілі болғанындай, ФТБ Хемингуэйді шынымен қадағалауында ұстаған.

Қалай болғанда да, бұл «тағдырдың еркесі» өзінің «мықтылығы» үшін көз көріп, құлақ естімеген бағамен есептесті.

Жазушының өмірден өз еркімен кетуіне генетикалық бейімділігі де себеп болуы мүмкін дейді. Оның әке­сі де өз-өзіне қол жұмсаған еді. Хе­мин­гуэйден соң оның інісі Лестер Хемингуэй өмірмен қош айтысқан. Оның немересі, модель, актриса Марго Хемингуэй 1996 жылы шамадан тыс дәрі қабылдау салдарынан көз жұмған.

Бұдан бөлек психикалық ауытқудан емделуге қоса жамалған маскүнемдік те тіршілікті тарылтқан болар.

 «Қош бол, майдан!» «Қоңырау кім үшін соғылды?», «Иемде­ну және иемденбеу», «Түстен кейінгі өлім», «Әйел­­сіз еркектер», «Шал мен теңіз», «Жаң­бырда қалған мысық», «Мұ­хит­тағы аралдар». Хемингуэй шы­ғарма­ла­рының атаулары да жалғыз­дықтан, құлазудан хабар береді. Бар ғұмы­рын­да төрт әйелмен бас қосты. Иә, өз зама­нының әйгілі жазушыларымен һәм саясаткерлерімен араласты, тіпті дос болды. Иә, ол бүкіл әлемді аралап шықты. Иә, бәрін көрді, басынан өткер­мегені жоқ. Сонда да жалғыз...

Хемингуэйдің романдары мен әңгімелерінен осы сарын аңғарылады: мынау үлкен әрі қауіпті әлемде адам да, кез келген тіршілік иесі де дәрменсіз hәм тым кішкентай. Жазушының «Шал мен теңіз» әңгімесінде жалғыз балықшы өзі ұстап алған зор балық үшін шексіз мұхитта алып акулалармен арпалысады. Бұл шайқаста балық та, балықшы да жеңіледі. Ең өкініштісі, оларға ешкім араша түсе алмайды.

Мұхиттағы шағын аралдар. Нөсер астында қалған кішкентай мысық. Жазушы жанының шын мәніндегі жағдайы тура осындай. Ал оның бар «мықтылығы» – осы жағдайдан шыға алуында. Дегенмен, сол жолы Хэм ағайдың бұл талпынысы сәтсіз шықты. Трагедиямен аяқталды.

Стилі ерек, көзқарасы өзгеше жазушы 62 жылдық аласапыран ғұмырында күллі әлем оқырманы үшін өлмес шығармалар қалдырып, бір оқты құшағына қысып кете барды. Ол кейіпкерлерін табанды, батыл, жаужүрек қылып тәрбиеледі. Адамдарға күрескерлікті, ең бастысы жеңілмеуді үйретті. Өзі де сондай болуға тырысты. Тап бір өмірдің әділетсіз күрес екенін білгендей.