Шаруаларды алымнан босату қажет
Алайда біраз адам мұны отандық автоөнеркәсіпті қолдаудың тетігі ретінде түсінсе керек. Сөзіміздің дәлелін «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС қызметінің тоқтатылуы мен оның міндеттерін «Жасыл даму» АҚ-ға беруге байланысты өткізілген жұмыс тобының алғашқы отырысында байқадық. Шамамен 2,5 сағатқа созылған онлайн жиынның қорытындысына сәйкес тараптар бір байламға келді деп айту қиын.
Утилизация алымының қазіргі қолданыстағы шарттарына қарсы қоғамдық қозғалыс мүшелері Үкіметке нақты ұсыныстарын жолдады. Атап айтқанда, жеңіл автокөлікке арналған төлемді 100 мың теңгеге дейін және алғашқы тіркеудің бағасын 20 мың теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен арнаулы техника түрлеріне және кабель өнімдеріне қолданылатын алымды мүлдем алып тастау керектігі айтылды. Жеңілдікпен автокредитті кеңейтіп, көлік сатып алуды ынталандыру үшін 1 млн теңге көлемінде ваучер беруді қарастыру қажет дейді белсенділер.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Мұрат Әмрин жүк тасымалымен айналысатын отандық компанияларды қолдауға шақырды. Оның айтуынша, логистикамен айналысатын шетелдік үлесі бар компаниялардың ауыр жүк көліктері елімізде екі жыл көлемінде утиль алымы мен алғашқы тіркеуді төлемей-ақ жүре алады. Сондықтан палата өкілі бұл тәртіпті отандық тасымалдаушылардың пайдасына қайта қарастыруды ұсынып отыр.
«Ең бастысы, халықаралық тасымалдар сегментінде экологиялық санаты еуро-5 және еуро-6-дан төмен емес, 7 жылға дейінгі көлік құралдарын әкелуге рұқсат сұраймыз», деді М.Әмрин.
«Агромашхолдинг» компаниясының вице-президенті Динара Шукижанова айтқандай, аграрлық мақсаттағы техникаға арналған кәдеге жарату алымы 2019 жылы енгізіліп, осы уақыт аралығында Қазақстанға ресейлік «Ростельмаш», «Петербург трактор зауыты» АҚ және Class секілді әлемдік өндірушілер келіп, өндірісін жолға қойды. Компания өкілі былтыр елімізде сатылған ауылшаруашылық техникасының 80%-ы республика аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындарға тиесілі деп нақтылады.
«Отандық өндірушілер тракторлар мен комбайндардың құнына утилизация алымының сомасын қоспайтынын айта кеткен орынды. Қазір импорттың үлесі – 19%. Оның басым бөлігі – John Deere компаниясының тракторлар мен комбайндары. Биыл біз Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 4,2 млрд теңгеге жабдық сатып алып, үлкен оқшаулау орталығын салдық. Соған байланысты бірнеше рет инвесторларға бізге келіп, өндіріс орындарын ашуға ұсыныс жасадық. Кез келген фермер жаңа трактор мен комбайн алғысы келеді деп ойлаймын. Бізге бағдарламалар қажет. Биыл лизинг мөлшерлемесі отандық және шетелдік өнімге бірдей көлемде белгіленді. Импорттық техника сату құнынан 25% мөлшерінде субсидияланатынын айта кету керек. Бұл – Қазақстандағы салық төлеушілердің ақшасы. Неліктен осы қаражат басқа елдердегі секілді отандық кәсіпорындарға берілмейді? Импорттық өнімді сататын инвесторларға айтарымыз, елімізге келсін. Біздің зауыттар әлі 100%-ға жүктелмеген. Сол себепті олардың өндіріс орындарын ашуына қарсы емеспіз. Рас, утилизация алымы аясында тракторлар мен комбайндарға берілетін ваучер көлемі тым аз. Бұл мәселемен біз келісеміз. Кемінде оның сомасын екі-үш есеге арттыру қажет деп санаймыз», деді Д.Шукижанова.
«Шопан ата» ұлттық қой өсіру қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың пікіріне сүйенсек, отандық аграрлық техниканың нарығында ұсынылған өнімнің көлемі саусақпен санарлықтай. Ол автонарықтағы секілді таңдау шексіз болғанда шаруаларға шетел асып, техника іздеудің қажеті болмас еді дейді.
«Басқа елдерге барғанда кең көлемде ұсынылған түрлі техниканы көріп қайтамыз. Барлығының бірдей елімізде құрастырылатын техниканы сатып алуға қалтасы көтермейді. Аграрлық техника нарығы тек «МТЗ» мен John Deere-дің өнімдерінен ғана тұрмайды ғой. Санаулы ғана кәсіпорынның мүддесін қорғай отыра еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келетінін ұмытпаңыздар. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасының 90%-ы әбден ескірген. Сөзсіз, шаруалар жаңа техникаға мұқтаж. Бірақ кәдеге жарату алымы бұл мәселені түпкілікті шеше алмайды», деді А.Садырбаев.
Утилизация алымы не үшін енгізілді?
ECO Network стартапының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, көпшілік әлі де кәдеге жарату алымының не себепті енгізілгенін толық түсінбеген тәрізді. Іскер азамат бұл тәртіп қалдықтарды басқару жұмысын жолға қою үшін қажет екенін еске салды. Ол бұған жауапты ӨКМ операторының қызметін мұқият талдап, миллиардтап жиналған ақшаның қайда кеткенін анықтау күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі болуға тиіс деп санайды.
«ӨКМ операторы іске қосылғалы бері қалдықты басқару жұмысы оң жолға қойылды деп айтуға келмейді. Бұған қатысты дәлелдер жеткілікті. Тамақ өнімдері мен пластиктің түрлері бойынша қалдықты басқару міндеттері сол күйі орындалмай қалды. Оның орнына аталған оператор онсыз да іске асып жатқан макулатура мен пластиктің жеңіл түрлерін өңдеуді субсидияландырып отырды. Қалдықтарды бөліп жинау бағытындағы өңірлерде қаржыландырылған жобалары нәтижесіз болып шықты. Медеу мен Шымбұлақта электрлі карлардың қызметін ұсынып келгендерді қуып жіберіп, өз техникаларын жұмылдырды. Бұрын бұл қызмет 3 мың теңгенің көлемінде болса, ӨКМ оның бағасын 5 мың теңгеге дейін көтерді. Бұл 60%-ға қымбат. Неге осы туралы ешкім айтпайды? Қазір аталған компания жарты млрд-қа жуық қаражат жинағаны туралы айтылып жүр. Бірақ біздің дерегімізге сәйкес бұл соманың көлемі 3-5 млрд долларға жуықтайды. Неліктен осы мәселе көтеріліп, зерттелмейді? Ал қазір тек бір компанияның міндетін келесі бір ұйымға жүктей салу мақсаты тұрғандай әсер қалдырады. Осы компанияның қызметін тексеріп, халықтың қаражаты қайда жұмсалғанын анықтау бәрінен де маңызды деп есептеймін. Сонда ғана барлық мәселенің шеті көріне бастайды. Автокөлікті өңдеу саласын субсидиялаудың не қажеті бар, егер де бұл тетік тиісті деңгейде жұмыс істемесе? Дүние жүзінде көлікті өңдеу үшін 200-300 доллар ғана жиналады. Бұл сома жеткілікті. Өйткені автокөлікте өңделмейтін нәрсе жоқ. Осы бағытты дұрыс жолға қоя білсе, бұл – табыс әкелетін кәсіп. Сондықтан да ӨКМ операторының қызметіне толықтай тексеру жүргізілуге тиіс. Онсыз компанияның қызметін «Жасыл даму» АҚ-ға тапсыру орынсыз деп ойлаймын», деді Е.Мұхамеджанов.
Тәжірибелі экологтер қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова айтқандай, утилизация алымын отандық өндірушілерді қолдау тұрғысынан қарастыру қате. Өнеркәсіп кешендерін дамытуға арналған салалық ведомстволардың өз бағдарламалары бар.
«Утилизация алымы әуел бастан отандық өндірушілерді қолдау үшін енгізілмеген. Бұл өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қағидаттарына қайшы. Осы ретте отандық тауар өндірушілерді кәдеге жарату алымы есебінен ынталандыру мәселесі көтерілмеуі керек. Егер де мұндай міндет тұрса, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сынды жауапты ведомстволар өз бағдарламаларын әзірлеуге тиіс. Мұны утилизация алымы арқылы шешу қате түсінік», деген Л.Мәлікова елімізде тамақ өнімдерінің қалдықтарына ӨКМ аясында утиль алымы қарастырылмағанын жеткізді.
Жауапты ведомствоның ақпаратына сәйкес «Жасыл даму» АҚ – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағыныстағы ұйымы және мемлекеттің қатысу үлесі 100%-ды құрайды.
«Жасыл даму» «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның кәдеге жарату төлемін жинау, автоөндірушілерді ынталандыру, ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдік сертификаттарын (ваучерлер) беру, істен шыққан көлік құралдарын тапсырғаны үшін өтемақы төлеу, қалдықтарды жинаушылар мен тасымалдаушыларды және кәдеге жаратушыларды субсидиялау сияқты барлық қызметті Экологиялық кодекске сай атқаратын болады.
«ӨКМ қағидатын енгізу, ең алдымен, бизнестің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктерін құру есебінен қалдықтармен жұмыс істеу саласында елдегі проблемалық мәселелерді шешуге әсер етті. Бүгінде қалдықтарды қайта өңдеу үлесінің 2016 жылғы 2,6%-дан 2021 жылы 21%-ға дейін артқанын көріп отырмыз, осы кезеңде 264 мың тонна қаптама қалдығы, 310 мың тонна автомобиль бөлшектерінің қалдығы жиналып, кәдеге жаратылды», деді Экология министрі Серікқали Брекешев.
Қазір «Жасыл даму» АҚ екінші деңгейлі банктерде шоттар ашып, сондай-ақ төлем жүйелеріне өзгерістер енгізіп жатыр. Биыл 24 қаңтардан бастап «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдерін қабылдау жұмыстарын жандандырады.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасына бұрын берілген жеңілдік сертификаттары (ваучерлер) жарамды және келесі аптадан бастап жаңа оператор бұрынғы ӨКМ операторының сайты арқылы істен шыққан көліктерді жеткізуге өтінімдерді қабылдай бастайды. Ескі көліктерді қабылдау пункттері де қайта ашылады.
Сондай-ақ ведомство басшысы ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдік сертификаттары (ваучерлер) берілетін сома, сондай-ақ істен шыққан көлік құралдарын тапсырғаны үшін өтемақы төлемдері кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін қайта қарауды ескере отырып түзетілетінін айтты. Кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін ведомствоаралық жұмыс тобы қайта қарайды, оның құрамына қоғам өкілдері де кіреді.
Талқылауларды ескеріп, мөлшерлемелер бойынша биылғы ақпанның соңына дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің «Кәдеге жарату төлемін есептеу әдістемесін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізілетін болады дейді министрлік өкілдері.