Отандық рационализатор бастамасы қолдауға зәру
Қазақта рационализаторлар жоқ емес, бар. Солардың бірі – «Нұр» жаңа технологияларды енгізу клубы» ЖШС-нің бас директоры Нұрмағанбет Нұрпейісов. Ол – саналы өмірін жаңалық ойлап тауып, оны қарапайым тұтынушының игілігіне жаратып, адамдардың жұмысы мен тұрмысын жеңілдетуге арнаған жан. Осыдан біршама уақыт бұрын өнертапқышқа арнайы жолығып, кәсібімен танысып едік. Кейіпкеріміз соңғы жылдары әйнек, яғни шыны бұйымдар жасаумен шұғылданып жүр. Бұл істі індетіп іргелеткені сондай, осы күнде тапсырыс берушілердің барлық қалауын қанағаттандырып, қажет болса атқан оқ өте алмайтын әйнек жасап шығаруға да қабілетті. Оған 100 пайыз кепілдігім бар деп отыр өнертапқыш. Бұл шаруаны шақпақтамас бұрын, әңгімені әу бастан таратқанымыз жөн шығар. Нұрмағанбет бұрынғы Целиноград, қазіргі Астана қаласындағы Машина жасау техникумында оқыған. Сонау студент кезінде-ақ, өзінде рационализаторлық қабілет бар екенін аңдап, оны жүзеге асырып үлгірген. «Өйткені, қол еңбегінен ой еңбегін тәуір көретінмін», деді ол. Кәдімгі Целинсельмаш зауытында дипломдық тәжірибеден өту барысында, станоктан затты бір өткізу арқылы екі жұмысты орындауға болатынын аңғарады. Сөйтіп, қажетті құрылғыға қарапайым өзгеріс жасау арқылы еңбек өнімділігін арттырып, уақытты бірталай үнемдеуге болатынын, сондай-ақ екі адамның жұмысын бір кісі атқара алатынын цех шеберіне ұғындырады. Шебер де құймақұлақ біреу болса керек. Қол еңбегіне мойны жар бермей жүрген Нұрмағанбетке сол сәтте-ақ бостандық беріп, дипломдық тәжірибеден оңай өтетініне кепілдік береді. Тәжірибе мерзімі аяқталар тұста кейіпкеріміз тиісті құжаттарға баға қойдырып, белгі соқтыру үшін цехқа келеді. Сөйтсе, бұрынғы құрылғы бұл түсіндіргендей қайта жасалып, бір жабдық екі станоктың, бір адам екі кісінің ісін атқарып тұр екен. «Бұл жаңалықты кім жасады деп сұрағанымда, құрылғы құлағында тұрған жұмысшы баяғы шеберді айтты», деп еске алды. Нұрмағанбет Қазақстандағы өнертапқыштардың ойлап тапқан жаңа дүниелерінің бәрін дерлік шетел компаниялары алып кететініне налиды. Мәселен, ол өзі екі рет Қытайда болыпты. Екінші рет барғанында, «Жаңа, заманауи зор идеяларыңды жүзеге асыруға Қытайда барлық мүмкіндік бар. Сондықтан осында бір жола қалғаның дұрыс», деп үгіттепті Аспанасты елінің мамандары. Өзін «елін сүйген ер» санайтын Нұрмағанбет шеті көрінген ақшаның буына бой алдырмай, өз халқымен еңсе тіктегенді жөн санайды. Сөйтіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, өз ісін бастайды. Себебі, бюрократияға бой алдырған биліктен күткен қайыр тым кем еді. Десе де ол, Елбасының биылғы Жолдауына дән риза. Онда «Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн. Үкіметке биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін тиісті заң жобалары топтамасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырамын. Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар қажет», делінген. Осы заң күшіне енгенде өнертапқыштардың өрісі кеңи түседі деген үміт үкіленіп тұр. Осы уақытта аталған ЖШС 4 бірдей жаңа жобаны қолға алған. Бұйыртса, нәтижесі боларына сенім бар. Себебі, бұл жобалар Мемлекет басшысының назарына ілігіп, жақсы бағасын алыпты. Әйткенмен, Нұрмағанбеттің өзге рационализаторлардан ерекшелігі – ол өз жобасын өзі қаржыландырып, туындының көрсетілер үлгісін өз күшімен жасап шығарады. Мысалы, қазір «Әйнек» жобасын жүзеге асырып жатыр. Сол бойынша, үйін толығымен әйнекпен қаптап, сырт дуалды да әйнекпен тұрғызып шыққан. Әрине, ол әйнек кәдімгі шытырлап сынып түсетін шыны емес. Оның арасына өзі қалаған түрлі суреттер, тіпті ұлттық ою-өрнектер әрленген клеенка жүргізілген. Сондықтан, қатты соққыға аздап шытынағаны болмаса, төгіліп түспейтін көрінеді. Ойын балалары мен жолдан өткен көлік лақтырып кететін тасқа тіптен мыңқ етпейді екен. Кейіпкеріміздің айтқандарына сенсек, әйнекпен қапталған қабырғалардың артықшылығы көп. Біріншіден, Сарыарқаның сары аязы сақылдап тұрған шақта, күннің көзі шығып тұрса жылуды 25-30 пайызға дейін үнемдейді. Ал ерте көктемде 40-45 пайызға дейін үнем жасалғаны 3 жылдан бері дәлелденіп келеді. Себебі, әйнек күннің жылуын бірнеше есе күшейтіп өткізеді. «Тәжірибеге қойған үйіміз орталық жылу жүйесіне қосылған. Содан, жылу мөлшерін анық айырып отырмыз», деді өнертапқыш. Қабырғасы әйнекпен қапталған үйдің іші жаз айларында қалай болар екен деген сұрақтың осы арада туары анық. Үйдің іші жанға жайлы, қоңырсалқын болатын көрінеді. Себебі, әйнек арнайы солай жасалған. Қазір, сөз болған үйде ауабаптағыш құрылғы мен желдеткіш мүлде пайдаланылмайды екен. Тағы бір қызығы, әйнек қабырғалар адамның көңіл күйінің жақсы болуына әсер етеді. Өйткені, онда өзіңнің көңілің қалаған түспен ұлттық ою-өрнектер әрленген. Мұнымен қатар, үйдегі дөңгелек үстелдер де әйнектен жасалыпты. «Менің салмағым 100 келі тартады. Сол үстел менің салмағыма еркін шыдас береді. Оның үстіне бильярд тасы абайсызда түсіп кетсе шытынамайды да. Әдейілеп, белгілі биіктіктен тастап көруіңізге де болады», деп күмәнімізді сейілтті ол. ЖШС-нің бүгінгі негізгі табысы осы әйнектен түсіп жатыр. Соның арқасында рационализатордың жаңа идеялары дүниеге келуде. Былтыр қар жинайтын және табан астында ерітіп суға айналдырып ағызатын құрылғы ойлап тауыпты. Бұл технология еліміздің солтүстік өңіріне, әсіресе Астанаға ауадай қажет. Осыдан бірер жыл бұрын елорда әкімдігі Еуропа елінің бірінен осындай машина алып келіп іске қосқан. Ол техника Астананың қатал климатына төтеп бере алмай, қатты аязда қатып қалыпты. Ал Нұрмағанбет ұсынған қар еріткіш технологияны қала әкімінің тиісті салаға жауапты орынбасары қош көріп, дамыған елдерге сұрау салыпты. Одан еш жерде жоқтығына көз жеткізіпті. Сөйтіп, арнайы комиссия жасақтап, құрылғыны сынақтан өткеруге жіберіпті. Осы сәтте отандық Еуразия-1 және 24 KZ телеарналары да қатар келіп, кейіпкеріміздің қар еріткіш технологиясының жұмыс істеу барысын түсіріп, бүкіл елге көрсеткен. Әйткенмен, комиссияның көңілінде сейілмеген кіді әлі бар көрінеді. Себебі, содан кейін қара көрсетпей келеді. Егер, осы технологияны кәдуілгі қартазалағыш машинаға айналдырып, іске қосса Арқаның қандай да қатты аязында іркілместен жұмыс істеп, қаланы әп-сәтте қардан тазалауға, сондай-ақ, көп жұмыс күші мен тазалыққа қатысты шығыс қаражатын көп үнемдеуге мүмкіндік тудыратын еді. Өнертапқыш бұл есебіне нық сенімді. Аталған жоба жүзеге асса, машина қарды жинап алып сол сәтте-ақ оны ерітіп суға айналдырады, сөйтіп, елордадағы үш ауданның осы жүйеге арналған кернеулі кәріздері арқылы ағызып отырады. Бұл жағдайда біріншіден, техника қала сыртына қар тасуға сабылмай жағар-жанармай үнемделеді. Екіншіден, қыстың қысқа күні тиімді пайдаланылады. Ал комиссияның кіді көңілі көрініп тұрған пайданы кері итеріп тұр. Мұның бәрін Нұрмағанбет налыған кейпімен әңгімеледі. «Егер технологияңыз расымен Арқа аязында қарды ерітіп ағыза алса, қазақ өнертапқыштарының қабілеті Еуропа рационализаторларынан бірде-бір кем емес екенін мойындар едім», деген қала әкімінің орынбасары да өз сөзінен тайқып кеткен сықылды. Негізі Нұрмағанбет өз саласы бойынша нақа елеусіз де емес. «Алтын сапа» бағдарламасының қатысушысы. Алғашқы жылы өнертапқыштық бойынша мәртебелі бірінші орынды, үш жылдан кейін үшінші орынды жеңіп алған. Ал былтыр Астана әкімдігі «Ең үздік инновациялық кәсіпорын» грамотасын берген. Өз туындысын Елбасыға көрсетіп тұрғанда түскен суреті де бар. Ал өткен жаз айларында Украинаның Севастополь қаласында өткен Халықаралық өнертапқыштар көрмесіне қатысып, алтын және күміс медальдарын қатар алып қайтқан. Осы көрмеде туындыларын идея тұрғысында ғана дәлелдеп қайтпай, бірқатарын патенттеп те алыпты. Бұл табыстарынан Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау хабардар. Бәрібір нақты қолдау немесе қорғау жоқ. Қорғау демекші, бұлардың идея түріндегі жаңалығы былай тұрсын, патенттеп қойған туындыларын да пайдаланып кететін ағайындар бар көрінеді. Өз еліміз түгілі, көрші Ресей алпауыттары да идея ұрлауға құмар екен. Мысалы, Алматыда Нұрмағанбет ойлап тапқан технология бойынша блок жасауды бастаған. Сондай-ақ, екі астанада да мұның идеясын пайдаланып, әйнектен түрлі заттар шығаруды жоспарлап жатыр екен. Ал Ресейдің мамандары жылу шығаратын екілік радиатор жасауды қолға алыпты. Оның бәрімен соттасып, салғыласып жүруге рационализатордың уақыты да, жүйке тоздырып жүгіруге құлқы да жоқ екен. Бастысы, идеяларым жүзеге асып, адамдардың игілігіне жаратылса болады деген ұстанымда жүр. Тағы бір мысал, Астанадағы бағдаршамдарда тұрған кері санайтын таймерлерді орнату идеясы осы Нұрмағанбеттің жаңалығы болған екен. Оны бүгінде бір үлкен кісі иеленіп алып, пайдаланып жатыр. Содан қыруар пайда тауып отырғаны да рас. Таныстары өнертапқышқа патенттелген дүниені неге даулап, сотқа жүгінбейсің деп ренжіпті де. Ал ол үшін, көлік кептелісі шамалы болса да таратылып, апатты оқиғалар саны азайса болғаны. Өнертапқыштың ұлы да рационализатор. Астанада «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ іске қосылып, алғашқы Evolution тепловозы құрастырылып шығарылғанда, Американың газымен оталатын теміржол машинасы Қазақстан газымен қозғалмай қойыпты. Соның тиісті технологиясына өзгеріс енгізіп, қазақстандық газға шақтаған Нұрмағанбеттің ұлы екен. Нәтижесінде, Қазақстанда құрастырылған жүздеген тепловоздар отандық шойын жолдарда жүр. Тіпті, жақын шетелдерге де сатыла бастады. Бәрін айт та бірін айт, ел Үкіметінен қолдау мен қорғау болса, отандық рационализаторлардың өнері өрістеп, ел-жұртын дамыған 30 елдің қатарына тартары ғажап емес. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».ТЖМ автопаркі заманауи көліктермен толықты
Қоғам • Бүгін, 17:15
Мемлекетке тіркелген алтын қоры 522 тоннаға ұлғайды
Қоғам • Бүгін, 17:02
Қырғызстанның бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі ұсталды
Әлем • Бүгін, 17:01
Шығыс Қазақстан облысында жоғалған екі қыз табылмай жатыр
Аймақтар • Бүгін, 16:56
Румыния мен Болгария Шенген аймағына қосылады
Әлем • Бүгін, 16:50
Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына барды
Президент • Бүгін, 16:35