Қазақстан • 26 Қаңтар, 2022

Алау ұстаған азамат

476 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Жан алауы – қолында. Жүрек қалауы – жолында. Ат жалын тартып мінгелі «елге болсын» дейтін азамат аз емес. Солардың арасында Дархан Мыңбай есімі жарқырап көрінеді.

Алау ұстаған азамат

 

1978 жыл. Жуан жаз. Қа­зақ­тың С.М.Киров атындағы мем­ле­кеттік университетіне емти­хан тапсырып жатырмыз. Жур­факқа қабылдану үшін мем­лекет­тік төрт емтиханның алдын­да шығарма жазудан және ауызша әңгімелесуден екі сынақ болады. Журналист болсам дейтін талапты жас көп, соның бірсыпырасы дәл осы екі сынақ кезінде сыпырыла құлайды. Сөйтіп, бір орынға екі жүз, кейде үш жүз та­лапкер болса, соның талайы «тоңқалаң» асып қалады. Одан кейінгі емтиханның бәрі абитуриент үшін қылкөпірдің өзіндей: әр емтихан алдында бір Аллаға сыйынып, күндіз-түні көз ілмей дайындалып, бірінен өтсең – үміт оты маздап, іле-шала екіншісіне әзірленіп әбігер болып жататын кез. Алматыға жан-жақтан жиналған талапкерлердің бір-бірімен танысып та үлгермеген сәті. Бірақ әр емтиханға дайындық барысында КазГу-дің корпусында жиі жолығамыз, бір-біріміздің түрімізді танимыз; бір-бірімізге тілекшіміз, кейде емтиханға бірге әзірленеміз, әйтеуір журна­лис­ти­ка факультетіне құжат тап­сырғалы бәрімізден маза кеткен; күлімдеу аз, уайымы көп уақыттың жетегінде жүрген едік. Дарханды ең алғаш сол кезде кө­ріп, танысып, асқақ арман же­те­гіне бірге жалғасқанбыз.

Дәл төртінші емтихан Дар­хан­ға ауыр тиді. Тарих пәні­нен барлық сұрақтарға мүлтік­сіз жауап беріп отырған талап­ты шә­кірт­ке ұстаздар қасақана «екі» де­ген баға қойды. Сол уақытта албырт жастың бірден екі иығы еңкіш тартып, әділетсіздікке жаны шыдамай еңкілдей жылап бара жатқан сәт әлі күнге есімде. Оқуға түспей қалғанына қатты налыған да болар, бірақ оның жа­нына қатты батқаны – қарадай әді­летсіздікке ұрынғаны еді. Бә­­ріне жауап беріп отырғанда «құ­­лата» салғанына күйінді. «Өмір­де әділдік деген бар ма, жоқ па?» деп дәл сол күні оның түнімен көз ілмей шыққаны дау­сыз. Әділдіктің, әділеттіліктің, туралықтың жақтаушысы болу туралы бәлкім, ол тап сол күні белгілі бір тоқтамға келген де болар. Әйтеуір мен білетін Дархан қы­рық жылдан асты-ау, қашан да әділет­тің ақ жолымен жүріп ке­леді.

1979 жыл. Қоңыр күз. Оқуға түс­кен жастар бір-бірімізбен шұр­қы­расып, КазГУ-дің журфагінің 101 аудиториясына жиналдық. Дархан ә дегеннен байсалды, ойлы, жауапты жігіт ретінде танылды. 102 группаның комсоргы болып сайланды. Сабақтан қал­май­ды, берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды. Көп ұзамай курс­тас жігіттердің ішінде оқу­да алғырлығымен көзге түсті. Был­тырдан таныстығымыз бар, оқу барысында тіптен жақын ара­ласып, біртіндеп достасып кеттік. Ол кезде ауылдан келген балалардың көбісі орысша жақсы біле қоймайды, антикалық әдебиеттен Морозова деген апай сабақ беретін; фото ісінен Редкин ағай береді, емтиханға бәріміз бірлесе әзірленетін әдіс таптық; кейбірімізге берілген әдебиеттің бәрін оқып шығуға уақыт қайда, кім Пушкин атындағы кітап­ха­наға барып, жақсылап дайын­далып келеді, сол оқыған-тоқы­ға­нын айтып ортаға салады. Осындай әдістің арқасында курс болып сынақтардан сүрін­бей өтіп жүрдік. Дархан, Алтынбек, Бейбіт, Еркін, Шәмші оқып, білгендерін баяндау­дан жа­лық­пай­ды. Есесіне кітапха­на­ның да, кітаптың да бетін ашпайтын Қал­жігіт, Абдолла, Әбен секілді жі­гіттер олардан естігендерін Мо­ро­зова сияқты апайлардың ал­дын­да өздері оқып келгендей кө­сі­ле сөйлеп айтып беретін.

Сол уақытта біздер ерекше бір әдет таптық. Сабақтан қолымыз босай қалған кезде Есік қаласына барып, Алтын Адам табылған жерді көруге бір аттансақ, енді бірде Жамбыл Жабаевтың басына барып тәу еттік. Одан Абайдың басына, Шоқан жерленген Кербұлақ жаққа, сосын Қорқыт Ата ескерткішіне, содан соң Сайрамға барып, Ибрахим Атаның, Қарашаш Ананың рухы­на тағзым етуді үрдіс еттік. Түр­кіс­танға, Арыстан Бабқа, Се­мей­ге, Сыр өңіріне, сөйтіп студент кез­дің өзінде Қазақстанның талай жеріне бардық...

1980 жыл. Аңыраған ақпан. Қорқыт Атаның басына бару­ға, одан соң екі мәрте Со­циа­листік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев ата­мы­з­ға сәлем беруге Қызы­лор­да облы­сына тартып кеттік. Күн суық. Қызылорданың үскірік желі бет қаратпайды. Жолды да, жобаны да жөнді білмейміз. Жо­са­лының ар жағындағы Қор­қыт Ата кесенесін күн еңкей­ген тұста таптық. Сәулетші Бек Ыбыраевтың тұрғызған қобыз бей­несіндегі биік ескерткіштің тү­бінде отырып, Қорқыт баба­мыз­ға арнап дұға оқыдық. Ар жағындағы Қырық Қызға да құран бағыштадық. Қайтар уақыт болғанда күн әбден кешкіріп, қараңғы түсіп те кетіп еді. Бейбіт Сапаралы, Дархан үшеуміз үлкен жолмен жаяу тартып келеміз. Үшеуміз де Алматыдағыдай жұқа киінгенбіз, басымызда шляпа, үстімізде қаудырлаған бірдеңе; арт жағымыздан жылт еткен жарық көрінсе, жалтақ-жалтақ қараймыз – үздіксіз өтіп жатқан көліктің бірде-бірі тоқтайтын емес, тұсымыздан зырылдап өте шығады. Ымырт үйіріліп, қа­раңғы түсті, көз байланды. Жолай ақ кірпіштен тұрғызылған зираттарды көргенбіз, дәу де болса, соның бірін паналап, тү­неу­ге ұйғардық. Сөйткенше бол­май, әлсіз жарығы алыстан жыл­тылдап көрініп, тұсымызға қы­бырлап әзер жеткен бір үл­кен жүк машинасы тоқтай қал­ды. «Перегон» келе жатқан қыр­ғыз шопыр екен, тәңірі жа­рыл­қағыр, жақын маңайда елді мекен көрінсе демалмаққа бе­кі­ніп келе жатқан, үсті-басын қан жу­ған, көлігінің алдыңғы тере­зе­сі быт-шыт болып сынған ол айдаладағы біздерге жөн сұрау үшін тоқтаған екен. Жосалыға жеттік. Сонда біздің Қармақшы аудандық газетінде редактор болып істейтін жегжатымыздың үйі бар-тын, түнделетіп сол үйге жетіп, сәл тынығып, ертесіне таң атпай жолға шықтық та Шиеліге келдік. Біздің үйде болдық. Одан соң «Қызыл ту» колхозында тұратын даңқты дихан атамыз Ыбырай Жақайұлының үйіне барып, сәлем бердік. Задында көп сөзге жоқ, бүкіл ғұмырын еңбекке арнаған абыз атаның алдында отырмыз. «Қай жақтың баласысыңдар?», деп Ыбекең сауал тастады. Бейбіт – Семейден, Дархан Шымкенттен екенін айтты.

– Ол жақтағылар мені біле ме өзі? – деді атам. – Білгенде қандай, – деді Дархан мен Бейбіт. Ыбекең бізге ақ батасын берді. «Мен оқи алмадым. Өмір қара жұмыс, бейнетпен өтті. Сендер жассыңдар, оқыңдар, білім алыңдар, елге жұмыс істеңдер!» деді.

Сол Ыбырай атамның батасы үшеу­мізге де жаман болған жоқ. Дархан іле-шала Мәскеу­дің М.Ломоносов атындағы уни­верситетіне оқуға аттанды. Бейбіт екеуміз КазГу-ді тәмам­да­дық. Осылайша біздің өмір жо­лымыз бірге өріліп, қанат­таса, қатарласа өсіп жаттық...

Қазақта «Мата жинама, бата – жина» деген жақсы сөз бар. Дарханның бұдан кейінгі өмір жолы бата жинауға бағытталды. Ол дүниенің соңына түскен жоқ, нешетүрлі мемлекеттік қызметте жүргенде бір жерде жаман аты шыққан жоқ; тек қана бір Аллаға сыйынып, еңбегі мен қабілетіне сүйеніп, халықтың ықыласы мен ілтипатына бөленіп келеді. Ыбырай атаның батасы қабыл бол­ды – Дархан Мәскеуге дейін ба­рып оқыды, ел игілігі үшін жұмыс істеп жүр.

Біз студент кезімізде «Шіркін-ай, неге біз анау Алаш заманында тумадық екен? Сол уақытта туғанымызда қазақ елі үшін талай нәрсе істеуге талпынар ма едік» деп жиі армандайтынбыз. Сол арманды көктегі құдай жерден берді де, біздің нағыз жұмыс істейтін шағымыз Тәуелсіздік кезеңімен тұспа-тұс келді. Қазақ мемлекеттілігін қа­лып­тастыруға, тәуелсіздік тетік­­терін іске қосуға, ел егемен­дігін баянды етуге Алтынбек Сәр­сен­байұлы досымыз бас болып, қайнаған өмірдің бел ортасында осы Дархан Мыңбай бел шешіп, білек сыбанып жұмыс істеді. Әлі де осы бағыт Дархан қызметінің негізгі бағдары. Қашан көрсең де елдің, жұрттың жұмысына жегіліп, күнді түнге, түнді күнге ұластырып бейнет кешіп келеді.

Кезінде Жоғарғы Кеңесте істегенде Дархан Қамзабекұлы тікелей аударма жасау ісімен айналысты. Бірде маған «аударма ісімен осыдан 20 жыл бұрын маман даярлау қолға алынды. Талай адам оқып шықты. Қазір қайда солар? Өткендегі Астана экономикалық форумында Ердо­ған­ның сөзі аударылмай қалды. Сол сияқты мысалдар өте көп. Қайда жүр аудармашылар? Егер олар­дан аудармашылар тобын жа­сақтай алмасақ, Білім ми­нистр­­лігі қайда қарап отыр? Оқы­­­тып не керегі бар онда? Осы мәсе­ле­ні көтеру керек», деп үл­кен мәселені қозғағаны бар.

Дарханның ісі де, сөзі де, өзі де қашан да елдің алдында, жұрт­тың назарында.

Дархан Оңтүстік Қазақстан облысында әкімнің орынбасары болып жүргенде талай жиын өткізді. Талай жерде сөз сөйледі. Сондай шараның бірі – облыстың 75 жылдығына арналған «Өнерлі өлке суретшілері» альбомының тұ­са­у­кесері еді. Тұңғыш рет оң­­түс­­тік­қазақстандық суретші­лер­­дің шығармашылық жұ­мыс­тары жинақталып, осы өлке­дегі кескіндеу өнерінің негіз­гі даму кезеңдерін нақты түсі­нік­те­мелермен баяндайтын альбом жобасының жетекшісі Дархан Мыңбай болатын. Бұл басылым Оңтүстік өлкесінің елге танымал, Қазақстан өнері­нің дамуы­на еңбек етіп, өз үлес­терін қосқан 94 суретшінің шығар­ма­­шы­лығына түсініктеме бере­ді, ерекшеліктерін екшелеп көр­се­те­ді.

Дарханның баяғы Редкин ағай­дан алған дәрісі текке кет­пеп­ті, ол өзі де қолы қалт етсе, сурет түсірумен айналысады. «Ақсу-Жабағылы» қорығы тура­лы шыққан түрлі-түсті кітапта Дархан жанарына жалт етіп ілін­ген небір әдемі картина көрі­ніс тапқан. Дарханның архив ісіне құнттылығы өз алдына жеке бір әңгіме.

Газет оқығанға оңай. Газет қол­ға ұстағанға оңай. Газет жырт­­қанға тіпті оңай. Ал оны шы­­­ға­рудың қиындығын күн са­йын газет шығарып келе жат­қан­дар жақсы біледі. «Өркен – Го­ри­зонт» газетінде бас редактор болғанда Дархан Мыңбайдың редакторлық қыры жақсы танылды. Бұл газетте оның алдында Алтынбек Сәрсенбайұлы, Бейбіт Исабаев бас редактор болған.

Оқырманға – сөз керек. Ойлы сөз. Нәрлі сөз. Әрлі сөз. Баспасөз нарығы – арзан сөздің де, маржан сөздің де базары. «Бір адам от жақса, мың адам жылынады» дейді қазақ. Дархан Мыңбайдың жұртқа жан жылуын сыйлаған қаншама мақаласы шықты.

Мемлекеттік қызметте жүріп ойға келгенді қойып қалуға, орайсыз бір істі солқ еткізіп жасай салуға әсте болмайды. Дархан әр істі ой таразысына салып, әбден өлшеп-пішіп, кемеліне келтіріп барып жасайды.

Ал Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызме­тін­де жүргенде Астанада «Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу­дің өзек­ті мәселелері» тақырыбында дөң­гелек үстел өткізді. Сонда Дархан Қамзабекұлы биік мін­берде тұрып: – «Біздегі таптау­рынды үрдіс бойынша кейде істі қарау үдерісі орысша қолға алынып, толықтай сол тілде жүргізілетіні жасырын емес. Енді осы көріністі басқаша қайта жасап біртіндеп жүзеге асыратын мезгіл де жетті. Яғни істі қарау мүмкіндігінше мемлекеттік тілде ғана жүргізіліп, ал қажет болған жағдайда орыс немесе өзге тілде қолданылғаны дұрыс болар еді», деді.

Сөйтті де өз пайымдауын кел­тірді: – «Тілдерді дамыту мен қол­данудың 2011-2020 жалдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекіді. Бағдарлама талабы бойынша халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді мең­ге­руі тиіс». Бүгінде респуб­ли­ка бойынша жергілікті және ат­қа­ру органдарында іс жүргізу мемлекеттік тілге көшіріліп отыр. Ішкі саясат бөлімінде талай азамат істеді, бірақ дәл менің жеке па­йымдауымда мәселені тап осылайша төтесінен қойып, Астана төрінен ашық айтқан адам шамалы. Дархан мемлекеттік тілдің шынайы жанашыры ретінде істің тетігін таба біледі, тілімізді өмірлік қажеттілік ету жолында ең бір өзекті салада қозғалмай тұрған тетікті тезірек түртіп жі­берді.

Тіл-тіл деп қызыл сөздің көпі­рі­гін сапырып жатқан жоқ, кеуде қағып дау-дамай, айғай-шу шығарып жүрген жоқ; бәрін де өз ретімен, орын-орнымен ұстамды да салиқалы саясат негізінде жасап жүр. Ең бастысы ісінде дәйектілік бар. Айтқан сөздің орындалуына бас мән береді. Дархан ел басқару ісінде бір кісідей тәжірибе жинады, бар жиған білім мен білігін мемлекет пен халық ісіне арнап келеді.

Дарханның жұртшылықтың ойын тап басатын, кейде әдемі әзілмен, кейде бір тәмсілдермен жиналғандардың көңілінен шы­ға­тын қасиеті жөнінде ақын Әбілда Аймақ былай деп еске алады: «Мархабат Байғұттың мерейтойын өткізуге Түлкібас ауданына тарттық. Састөбенің бұрылысына келіп тоқтадық. Осы жерде бізді аудан әкімі Дархан Мыңбай қарсы алып, әрі қарай алып жүрді. Бізге аудандық газеттің редакторы Рүстем Өмірзақов бастаған журналистер қосылды. Шай үстінде ылғи көптің көңілін табуға тырысатын, көпшіл және сезімтал да ұғымтал, зерек, үлкен ақыл иесі Дархан Мыңбай бір әңгіме айтты: – «Баяғыда Дағыстан халқының көсемі Имам Шәмілдің кезінде елде ақын көбейіп кетіпті байқап отырса, анау да ақын, мынау да ақын, тіпті ақындардың көптігінен адам мезі болғандай екен. Бір күні Шәміл жарлық шығарыпты. Ол жарлығында кім де кім ақын болса, ертеңнен бастап терең зынданға тасталады делініпті. Осы жарлықтан кейін-ақ қаптап жүрген 300 ақыннан үш-ақ ақын қалыпты. Ақыры жарлықты орындаушылар үш ақынды әкеліп зынданға тастапты. Шәміл оларға өлең жазғандарыңды қоймасаңдар, тамақ та берілмейді депті. Со­ны­мен не керек, үш ақынның екеуі өлең жазуды сап тыйып, біреуі-ақ қалыпты. Ал ақынды зынданнан шығарған Шәміл елді жинап: «Міне, нағыз ақын – осы!» депті. Ақырында ақынға мол сыйлық беріп үйіне қайтарған екен». Дархан осы әңгімесімен мерейтой иесі Мархабат Байғұттың мерейін тасытып, мәртебесін биіктетіп жіберді.

Дархан Мыңбай Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалғанда, сөз бен істің қадірін білетін азаматтардың бәрі қуана қабылдады. Мәдениет пен ақпараттың басына баяғы Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты талантты да талапшыл, өрелі істің өрісін, парасат­ты­лық­­тың пайымын, ақпараттың ахуалын білетін ұлтжанды, мем­ле­кетшіл тұлға келді деп бір-бірі­нен сүйінші сұрасып жатты.

2012 жыл. Алматы. Сағат 3-тен өте Дархан хабарласты. «Алматыға келдім, кешкі бес жа­рымдарда қолым босайды, жо­лығайық», деді. «Ақсер» қо­нақ­үйіне орналасқан екен. Түнгі 12-ге дейін қауқылдасып әңгі­мелестік. Дархан өзінің жос­пар­ла­рын айтып, пікір бөлісті. Ол айтысты өткізудің жаңа жобасын ұсынды. «Бұрынғыдай он шақты адам емес, айтысқа екі-ақ адам шығады. Баяғы «Біржан Сал мен Сараның» айтысы сияқты. Бір өңірден екі адам шығуы да мүмкін. Жеңген ақынға алтыннан жасалған домбыра сыйға тартылады. Бірақ ол домбыра ауыспалы болады. «Алтын домбыра» жүлдесін қатарынан үш рет иеленген ақынға домбыра сыйға беріледі. Сонда айтыстың мәні өзгеріп, мағынасы артады. Қазақтың сөз өнері өзінше өрнекпен то­лы­ғады», деді ол. Кейін дүр­кіреген «Алтын домбыра» жобасы осылай келген.

Содан соң қазақтың мақал-мәтелдерін әйгілейтін ескерт­кіш­тер­ді қою, балаларға арналған әндер, прозалық және поэзиялық шығар­малар жөнінен конкурс ұйымдастырғысы келетіндігін сөз етті. Анимациялық және мультипликациялық фильмдер жасау туралы ойларын айтты.

Дархан сөз арасында: «Дін мәселесімен біраз айналысқанда көзім жеткен бір нәрсе – бұл тақырыпта ешкіммен дауласып, пәтуа таппайды екенсің, осыны ұқтым. Сосын тіл мәселесінде де тап солай екен. Осы екі нәрсеге араласып, дауласпаймын, деп шештім», деді. Ол тіл-тіл деп шулап жүргендер «неге күніге бір рет болса да кемшілікті өз қолыммен түзейін демейді, жұрттың бәрі сынап, мінегенге шебер, ал нақты іспен ешкім айналысқысы келмейді, тек сырттан қарап тұрады» деп кейістік білдірді.

Дәкең әзілге, қалжыңға шебер. Білмейтін анекдоты жоқ. Әңгімені де аңқылдап күліп алып, жарқылдап айтады. Бірде «Ұйғыр театрына барғанда театр директоры маған сол жерде тұрған дутарды сыйға тартты. Мен сол жерде Шәкен Аймановтың оқиғасын айтып бердім. «Шәкен Айманов Мәскеуге барады. Одақтас ел­дер­дің бір өкілінің туған күні болып қалған екен, соған не сыйлау керек дегенде бас қатырып жатпас­тан қонақүйде тұрған вазаны алады да қағазға орап апарып, «мынау қытайдың вазасы, қолдан жасалған, бірнеше ғана данасы бар, соны сізге сыйлаймын», деп керемет сөйлейді. Елдің бәрі «Ой, Шакен и здесь опередил нас» деп таңдана қол соғады. Ертесіне әлгі мерейтой иесі қо­нақ­­үйден шығайын десе, вазаны қалдырыңыз, дейді. Неге десе, ол қонақүйдің заты, сенбесеңіз астында инвентарь нөмірі бар деп көрсетеді. Мерейтой иесі Шәкенді кездестіріп қалып: – мені ұятқа қалдырдыңыз ғой, мынау зат қонақүйдікі екен ғой, деп өкпесін айтады. Сөйтсе Шәкен аз-кем пау­за жасап, «Зато от души» деген екен. Сол сияқты мынаның да инвентарь нөмірі болып жүрмесін», деп едім, күлкіден қырылып қала жаздады, деді.

Даладай – дархан, баладай – ақкөңіл, ақпейілді Дархан дос туралы аттың жалы, түйенің қо­­мында, асығыс жүргенде туған аз-кем сырдың баянын ірке тұрған да жөн. Әйтсе де бір нәр­сені ашық айту керек: – Дархан да, мен де, менің қаншама тұр­ғы­лас достарым да ең алдымен бір Аллаға шүкіршілік айтуымыз қажет, сосын бізді дүниеге алып келген ата-анамызға өлшеу­сіз қарыздар екенімізді атап айтқа­нымыз ләзім; егер қан майданнан аман-есен оралған әкелеріміз болмаса, олардың әрқайсысы оншақты баладан артына ұрпақ шашпаса, біз осындай болар ма едік!?. Дарханның әкесі Қамзабек қария елге сыйлы, өле-өлгенше халық деп қам-қарекет жасаған адам болса, анасы – иманы саламат болсын, өмірге 15 бала әкелді, тәрбиеледі, азамат етіп өсірді. Шын ескерткіш соларға қойылуы тиіс. Біз оларға өмір-бақи қарыздармыз. Біздің атқарып жүргеніміз азаматтық парыз ғана...

Дарханның журналистикада жүргенде былайғы жұрт біле бермейтін псевдонимі болатын. «Шабандоз» деген! Сол сөз түйін: тұлпарыңның шашасына шаң жұқпасын, Шабандоз!

 

Нұртөре ЖҮСІП