Жуырда Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті «Ономастикалық жұмыстарды жүргізудің заңнамалық негіздері» атты республикалық семинар өткізді.
Соңғы бес жылда еліміздің өңірлерінде белгілі нысандарды, елді мекендерді, көшелерді, білім мен мәдениет мекемелерін қайта атау кезінде бірқатар олқылықтардың орын алуына байланысты ономастика жұмысына уақытша мораторий жарияланған болатын. Содан бері ономастикаға қатысы бар үш заң мен бір кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Сондай-ақ, былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеп, ол қабылданған.
Семинар жұмысында Мәдениет министрлігі Нормативтік лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы Серік Сәлімов баяндама жасады. Ол ономастика мәселесіне қатысты әзірленген Заң өткен жылдың 21 қаңтарында қабылданып, қолданысқа енгізілгенін, онда жергiлiктi атқарушы органдарға көрнекi ақпаратты ресімдеу ісіне бақылау жүргізу және заң талаптарын бұзғаны үшін жауап-кершілікке тарту құзыреті берілгенін, сонымен қатар, аталған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары әзірленіп, бірқатары Үкімет қаулыларымен бекітілгенін, ол қаулының ең соңғысы осы жылдың 14 ақпанында қабылданғанын атап өтті.
Жалпы, семинар қаулылардың жүзеге асыру барысын талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Ол сауалдар: «Облыстық ономастикалық комиссияның құзыреті қандай?» «Аса көрнекті» деп кімдерді атаймыз?» «Елді мекендерге атау берген кезде аумақ халқының пікірін ескеру қаншалықты әділетті?» деген тұрғыда өрбіді. Оларға байланысты республикалық ономастикалық комиссияның мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов өз ойын былайша жеткізді: «Меніңше, аса көрнекті тұлғалар алған атақ-абыройларымен, орден-медалдарымен емес, елге, ұлтқа жасаған қызметімен анықталуы тиіс. Бұл жерде көп мәселе ономастикалық комиссия мүшелерінің білім-білігіне, ақыл-парасатына тәуелді. Ал, қаулыдағы жергілікті халықтың пікірін ескеру керек деген мәселеге келсек, бұл өте күрделі, шым-шытырық жағдай. Жергілікті халықпен кейде санасу керек, ал кейде басқаша жағдайлар да болады. Мұны жақсылап ойлану керек».
С.Негимов ономастика жұмысына қатысты біршама ойларымен бөлісті. Профессордың айтуынша, елді мекендердің байырғы атауын қалпына келтіру, көшелер мен мектептерге, университеттерге, ауылдарға қазақ тарихындағы елеулі тұлғалардың аты-жөнін беруде бүгінге дейін республика бойынша көптеген жұмыстар атқарылған. «Бірақ, Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысында кеңес заманындағы атаулар әлі тұр. Сондай-ақ, қазақ тарихындағы белгілі, өз орны бар кейбір адамдар аталмай қалып жатыр. Себебі, олардың іздеушісі жоқ. Ал, көрнекті тұлғалар дүниеден өткен соң бес жылдан кейін олардың аты-жөнін елді мекендер мен нысандарға беру жайы да онша дұрыс емес. Бұған ұзақ уақыт керек».
Жалпы, семинар жұмысы қызу пікірталас жағдайында өтті деуге болады. Өйткені, ономастика өз ішінде қайнап жатқан тұйық сала емес. Оның жұмысы ашықтық, қоғамның пікірімен есептесу қағидатына негізделген. Оған қоса бұл жолы Үкіметтің соңғы қаулысында атау беру мәселесінде аумақ халқының пікірін ескеру қағидаты енгізіліп отыр. Сондықтан, бұл әлі пікірталастың кіріспесі деуге болады.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».