Аймақтар • 26 Қаңтар, 2022

Арлан – «біздің Терминатор»

70 рет көрсетілді

Егер қаңтардағы қасіретті күн­дерге куә болған Алматыдағы Рес­публика алаңының айнала­сын­дағы салынғанына қырық жыл болған үйлердің қабырғаларына тіл бітсе, талай әңгіме тарқатылары сөзсіз. Оқ пен оттың ортасында бірнеше күн қатарынан ұйқы көрмеген осы­нау үйлердің тұрғындары өз­де­рін қалай құтқарғанын білеміз бе?

Ресми деректер мегаполисте 291 ғимарат, оның ішінде 62 әкімшілік ғимарат зардап шекті дейді. Егер Алма­тының тұрғындары көзсіз тәуекелге бармағанда, келтірілген шығын мен қайғылы оқиға мұнан да көп болатыны даусыз еді. Егер осы тұрғын үйлердің астына орналасқан мейрамханалар маро­дерлардың жемтігіне айналып, олар қойған өрт ауыздықталмаса, үстін­дегі пәтерлер жалынға оранып, жапсарлас үйлердің де аман қалмасы анық еді...

Куәгерлердің айтуынша, барлық сұмдық 5 қаңтар күні сағат түскі екіден кейін басталған. Бүлікшілердің үлкен бір тобы жолындағының бәрін жайратып, қалалық әкімдік ғимаратын өшпенділікпен қиратып, айналасының бәріне от қоюға кіріседі. Қарапайым тұрғындар үйлерінің терезелерінен қарауға да батылдары бармаған. Ал сол күні кешке қарай Сәтпаев пен Назарбаев көшелерінің қиылысындағы үйдің жертөлесінен өрт шығады. Алматының байырғы тұрғындары бұл үйді кезіндегі «Океан» дейтін дүкен арқылы жақсы біледі. Қазір де бұл үйдің бірінші қабатында алматылықтардың сүйікті 5 мейрамханасы бар.

Республика алаңының айналасын­дағы бір де бір ғимараттың, тіпті телеар­налардың аман қалмағанын көрген 40 шақты тұрғын өз бетінше өртті ауыз­дықтауға тырысады. Бұл кезде пә­тер­лерде ер-азаматтар жоқтың қасы. Бірі жұмысқа кетсе, енді бірі туыс­қан­да­рының үйінде болған. Осы кезде үй­дегі қыз-келіншектер, үлкен кісілер шы­ғып бүлікшілермен алыса жүріп, пәтер­лерден шелекпен су тасып, жоғары қа­баттардан шлангамен су тартып, өрт сөндіруге кіріседі. Ең бастысы, бірінші қабаттағы газ құбырлары торабына өрт­ті жеткізбеу керек еді.

Бірнеше әйел бүлікшілердің мақ­сатты түрде үйдің газ құбырларын өр­теп жүргенін көріп, қорғанудан қай­мық­пағандарын айтады. Бір жағынан олар сол жердегі бейбіт митингіге шыққандарға да арқа сүйеген. Қазір баяндауға оңай болса да, шын мәнінде бұл өмір үшін арпалыс қой.

– Біздің үйдің астында бес бірдей мейрамхана бар. Содырлар бірінші олардың әйнектерін шағып, ішінен орындықтарды алып шығып, көшеге көлденең баррикада жасап алды. Артынша Leo’s мейрамханасының төменгі қабатынан өрт шығып, пәтер­лерімізге де түтін кіре бастады. Өрт сөндірушілерді шақырғанымызда, олар содырлардан таяқ жегендерін алға тартып, келуден бас тартты. Амалсыз өрт сөндіруге өзіміз шықтық. Мен екі бейбіт ереуілшімен мейрамхананың басты есігінен кіріп, шелекпен су шашып жүргенде, мародерларды көріп: «неге жертөлеге от қойдыңдар, мына үйде қариялар, мүгедек адамдар көп», деп едім, сыраға толы қорапты көтеріп бара жатқан біреуі: «бұл менің үйім емес және маған бәрібір» дегенді айтып мысқылдады. Мен оны шапалақпен тартып жіберіп едім, ол маған қарсы ұмтылғанда жанындағылар оны сүйреп әкетті, – дейді Камила.

Қиын жағдайда қалған тұрғындар сол күні Арлан дейтін аула сыпырушының өрт сөндіру кезіндегі көзсіз ерлігін аңыз қылып айтады. Ол көзіне қан толған арандатушылардан да, тілсіз жаудан да қаймықпай, өртті сөндіруге жанталасқан. Қазір тұрғындар «Біздің терминатор» деп алғыспен еске алатын Арлан сияқты алматылықтар өздерінің қандай ерлік жасағанын біле ме екен? Қарттарды, пәтерлердегі панасыз қалған жүздеген адамды жанкештілікпен құтқарып жатқандарын ол кезде ойлауға да мұршалары болмағаны сөзсіз. Қырық жылдан астам уақыт Алатауға қарап қасқайып тұрған алып үй отқа оранса, яки жарылса салдары қалай болатынын айтып жатудың өзі артық.

– Маған мейрамхананың асты жанып жатыр деген соң, негізгі есігінен кірмекші болып едім, қоюланған түтін­нен ештеңені көру мүмкін болмады. Содан артқы есігін сындырып кіруге тура келді. Ауа тазартатын құбыр ар­қы­лы түтін пәтерлерге көтеріле бас­тапты. Бірден жертөлеге түсіп едім, электр желілерінен от шығып жатыр екен. Су шашпай, электр жарығы желі­лерінің бәрін тоқтан ажыратып, суды жаптым. Мейрамхана күзетшісі өрт сөндіру құралын әкеліп берген соң, қайта астына жүгіріп барып, өршіген жалынды тоқтатуға тырыстым. Содан кейін бәріміз қайта-қайта жертөлеге су тасыдық. Кейін қарасам үстім қап-қара күйелеш болып кеткен екен. Егер осы жертөледегі өртті сөндірмегенде, ол бү­кіл үйді жалмайтын еді. Шынымды айтсам, жанталасып жүргенде атып жатыр ма, жарылыс болып жатыр ма, ол туралы тіпті ойлануға да мұрша болмапты. Есіл дертіміз өртті сөндіріп, жертөледен аман шығу болды, – дейді Арлан.

Осындай көзсіз қадамымен қаншама тұрғыны бар үйді аман алып қалған Арлан Мутишев осы үйлердің ауласын сыпырады. Бүлік шыққан күні ол үшін демалыс болатын, бірақ тө­тен­ше оқиғалар салдарынан серіктесі жұ­мысқа келе алмаған. Дәл осындай кезде Арланның жұмыста болуы – Құдай­дың өздеріне жіберген көмегі дейді тұрғындар. Есік қаласында пәтер жалдап тұратын Арман бұл оқиға туралы жақындарына да айтпаған және өзі ерлік жасадым деп те отырған жоқ.

Ал есін енді жиып келе жатқан аталған үйдің тұрғындары, тіпті Алматы халқы десек те болады, осы күндерде Арлан Мутишев сынды жандарды мемлекет тарапынан марапаттап, оған баспана беруді сұрап, әлеуметтік желілерде ел Президентіне, Мемлекеттік хатшыға ұсыныс білдіріп жатыр. Аманшылық болса, алматылықтардың бұл өтініші құзырлы мекемелердің құлағына да жеткен болар.

Мәдина Есенғалиева:

– Біздің осы үйде тұрып жатқа­ны­мызға қырық жыл­дан асты. Бір жағы­нан бұл үй талай тағдырлы оқиғаның куәсі. Осы үйдің терезесінен Брежнев алаңындағы (қазіргі Республика ала­ңы) Желтоқсан оқиғасына да куә болған­быз... Бұл үйге тойымсыздар талай рет шеңгелін де салған... Ауламызға заң­сыз құрылыс жүргізбек болғандар да табылған. Енді мына қасіретті көрдік. Бүлік басталғанда үйде зейнеткер әке-шешем болды. Астыңғы қабаттағы мейрамханадан өрт шыққан соң, газды өшіріп тастапты. Үйде электр плитасы да жоқ еді. Құдайға шүкір, қолындағы барымен, нанымен бөліскен тамаша көршілеріміздің арқасында подъезден бір плитка да табылып, төрт күндей бәріміз бірге соған тамақ пісірдік.

Дина Аспандиярова:

– Менің әкем де осы үйде тұрады. Өрт сөндіруге ол кісі де көмектесіпті. Олардың қандай сұмдықты бастан кешкендерін білсеңіздер, өздерін өздері құтқарған олардың бәрін шетінен батыр дер едім. Екінші, үшінші қабаттағы пәтерлердің терезелеріне оқ тиген. Өздері аман қалғанына шүкір...

Ерлан Жүнісов:

– Төменгі қабатында баяғы «Океан» дейтін дүкені бар үйді алматылықтардың бәрі біледі. Осы үйдің бесінші қабатында Сембиновтардың отбасы тұрушы еді, менің шешем ол кісілермен араласатын. Қазір қызы Жанна тұрады. Өзі де, бала-шағасы да аман шығар. Үйді өрттен алып қалған тұрғындарға да, аула сыпырушы Арланға да алғысым шексіз.

Дана Мәменова:

– Арлан нағыз азамат екен. Меніңше, ол кезде сол үйде ер-азаматтар болған шығар деп ойлаймын. Бірақ қаланың «пижондары» мұндай ерлікке бара бермейді. Олар ақша табуды, киіну мен қыдыруды ғана біледі. Өздерінен жалған зиялы жасап алған. Еркектердің намысына тигім келмейді, бірақ нағыз азаматтар аз.

Дмитрий Коротченко:

– Қазір бүкіл әлем мазасыз, неше түрлі оқиғалар болып жатыр. Бірақ сол жағдай дәл сенің терезеңнің тү­бінде, үйіңнің жанында, сенің сүйікті Алма­тыңның ішінде болатынын кім білген?! Күнделікті бейбіт тіршілікте айналамызда қауіп бар екенін ойламаймыз, не күтіп тұрғанын да білмейміз. Тіпті түсімізге де кірмейтін жағдайдың өз үйің­нің іргесінде болып жатқанына сенудің өзі қиын. Біз үйімізге соғыс келеді деп ойлап көрдік пе екен?! Егер қауіпті бір жағдай бола қалса, мемлекетіміз келеді, қорғайды дейміз. Барлық кезде жақсыны ойлауға тыры­сасың, сұмдық соғыстар мен лаңкестік жағдайлар бізде болмайтынына, айналып өтетіне сендік...

Барлық кезде және барлық заманның өз батырлары бар. Өкінішке қарай, олар тез ұмыт болады, еске де алына бер­мейді. Меніңше, ондай адамдар туралы айтылуы, естеліктер жазылуы керек. Осындай оқиғалар мен адамдар жастарға үлгі бола алады. Өскелең ұрпақ осындай жандарға қарап бой түзейді. Меніңше, Арлан сияқты қара басының ғана амандығын ойламай, көзсіз батырлыққа бара алатындар Алма­тыда ғана емес, Қазақстанның әр түкпірінде бар.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Жібектің жарқын жеңісі

Спорт • Бүгін, 08:37

Ұқсас жаңалықтар