Сұхбат • 26 Қаңтар, 2022

Қайырбек Сүлейменов: Жоғары жалақы мәселені түпкілікті шешпейді

617 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы еліміздегі көп жағдайдың бетін ашып берді. Бұл тек саясаттағы сүрленіп қалған сұрақтар, экономикамыздағы қордаланған түйткілдер ғана емес. Бейбіт басталып, соңы қантөгіспен аяқталған наразылық шеру күштік құрылымдардың да кем-кетігі мен қателігін көрсетіп берді. Рас, дәл қазір еліміз бұрын-соңды бетпе-бет келмеген сын сағаттарды басынан кешуде. Осындай ауыр кезеңде аға буынның ақылына арқа сүйеп, кеңесіне құлақ түрген де артықтық етпейді. Осыған орай біз Қазақстан Президентінің бұрынғы көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, бұрынғы Ішкі істер министрі, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменовпен арнайы хабарласып, еліміздегі қазіргі жағдай жөнінде ойын білген едік.

Қайырбек Сүлейменов: Жоғары жалақы мәселені түпкілікті шешпейді

– Қайырбек Шошанұлы, қаңтар оқиғаларынан кейін елімізде қа­лып­тасқан ахуал және ел ішін тұрақ­тан­дыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы не айтар едіңіз?

– Елімізде болған кешегідей оқиғалардың әрқашан өз себептері болады. Сондықтан дағдарысты еңсеру кезінде жағдайды объективті талдауға арқа сүйеу керек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осыған орай шешім қабылдап жатқанына сенімім мол.

Соңғы жылдары біз өткір әлеуметтік жанжалдардың соңы неге әкеліп соға­тынын жете бағаламағанымыз рас. Әлеуметтік саладағы айқын алшақтықты жою үшін қажетті шараларды қабыл­да­ма­ғанымызды да мойындауымыз керек. Ал терроризмнің алдын алу мәселелері тіпті қалтарыста қалып қойды.

Қаңтардағы қайғылы оқиғалардың негізі жаппай наразылық еді, алайда дәл осы тұсты экстремистер сәтті пайдаланып кетті. Олар үшін бұл наразылықтың қолайлы болғаны сөзсіз.

Ел Президенті болған оқиғаға қатысты нақты сипаттама бере отырып, жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестіктің екі кезеңін бөліп көрсетті. Біріншісі, сұйытылған газ бағасының өсуіне қатысты бейбіт шеру еді. Алайда белгілі бір уақыт аралығында бұл наразылық шеру жалпыхалықтық сипат алып, соңы бейберекетсіздікке, өртеу мен жаппай қиратуға ұласа бастады. Алаңға шыққан халықтың қалың нөпіріне әлеуметтік-экономикалық сипаттағы басқа да талаптар қосылып, мінберлерден айтыла бастады.

Дәл осы тұсты – наразы азаматтардың ел қалаларының көшелеріне шығуын экстремистік күштер пайдаланып кетті. Олар жаппай тәртіпсіздіктер ұйым­дастырып, халықтың толқуын терро­ристік актілерге айналдыруды жоспарлады. Арандатушылардың кесірінен қақ­тығыс соңы адам өліміне, үлкен трагедияға алып келді.

Қазіргі уақытта елдегі жағдайды тұ­рақтандыру бойынша мемлекет қабылдап жатқан шараларды мен үш топқа бөлер едім. Оның алғашқысы – вандализмнің айқын салдарларын жою және залалды өтеу. Сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективамен әлеуметтік сипаттағы жүйелі шараларға көшу, оның ішінде негізгі донорлары ірі бизнес болуға тиіс «Қазақстан халқына» қорын құру да бар.

Екінші, бұл Президенттің эко­но­ми­калық қайта құру жөніндегі түбе­гейлі шешімдері, оның ішінде 2019 жылы Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағ­дар­ламасында жарияланған «Әділеттілік» қағидаты аясында ірі бизнестің рөлін қайта қарау.

Ал үшінші бағыт – күштік құ­ры­лымдарды реформалау бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар. Атап айтқанда, реформалау кезінде еліміздегі күштік құрылымдардың болашақта осындай катаклизмдерге қауқарлы қарсылық көрсете алатын қабілетін арттыру мәселесіне ерекше ден қойылып отыр.

Мемлекет басшысы мықтап қолға алған бұл бағыттардың барлығын толық қолдаймын. Әсіресе күштік құрылымдар саласын реформалау мәселелерінде өткен жылдардағы кейбір сәтсіз шешімдердің тәжірибесін және осы қызметтегі кәсіби мамандардың пікірін ескеру қажетін ерекше атап өткім келеді.

– Елімізде болған кешегі қан­төгіс жаппай бейберекетсіздік пен тәр­тіп­сіздікті тойтаруға күштік құры­лым­дардың әскери қабілетінің жетпейтінін көрсетіп берді. Әсіресе Алматы трагедиясы ішкі істер орган­дарының осы уақытқа дейін қорда­ланып қалған біраз мәселесін жайып салды. Неліктен бұлай болды? Бұған кімдер кінәлі? Мұндай қателіктерді алдағы уақытта болдырмау үшін не істеуіміз қажет?

– Құқық қорғау органдары, оның ішінде бірінші кезекте ІІМ алғашқы күн­дері митингке шыққандардың агрес­сиялық бөлігін тежеу тактикасынан тер­рористердің тегеурінді әрі қарулы іс-қи­мылдарына қарсылық көрсетуге уақтылы ауыса алмады.

Заң бойынша терроризмге қарсы күреске Ұлттық қауіпсіздік комитеті уәкі­летті және жауапты орган. Комитет барлық қауіпсіздік қызмет­керлерінің іс-қимылын үйлестіруді өз мойнына алуға міндетті еді. Өкінішке қарай, «Қасіретті қаңтарда» мұның бірде-бірі болған жоқ!

Сын сәтте сондай-ақ күштік құры­лым­дардың арасында өзара әрекетте­судің, бірізділіктің жоқтығы да айқын байқалды. Ведомстволар ішіндегі күштер мен құралдарды басқаруда да өзекті проблемалардың бар екенін ерекше атап өткім келеді.

Полиция қызметкерлері мен әскери­лердің қарулы топ пен бандиттерге қарсы қару қолдану кезінде өз-өздеріне деген сенімсіздіктері мен не істерлерін білмей абдырап қалғанын бірден байқауға болады. Сын сағатта күштік құрылымдардың батыл әрі жинақы қимыл көрсете алмауының бірнеше себебі бар. Олар: жеке құрамды оқыту мәселелері, арнайы мақсаттағы ірі бөлімшелердің болмауы, олардың қару-жарағы мен техникалық жарақтандырылу деңгейінің төмендігі, жауынгерлік жос­парлау құжаттарын жете бағаламау.

Қаңтардағы қантөгіске кімдер кінәлі? Халықтың рәсуә болған ақ, адал еңбегінің өтеуін кімнен талап етеміз? Осының барлығына кімдер жауапты? Әрине, бұл сұрақтарға тиісті органдар жауап берер. Тергеу де кінәлілердің атын атап, түсін түстер. Алайда бұл жерде мен айтып отырған мәселе қылмыстық тергеу шеңберінен тыс оқиғаларды мұқият талдау, сараптауға қатысты. Себебі мұның да маңыздылығы өте өзекті. Бұл тұста мен саяси, әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық және криминологиялық тұжырымдар туралы айтып отырмын.

– Президент 7 қаңтарда жасаған Үндеуінде де құқық қорғау органдарына қатысты бірқатар нақты мәселені атап көрсетті. Арнайы жасақ пен арнаулы құрал-жабдықтардың жетіспейтінін айтты. Қазақстандық полицияның бүгінгі басты мәселесі не?

– Ішкі істер министрлігіне қатысты айтар болсам, бұл жерде мен полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері мен қатардағы жауынгерлерінің ерлігі мен төзімділігін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар Президенттің арнайы қызмет пен Қорғаныс министрлігінің жоғары шенділерінің іс-қимылына берген төмен бағасына қарамастан, ҰҚК мен Қарулы Күштердің көптеген қатардағы сарбаздары мен офицерлерінің жанкештілігін жоққа шығаруға болмайды деп санаймын.

Ішкі істер органдары жүйесіне бірқатар өзгеріс қажет екені де түсінікті және өз басым бұл бастамаларды қолдаймын. Атап айтқанда, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес құрылымдарының және көші-қон полициясының, сондай-ақ арнайы мақсаттағы бөлімшелердің, оның ішінде Ұлттық ұланның әлеуетін арттыруға қатысты өзгерістер бүгінгі уақыттың талабы екені сөзсіз.

Тиісті құрылымды жандандырып, барлық күштік құрылымдардағы тәрбие жұмысын дұрыс жолға қою өте маңызды. Тәлімгерлер ең алдымен, жеке құрамның моральдық және психологиялық жағдайын саяси және конституциялық сауаттылық тұрғысынан көтерумен айналысуы керек. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиемен және жеке құрам арасындағы тәртіпті нығайтумен айналысуға тиіс.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің оты­рысында сөйлеген сөзінде бар­лық күштік органдардың арнайы бө­лім­шелері қызметкерлерінің еңбек­ақысын ұлғайту туралы айтты. Жал­пы, жалақыны өсіру бұл саладағы мәселенің түйінін шешіп бере ала ма?

– Қазақстан Президентінің полицейлер мен барлық қауіпсіздік қызметкерлерінің ақшалай қамтылуын арттыру туралы шешімін толық қолдаймын. Ал ведомс­тволар арасында кадрлардың ауы­суын болдырмау үшін жалақыны көтеру, жеңіл­діктер беру және тағы да басқа қажетті бірыңғай нормаларды енгізу қажет.

Дегенмен полиция қызметкерлері мен әскерилердің жалақыларын көтеру бұл саладағы күн тәртібінде тұрған проблемаларды түпкілікті шешпейді. Бұл баршаға түсінікті жайт. Бірақ еңбекақыны көтеру жеке құрамның сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы 2-3 жылда құқық қорғау жүйе­сін реформалау тергеу, анықтау қызме­тінің және сот рәсімдерінің қылмыстық іс жүргізу негіздерін жетілдіруге ба­ғыт­талды.

Бұл реформалардың маңызды бөлі­гі болып саналады. Қалай десек те, Қа­зақстанда құқықтық реформаны іске асыру процесінде ведомстволық басым­дық­тардың қатаң тәжірибесі қалып­тасқаны анық. Мұны мойындауымыз керек.

Мәселен, осыдан жеті жыл бұрын тергеу үшін сот бақылауын арттыруға баса назар аударылды, содан кейін олар осы органның жоғалған мәртебесін көтеру арқылы прокурорлық өкілеттіктерді қалпына келтіре бастады. Қазір әлеуметтік желілерде кейбір әуесқойлар бүкіл құқық қорғау жүйесін, арнайы қызметтер мен Қарулы Күштерді түбегейлі қайта құрудың түрлі нұсқаларын ұсынып жатыр.

Осыған орай мен жан-жақты ойлас­ты­рылмаған шешімдерден сақтандырғым келеді. Мұндай өзгерістер кезінде бұрын­ғы тәжірибені және оның нәтижелерін ескеру қажет. Әрине, уақыт пен замана талабына сай өзгеріс қажет. Бірақ бұл бөлек бір әңгімеге арқау болатын арнайы тақырып.

– «Қасіретті қаңтардан» біз қандай сабақ алуымыз керек?

– Елімізде болған кешегі қайғылы жағдайдан бәріміз де өзімізге пайдалы сабақ ала білуіміз керек. Қазіргі уақытта біз үшін мемлекеттің ішкі саясатының идеологиялық құрамдас бөлігін қайта құрудың маңыздылығы өте жоғары тұр. Бұл тұста саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі азаматтық қоғамның рөлін нақты бағалап, оның қажеттілігін ескерген жөн.

Қаңтар оқиғалары кезінде халқы­мыздың басым көпшілігі арандатуға бой алдырмай, заңға бағыну мен құқықтық сананың жоғары деңгейін көрсеткенін ерекше атап өткім келеді. Алайда отандастарымызды толғандырған көптеген мәселені ақылмен, мақсатты түрде шешуге назар аудару қажет.

Әлеуметтік желінің көрігін қыздырып жүрген кейбір пысықайлар Парламент Мәжілісіне кезектен тыс сайлау өткізу керек деген секілді ұсыныстарын да айтып қалып жатыр. Мәжіліс депутаттарынан өздеріне қандай зиян келгенін түсінбеймін? Дәл қазіргі уақытта бұл орынсыз «ақыл-кеңес». Өйткені Мәжілісте депутаттардың көпшілігі өкілдік ететін «Нұр Отан» партиясы біздің қоғамымыздың басым саяси күші ретінде үлкен әлеуетке ие.

Сондай-ақ шындықты таразыға са­лып, ақиқатқа қайта оралар кезде Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тәуелсіз Қазақстанды құрудағы рөлін де ұмытпауымыз қажет. Бізге Тұң­ғыш Президентке деген құрметімізді ортайтпастан алға қарай жылжу керек.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ішкі саясаты бұдан әрі де «Сабақ­тастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталатын сайлау алды бағдарламасының өзегі болған басты үш қағидатқа сүйе­не­тініне сенімім мол. Себебі бұл оның конс­титуциялық мәртебесіне толық жауап береді, ал аталған қағидаттар – аза­маттардың құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғаудың басты кепілі.

Сөзімді қорытындылай келе, Қазақ­стан халқы тарих беттеріндегі осы күр­делі де сын кезеңде шыдамдылық пен шынайы патриотизм танытуға қабілетті ел екенін айтқым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»