Қаржы • 27 Қаңтар, 2022

Несие төлемін шегеру шарттары

765 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғаларды қолдау шаралары жалғасып жатыр. Еліміздің барлық аймағында Төтенше жағдай режімінің енгізілуіне байланысты кәсіпкерлер де, қарапайым азаматтар да жұмыстарын біраз кідіртуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, еңбек өнімділігі мен табыс төмендеп кетті. Аз уақыттағы шығынның үлкен перспективада өзіндік маңызы бар екені айтпаса да түсінікті.

Несие төлемін шегеру шарттары

Азаматтарға және бизнес субъек­тілеріне қолдау көрсету мақсатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жеке және заңды тұлғалардың қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібін қабылдағаны белгілі. Тәртіп аясында төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен азаматтарға және бизнес субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге берілген, банктердің және микроқаржы ұйымдары кредиттерінің барлық түрі бойынша төлемді 3 айға кейінге қалдыру мүмкіндігі ұсынылады. Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін қарыз алушы несие ұйымына 2022 жылдың
4 сәуіріне дейін арнайы өтініш берді.

«Өтініш берілген күнге қарамастан, кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі 2022 жылғы 5 қаң­тар – 5 сәуір аралығында күшінде болады. Қарыз алушының және кредиттік ұйымның өзара келісімі бойынша ақы төлеуді кейінге қалдырудың өзге мерзімі белгіленуі мүмкін. Кредиттік ұйым төтенше жағдай кезеңінде қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлауы немесе келтірілген зиян туралы ақпарат болған кезде қарыз алушының кредиті бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін береді» деп хабарлайды агенттік.

Қарыз алушының таңдауына қарыз бойынша кейінге қалдырылған төлемдерді өтеудің 3 балама кестесі беріледі:

1) қарыз мерзімінің соңына дейін кейінге қалдырылған төлемдерді тепе-тең бөлу;

2) төлем мерзімін кейінге қалдыру кезеңіне қарыз мерзімін ұлғайту түрінде;

3) қарыз/микрокредит шартында немесе қарыз алушының өтінішінде көрсетілген өтеудің өзге тәсілі.

Өтініш электронды поштаның, «банк-клиент» онлайн-жүйесінің, интернет-ресурстың, мобильді қосымшаның, басқа байланыс құралдарының көмегімен не қарыз алушының кредиттік ұйым кеңсесіне баруы арқылы еркін нысанда берілуі мүмкін. Қарыз алушының өтінішін кредиттік ұйым 10 жұмыс күні ішінде қарайды.

«Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі автоматты түрде, шартқа қосымша келісімдерге қол қоймастан беріледі. Төтенше жағдай және кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қолданыста болған кезеңде кредиттік ұйымға: қарыз (микрокредит) шарттары бойынша айыпақы (айыппұлдар, өсімпұлдар) есептеуге және талап етуге; есептелген және мерзімі өткен сыйақыны, айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) негізгі борыш сомасына қосуына тыйым салынады. Төлем мерзімін кейінге қалдыру кезеңінде кредиттік ұйымдар қарыз алушы бойынша шағым-талап жұмысын жүргізбейді және мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабарламайды», деп ақпарат берді агенттік.

Сонымен қатар қарыз алушы несие төлемін кейінге шегерген жағдайда, бұл әрекет оның несие тарихына жағымсыз таңба болып түспеуге тиіс.