Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елдің құрылыс саласын цифрландыру және «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында инфрақұрылымдық нысандар есебін және елді мекендер құрылысы мониторингін жақсартатын мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлы дерекқорын әзірлеуде.
Қазір жерасты және жерүсті инженерлік коммуникацияларын түгендеу арқылы қалалардың цифрлы кадастрлық жоспарлары жасалып жатыр. Бүгінгі таңда жұмыс 63 пайызға аяқталды. Қала құрылысы кадастрының дерекқорына қазір 805 цифрландырылған бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлар енгізілді.
Былтыр өңірлерде 25 мың гектар құрылыс салынған аумақ цифрландырылса, биыл Ақтөбе, Арыс, Қарағанды, Лисаков және Өскемен қалаларында инженерлік желілерді түгендеу жоспарланған. Ірі елді мекендерді (аудан орталықтары деңгейіне дейін) цифрландыру шараларын 2024 жылға қарай аяқтау көзделіп отыр.
Қала құрылысы кадастры жүйесін бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрымен және әкімдіктердің геопорталымен біріктіру жұмыстары қатар жүргізіліп жатқанын айта кету керек.