Әлем • 30 Қаңтар, 2022

Енді кезек эндемияға келді ме?

981 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы екі жылда дүниежүзі бойынша денсаулық сақтау саласы мен жаһандық экономиканы өз ырқына бағындырған пандемияның аяқталуы жайлы сөз қозғала бастады. Адам­зат тарихындағы ең ірі эпи­демиялық дағдарыстың расымен аяқталғаны ма? Әлде әлем көшбасшылары барлық саланы тежеп, дамуына кедергі болған жұқпалы індеттен шаршады ма?

 

Енді кезек эндемияға келді ме?

Соңғы апталарда әлемнің түкпір-түкпірінде пандемияға қатысты көп­тен күткен жағымды хабарлар айтылып жатыр. Екі жылда 5,5 миллионнан астам адамның өмі­рін жалмаған індеттің соңы көрін­­гендей. Кейбір елдер COVID-19 індетін кәдімгі мау­сымдық тұмау секілді қарасты­ратында­рын мәлімдеді. Бір анығы – бұл хабарламалар­дың қанша­­лықты шындыққа жақын екенін бірден кесіп айту мүмкін емес. Соңғы жыл­­дары ахуалдың қалай күрт өз­геретініне етіміз үйренді. Сол себепті пандемияның аяқталуы жайлы естіген алғашқы хабарлар елең еткізбей қоймады.

Таралу деңгейі әлдеқайда жоға­ры «Омикрон» штамын жұқтыр­ғандар саны күрт өсуіне қарамастан, Англия мен Ирландия елдегі қауіп­сіздік шараларын жеңілдету ту­ралы шешім қабылдап отыр. Оның басты себептерінің бірі коро­на­ви­рустың жаңа штамы осыған дейінгі түрлерінен жеңіл өтіп жатыр. Сондықтан кейбір елдер оны тұмаудың бір түрі ретінде қарап, қауіптенуді қойды. Оның үстіне бизнес пен басқа да салалар жаңа штамм шыққан сайын әр толқынмен енгізілген қатаң карантин шараларынан шаршады.

Дания да алдағы уақытта барлық шектеулерді алып тастайтынын жариялады. Елдің денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 індетін бұдан былай қоғам үшін қауіпті деп санамайтынын мәлімдеген.

Испания, Ұлыбритания мен басқа да елдердің саяси жетекшілерінің ресми мәлімдемелерінен қоғам вируспен өмір сүруді үйренуі керек екені анық байқалады. Мәселен, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі COVID-тің ешқайда кет­­пе­йтінін, оған қоғам ретінде бейім­­делуіміз керек екенін айтып, Ұлыбритания Еуропада панде­мияның эндемияға ауысуында көш бастадық деді.

«COVID ешқайда жоғалмайды. Бізбен ұзаққа тұрақтап қалатын түрі бар, тіпті мәңгіге қалуы мүмкін. Ал біз соған бейімделгеніміз жөн. Менің ойымша, біз Еуропада пан­демияның эндемияға ауысуында көш бастап, әлемге бұл жағдайға қалай бейімделіп өмір сүруге болатынын көрсетіп келеміз», деді Саджид Джавид.

Сонымен пандемияны эндемия ауыстыратыны сөз болды. Қа­ра­пайым адамға бұл екеуінің де не екені белгісіз еді. Соңғы жыл­дары эпидемиология саласын тү­сіну­ге тырыстық. Екі жыл бұрын пандемиямен таныстық. Енді эндемия деп жүргендері не болды? Әйтеуір, бір қарағанда жақсы нышан секілді көрінеді. Пан­демия дегеніміз – жұқпалы ін­дет­тің бүкіл әлемге та­ралғанын біл­дірсе, эндемия – індет­тің белгілі бір аймаққа тән еке­нін анықтайтын ұғым. Сонымен енді COVID сырт­­­тан келген жұқпалы ау­ру емес, тұмау секілді әр аймақта кез­­де­сетін инфекция деп қабылдайтын боламыз.

Десе де, саясаткерлер халыққа жағымды жаңалық ретінде көрсетіп жатқан эндемия біз ойлағандай жеңіл ме? Осы мәселеге қатысты Оксфорд университетінің профес­со­ры Арис Кацуракис (Aris Katzourakis) белгілі Nature басылы­мында өз пікірін жариялаған екен. Ол эндемия қауіпсіз дегенді білдірмейтінін және қоғамдық денсаулық сақтау саласында қауіп сейілмейтінін айтады.

«Эндемия» сөзі пандемияға бай­ланысты жиі қолданылатын сөздер­дің бірі болды. Қате болжамдар орынсыз үмітке алып келді. Бұл COVID-19 табиғи түрде аяқталады дегенді білдірмейді. Тұмау мен суық тию эндемия екені рас. Ласса індеті, безгек пен полиомиелит те эндемия. Вакцинаға дейін шешек те солай болды. Эндемия да кең таралып, адам өліміне алып келуі мүмкін. 2020 жылы безгектен 600 мыңнан астам адам қайтыс болды. Сол жылы 10 миллион адам туберкулезбен ауырып, 1,5 миллион науқас қайтыс болды. Бұл «өмір бұрынғы қалпына қайта келсін» деп эволюция қоздырғыш патогенді өзі реттеп қойды дегенді білдірмейді», дейді эволюциялық вирусолог маман.

Оның айтуынша, вирустың жеңіл өтуіне қарап оны «еркіне жі­бер­генімен», ол тағы өзгеріп, мута­цияға ұшырап басқа бір түріне айналады. Мәселен, бір елде жағдай тұрақталды дегенімізбен, індет өрші­ген тағы бір елде жаңа штамм пайда болып, басқаларға жұға бастауы мүмкін. Оксфорд университетінің профессоры сондықтан вирус таби­ғи жолмен жоғалып кетеді деген түсінік қате екенін, арқаны кең­ге салуға болмайтынын және вак­ци­наның теңдей таратылуын қам­тамасыз ету керектігін айтады. Мамандар вакцинаны бәрібір салдыру керек деген пікірден айнымайтын секілді. Індетпен күресудің, оны ауыздықтаудың жалғыз жолы осы деп отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да COVID-19 індетін эндемия ретінде қарастыру әлі ерте екенін ескертеді. Олардың айтуынша, вирустың эволюциясы белгісіз және пандемия жаһандық деңгейде әлі де өршіп тұр.

Сарапшылар сондай-ақ қазіргі пандемиядан да сабақ алу керек екенін айта бастады. Мичиган уни­вер­­ситетінің тарихшысы Дж.Алек­­с­андр Наварро 1918 жыл­ғы тұмау пандемиясы кезінде амери­ка­­лық­­тар қатаң қауіпсіздік шарала­рында өмір сүруден шаршап, кейін арақашықтық сақтау секілді сақтық шараларына қол сілтеп, қалыпты өмірге қайта оралуға асық­қан. Жұқтырғандар саны азая сала халық бұрынғы өмірін аңсап, кәсіпорын иелері өндіріс орындарын қайта ашуға рұқсат беру үшін шенеуніктерге қысым жасай бастаған. Осылайша, пандемия аяқ­талды деп барлығын еркіне қоя бергенде тұмаудың жаңа толқыны келіп халықты әбігерге салған дейді ғалым.

Міне, осы секілді мысалдар «біз де асығыс шешім қабылдап жат­қан жоқпыз ба?» деген ойға итер­мелейді. Алайда адамзат баласы қанша жасаса, жұқпалы аурулар да сонша уақыт бірге келе жатқанын ұмытпау керек. Ратгерс университетінің тарихшысы Иухет Варлик безгек, туберкулез, алапес және қызылша сияқты ауруларды мысалға келтіре отырып: «қоғамға әсер ететін қоздырғыш патогендер бір пайда болғаннан кейін, олардың басым бөлігі тұрақтап қалады» деп жазды. Жаппай вакциналаудың ар­қа­сын­­да тек шешек толығымен жойылған.

Міне, осы өткеннің сабақтары індеттің толығымен жойылып, қа­лып­ты өмірімізге қайта ораламыз деген үміттің одан әрі маздауына жол бермей тұр. Еуропа елдері қан­ша жерден оптимистік мәлімдеме жаса­ғанымен, бұл жағдайдың то­лық бейнесі емес. Ескеретін, жауап­кершілік танытатын мәселелер көп.

Шынында пандемия дүниежүзі бойынша халықтың шыдамына сынақ болғаны рас. Соңғы екі жылда әлемнің түкпір-түкпірінде ел билігінің шешімдеріне қарсылық білдіріп, наразы болған халықтың қарасы көп. Шенеуніктерге деген сенімнің жоғалуы, мемлекет енгізген ережелер мен шараларға деген қарсылық әлі күнге дейін жалғасып жатыр.

Індеттің қатаң шараларына наразы Канада халқы бейбіт шеруге шығып жатыр, өткен аптада Брюссельде үкіметтің індетті еңсеру шаралары мен вакциналауға қарсы шыққандар жаппай тәртіпсіздік орнатып, Бельгия полициясы су мен көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болғаны белгілі.

Халық шенеуніктердің вакцина алуды міндеттеу секілді талаптары адам құқығын шектейтінін айтып, мұндай шешімдерді әркім өз қалауымен жасауы керек деген пікір білдіреді.

Канада астанасына ағылған жүк көлік жүргізушілері 15 қаңтарда күшіне енген Канадаға кіретін бар­лық жүргізуші вакциналанған болуы керек деген талаппен келіспейді. Америка Құрама Штаттары жүк кө­л­ік жүргізушілерінен екпе алуды талап етіп отыр. Ашынған жүр­гізушілермен қатар, көшеге үкімет­тің індетке қатысты шараларына көңілі толмайтын өзге де тұрғындар өз талаптарын айтып шыққан.

Бұл әрекеттер халықтың карантин, міндетті вакциналау секіл­ді шаралардан мезі болғанын көрсе­теді. Сол себепті де кейбір Еуропа елдерінің маска тағу, көп адам жи­­налатын қоғамдық орындарда арақашықтық сақтау секілді ережелерді алып тастап, қалыпты өмірге орала бастағаны үміт отын сыйлағаны рас. Дегенмен, «әлі де өршіп тұрған індетті «еркіне жі­беру» қаншалықты дұрыс?» деген сұрақтың пайда болуы заң­ды. Мамандардың пікірі мен тәжі­рибе көрсеткендей, жұқпалы ауру өздігінен жоғалып кетпейді. Вакцина алмаған халықтың әлі де көп екенін ескерсек, қатаң талап болмаса да, жеке сақтық шараларын сақтап жүру артық етпейді.