Қазақстан • 31 Қаңтар, 2022

Ауыр міндет күтіп тұр

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының съезінде сөйлеген сөзінде, күзде «саяси реформалар бағдарламасы жарияланғаннан кейін, партиядан шығуы ықтимал» екенін жариялады. Бұл дұрыс қадам. Президент Қазақстанның бүкіл халқының мұң-мүддесін қорғауы керек. Ал партия өткен саяси жүйенің қоғамдық-саяси, қаржылық-экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған қоғамдық организм.

Ауыр міндет күтіп тұр

Партияда екі жыл ішінде реформа жүріп, праймериз өткізіліп, қоғаммен тығыз байланыс тетіктері жасалды. Осы тенденцияны тереңдету маңызды. Енді Nur Otan партиясының алдында қоғамның, азаматтардың, адамдардың саяси, экономикалық мүдделерін қорғауға қабілетті ұйымға айналу міндеті тұр. Өте ауыр міндет. Осы міндет үдесінен шыға алсақ, партия нақты «парламенттік» реңк алып, прогрес­сивті ұйымға айналады.

Ол үдеден шығу үшін не істеу керек екендігін партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты айтып берді. Барлық саяси күштерге «Ашық есік» саясаты партияның ең басты құндылығы болуы керек.

Партияға ребрендинг қажет. Атын өзгерту керек шығар. Оны да ойлану керек. Яғни партияның алдында өте күрделі, қиын, қым-қиғашы мол сапар тұр. Партияның интеллектуалдық потенциалы, адами капиталы, ұжымдық санасы осы мақсатқа жетуге қабілетті деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасы өзінің саяси тарихында бірінші рет аса күрделі, шұғыл бұрылыстары көп саяси-экономикалық реформа­ны басынан кешіріп жатыр. Мем­ле­кет­тілікті сақтап қалу үшін бұл өзгерістер бақылаудан шығып кетпеуі керек.

Мемлекеттіліктен айырылып қалу бір ғана мезетте екендігін «Қасі­ретті қаңтар» көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың партия Төрағасы лауа­зымы­на келуінің өзі осы логикаға бай­ланыс­ты. Яғни Nur Otan-ның пар­ла­менттегі фракциясын пайдаланып, Үкіметке ықпалын күшейте оты­рып тезірек, экономикалық тиім­ді­лікке жету.

Өйткені қазір біздің барлығымызға – халыққа, азаматтарға олардың өмірі­нің жақсарып келе жатқаны жөнінде нақты «белгі» қажет. Президент – Қазақстанның мемлекеттілігі үшін жауапты бірден-бір тұлға. Бұл өте ауыр жүк! Сондықтан ол кісі жүйелі түрде, бірте-бірте, жан-жағын бағдарлап, он рет ойлана отырып шешім қабылдауы қажет.

 

Ерлан САИРОВ,

Мәжіліс депутаты