Пікір • 31 Қаңтар, 2022

Партия да жаңаруы керек

376 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Елің тыныш болса, өзің де тыныш боларсың» деген аталы сөздің ақиқатына «Қасіретті қаңтар» оқиғасы анық көз жеткізді. Елдің бірлігі мен тыныштығы қымбат. Ендігі арада өткен оқиғадан қорытынды шығарып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан құру бастамасына халық болып қолдау көрсету парызымыз.

Партия да жаңаруы керек

Еліміздің саяси өмірінде өз­герістер кезеңі басталды жә­не бұл біздің қоғамның демо­кра­тиялық, құқықтық негізде нығая түсуіне жол ашады. Осы орайда Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде Қа­сым-Жомарт Тоқаев қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс ен­гізу қажет екеніне тағы да назар аударды.

Жаңа Қазақстан жағдайын­дағы ендігі партия қандай бо­луы керек деген мәселені Пре­зидент орынды көтеріп, ұсы­ныстар енгізді. Ата Заңымыз бойынша Президент – барлық қазақстандықтың бос­тандықтары мен тең құқықта­рының сақталуына кепіл тұлға. Олай болса Мемлекет басшысы Қазақстандағы бүкіл партияға ортақ тұлға болуы керек.

Бұған дейін Президент және облыс әкімдері Nur Otan партия­сының жетекшілері болған соң, осы партияға жаппай мүше болу етек алды. «Біз сан жағынан мү­шелері ең көп партиямыз» деген дақпыртқа жол беріліп, тіпті тізімдеп, еріксіз өткізуге дейін бардық. Көңіл-ықыласы мен сенімі жоқ, партияға еріксіз мүше болғандардың алды кешелі-бүгінді арыздарын беріп, Nur Otan партиясының мүшелігінен шығып жатқаны осы айтып отырған жайдың ақиқатына көз жеткізгендей.

«Nur Otan өзін-өзі жаңартуы керек. Партияның бүкіл жұмы­сын сөз жүзінде ғана емес, түбе­гейлі қайта құру қажет», деген Қ.Тоқаев ендігі арада біраз ба­сымдыққа баса мән беруге шақырды. Ең әуелі партия ішін­дегі ынтымақты нығайтуды, қоғамдағы барлық конструктивті күшті біріктіруді бірінші міндет ретінде атады. Президенттің «Жаңа Қазақстанды құру үшін ауызбіршіліктің, серіктестіктің, нық ұстаным мен болашаққа сенімнің маңызы зор» деген пі­кірін толық қолдап, сөйлер сөзі­мізде де халқымыздың ер­тең­­гі жақсы күніне деген сенімін бе­кі­тетін сөз айта білсек етті.

Рас, біз Қазақстанның жаңа дәуірін құруды бастадық. «Отыз жыл бойы қайда болдыңдар, бұрын неге айтпадыңдар?» деген бос сөзді қоя тұралық та, елі­мізді қалай жаңартамыз, әділетті қоғамды қалай құрамыз, қайтсек бай да бақуатты өмір сүреміз, сол жайында ойланып, іске кіріскеніміз абзал.

Өткен отыз жылға да және кім­нің кім екеніне де уақыт, сол уа­қыттың иелігіндегі тарих жауап береді. Ал әзіргіміз бос сөз бо­лып қала береді. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт То­қаевтың Елбасының 30 жылда ел мүддесі үшін атқарған жұ­мы­сын жоққа шығармау керек еке­нін, бұл тарихқа қиянат жасау еке­нін өте орынды айтты. Бұл – ел­дік сөз.

Қазақстанның жаңа дәуірін қалыптастырып, елімізді қазіргі тығырықтан алып шыға алатын және әділдік пен адалдық орната алатын кезеңнің басталғанына сенейік. Қазіргі уақытта бәрі арзандасын деген талап қоюмен бірге, бәрі арзан болуы үшін шахтаға түсіп кеніңді, көміріңді өзің өндір, теміріңді өзің балқыт, малыңды өзің бақ, астығыңды өзің өсір деген қағидатты алға тартқанымыз да жөн. Бір­лікте, ынтымақта болайық, тәуелсіз­дікті нығайтайық!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

КӨКШЕТАУ