Қазақстан • 31 Қаңтар, 2022

Ынтымақтастық нығая түседі

420 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы қаңтарда елімізде Корея елінің дипло­матиялық өкілдігінің құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Е.П.Ку Хонг-сок БАҚ, дипломатиялық миссия өкілдерімен кездесіп, екі ел арасындағы байланыс деңгейі туралы айтып берді.

Ынтымақтастық нығая түседі

Екі ел арасындағы ресми байланыс 1992 жылы 28 қаңтарда орнады. «Корея Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін келесі жылы, яғни 1992 жылдың қаңта­рында дипломатиялық қатынастар орнатқан алғашқы елдердің бірі болды. Содан бері Корея мен Қазақстан әрқашан жақын дос және сенімді серіктес болып келеді. Сондай-ақ екі елдің көшбасшылары арасында қатынас жалғасып, түрлі жетістіктерге қол жеткізді», деді елші.

Дипломатиялық миссия өкілінің айтуынша, Қазақ­стан Корея үкіметінің іске асырып жатқан экономикалық ынтымақтастық бастамасы – «Жаңа солтүстік саясатының» негізгі серіктесі.

Бүгінде Орталық Азия елдері арасында Қазақстан – Кореямен сауда жасау және инвестиция құю көлемі бойынша жетекші ел, ал Қазақстан үшін Корея көлемі жағынан төртінші сауда серіктесі. Пандемияның салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, екі ел арасындағы сауда көлемі жоғары деңгейде сақталып тұр.

«Қазақстан жолдарында Кореяда жасалған көптеген автокөліктерді көруге болады, Кореяда өндірілген смарт­фондар мен тұрмыстық техника әрбір үйден, әр­бір оқу орнынан табылады. Соңғы уақытта кореялық ком­паниялар цифрлы индустрия, денсаулық сақтау және болашақтағы ауыл шаруашылығы сияқты жаңа салалардағы ынтымақтастықты әртараптандыруға тырысып келеді. Атап айтқанда, екі ел арасындағы көміртегі бейтараптылығы мен жаңартылатын энергетика саласында стратегиялық ынтымақтастық орнату үшін үлкен әлеуетіміз бар деп есептеймін.

Тәуелсіздік алған сәтте көлемі бойынша әлемдегі төртінші ядролық держава мәртебесінен бас тарту жөнінде батыл шешім қабылдаған Қазақстан – ядролық қарусыздану мен денуклеаризацияны белсенді қолдайтын халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі. Менің ойымша, Қазақстанның бейбітшілік пен әлемнің бірлесіп өркендеуі үшін ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімі Орталық Азияның тұрақтылығы мен өркендеуінде маңызды рөл атқарады, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы мәртебесін нығайта түсті. Ядролық қарусыздану туралы шешім қабылдаған Қазақстанның үлгісі Корея түбегінде бейбітшілік орнатуға жақсы үлгі болады деп санаймын. Сондай-ақ мен Корея Республикасы Үкіметінің Корей түбегіндегі бейбітшілік процесін ілгерілету жөніндегі күш-жігеріне мызғымас қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Үкіметіне ризашылығымды білдіргім келеді», деді елші құттықтау сөзінде.

Е.П.Ку Хонг-сок Қазақстандағы елші қызметіне 2020 жылғы маусымда кіріскен. «Қазақстандықтардың Кореяға деген үлкен қызығушылығына қуанып, таң қалғаным әлі күнге дейін есімде. Сонымен қатар қазақ мәдениетінің корей мәдениетімен ұқсастығы таңырқатты. Мысалы, қонақжайлылық, үлкендерге құрмет көрсету, бір-біріне сыйластықпен қарау сияқты дәстүрлер маған ерекше ыстық. Әсіресе, 2014 жылы екі ел арасындағы визаны алып тастау туралы келісім күшіне енгеннен бері азаматтар арасындағы мәдени және эмоционалды ұқсастықтарға негізделген өзара алмасу тұрақты түрде кеңейе бастады. Соңғы уақытта пандемияға байланысты саяхаттар уақытша қысқарғанына қарамастан, жақын арада азаматтар арасындағы байланыс қайта жанданады деп сенемін.

Корея мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас­тардың, әсіресе ортақ байланыстырушы буын – корей диаспорасының арқасында одан әрі дамуына әлеуеті жетеді деп санаймын. Қазіргі уақытта Қазақстанда тұ­ра­тын 108 мыңға жуық этностық корейлер Ресейдің Қиыр Шығысынан күштеп депортацияға ұшыраған корейлердің ұрпақтары. Этностық азшылықтардың қандай да бір кемсітусіз дамуына және табысқа жетуіне ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетілетін Қазақстан Үкіметі жүргізіп отырған ұлтаралық келісім саясатының нәтижесінде корей диаспорасының өкілдері бүгінде маңызды рөл атқарады және қазақстандық қоғам өміріне белсенді қатысады», деп түйіндеді сөзін кореялық дипломат.