«Халықаралық жарыстарда жиған ұпайымыз бойынша Олимпиадаға жолдама берілді. Шыңғыс үшін бұл Олимпиада үлкен тәжірибе болары анық. Екінші жолдама алатын мүмкіндігіміз де болған. Алайда ұпай санының аздығына байланысты ол жолдамадан қағылдық», деді команданың бас бапкері Ділшат Мираев.
Шыңғыс Ракпаров Алматы қаласында дүниеге келген. Бозбала шағында елішілік жарыстарда тәуір нәтижеге ие болған ол 2013 жылдан бастап халықаралық ареналарда бой көрсете бастады. Ол сол жылы Польшаның Щирк қаласында ұйымдастырылған FIS кубогында бақ сынап, мәре сызығын небәрі 91-ші болып кескен еді. Бұл оның шетелдегі алғашқы ең ірі жарысы болатын. Кейіннен ол түрлі байрақты бәсекелерде ел намысын қорғады. 2017 жылы Алматы мен Астанада ұйымдастырылған қысқы Азиадада Қазақстан құрамасының ең үздік нәтижесін көрсетті.
«Олимпия ойындарына дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. Карантин кезінде жаттығу жасауға әбден үйрендім. Ал іріктеу кезеңдеріне тоқталар болсам, жарыстар өте қиын болды. Пандемияға байланысты көптеген жарыстан қалып қойдық. Әрине, бұл өз кезегінде спорттық бабымызды сақтап тұруға кері әсерін тигізді. Дегенмен алға қойған мақсатымызды орындадық. Олимпиадада шаңғы қоссайысынан ел намысын алғаш болып қорғаймын. Бұл – мен үшін үлкен абырой», дейді Ш.Ракпаров.
Аталған спорт түрінің тарихына үңілетін болсақ, елімізде шаңғымен трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы спортының дамуы Қадыр Нүкин, Александр Степанов, Сергей Гиржен және Павел Чулок секілді спортшылардың есімдерімен тығыз байланысты. Олар Алматы маңайында К-20, K-25 санаттағы трамплин салып, жергілікті тұрғындардың осы спорт түрімен жаттығуына зор мүмкіндік жасады. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін А.Степанов шекара училищесінің курсанттарымен бірге Алматының іргесіндегі «Таулы қырат» мекені аумағында 50 метрлік трамплин салды.
Ал 1956 жылдың жазында дене шынықтыру институтының оқытушысы Эдуард Чупровтың бастамасымен 55 метрлік трамплин бой көтерді. Арада бір жыл өткенде бұл жерде шаңғымен трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы бойынша бірінші республикалық жарыс ұйымдастырылды.
1959 жылы Қазақстанда осы спорт түрінен тағы ауқымды жарыстың жалауы желбіреді. Яғни КСРО құрамындағы 9 республиканың ең үздік спортшылары бас қосып, өзара кім мықтыны анықтады. Арада үш жыл өткеннен кейін, яғни 1962 жылы шаңғымен трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысынан Қазақстан құрамасының спортшылары Бакурианиде (Грузия) өткен КСРО Спартакиадасында жалпыкомандалық есепте бесінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ дәл сол жылы Қазақ КСР-нің 14 дүркін чемпионы Александр Чивжель қазақстандық спортшылар арасында ең бірінші болып «Спорт шебері» деген атаққа ие болды.
1964 жылы елімізде жасанды жабыны бар трамплин пайдалануға беріліп, спортшыларымызға жыл бойы жаттығу жасауға мүмкіндік пайда болды. Бұл өз кезегінде қазақстандық спортшылардың КСРО біріншіліктеріндегі жаңа табыстарға қол жеткізуіне септігін тигізді.
1966 жылы Қазақстанда шаңғымен трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы бойынша мамандандырылған алғашқы мектеп ашылды. Оны 1970-1990 жылдар аралығында Қазақ КСР-нің бірнеше дүркін чемпионы Қадыр Нүкин басқарды. Аталған мектеп сол жылдары көптеген жоғары дәрежелі спорт шеберін тәрбиелеп шығарды.
Міне, аталған спорт түрінің Қазақстанда кең етек жаюының қысқаша тарихы осындай. Алдағы уақытта бұл спорт түрі бұдан да жақсырақ танылып, алдағы Олимпия ойындарында жолдама саны бірнеше есеге артады деп үміттенеміз.
Айта кетейік, Бейжің Олимпиадасында шаңғы қоссайысынан үш жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Бір қызығы, шаңғы қоссайысы – биылғы Олимпиадада тек қана ерлер бақ сынайтын жалғыз спорт түрі.