Пікір • 31 Қаңтар, 2022

Қордай мен Дордай арасы

8929 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің берік іргесі, мемлекетіміздің мызғымас тағаны болып саналатын алып шекарамыздың шегенделуі, халықаралық деңгейде мойындалып, рәсімделуі – күмән­сіз, тәуелсіздік арқылы келген ең ірі жетіс­ті­гіміз бен жеңісіміздің бірі. 

Кейбір көрші­лері­мізде әлі күнге дейін тулақтай жер үшін тартыстың жүріп жатқаны соның айғағы.

Мемлекет басшысы таяуда шекаралық бекеттердің сауда-экономикалық өміріміздің маңызды түйіні екендігіне мән беріп, кеден саласындағы, әсіресе Қорғас бекетіндегі бірқатар былықтарға арнайы тоқталған еді. Осы ретте ғасырлар бойы бір өзеннің суынан, бір дарақтың нуынан нәр алып, өркен жайған бауырлас халықтардың кедендік бекеттері бюрократиялық бөгеттен тыс болып, елдеріміздің экономикалық дамуы­на серпін беретін қазыналы есікке айналуы маңызды. Сондықтан біз де бүгінгі баға­ны­мызда Қордайдағы қордаланған мәселеге тоқталсақ дейміз.

Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде іргелес жатқан бауырлас елдер шуақты үн қатып, жүрегімізді қарыған ызғарды жылытқандай болды. Алатаудың арғы жағындағы бауырлар Манас әуежайына төтенше жағдайда кезектен тыс қонған жолаушыларымызды жылы шыраймен қарсы алып, меймандостықпен көмек қолын созғанын қалай ұмыта аламыз? Ақ қал­пақты ағайындар оларды қонақүйлерге орна­ластырып, шекараға дейін шығарып салып, таксиге тегін мінгізген. Қырғызстанның зия­лы қайраткерлері, ақындар қызу үндеу тастап, халқымызға қолдау білдірді. Қырғыз Рес­пуб­ликасының Президенті біздің басы­лымдарымызға сұхбат беріп, елімізге, мемлекет басшылығына шынайы қолдау білдірді.

Осындай тарихтың ауыр сынақтары кезеңдерінде туыс халықтарымыз ұдайы бір біріне сая болып келген. Шоқан мен Боранбай бидің, Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Оспанқұлдың, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың достығы аңызға айналған. Екі елге ортақ хан болған Еңсегей бойлы ер Есім туралы қазақ пен қырғыз ортақ эпос туғызып, елдік мұратты үлгі еткен. Әйгілі «Манас» дастанында да еншісі бөлінбеген егіз халық қатар суреттеледі. «Қазақ қайың сауғанда, қырғыз Гисар ауғанда, ақ қалпақты халқыма, ашаршылық жауғанда» деген жыр жолдары ақтабан шұбырындының ауыр зардабының таңбасындай ауызша мұрамызда сақталған. Әлбетте, атам заманнан біздің рухани діңіміз, тамырымыз, тағдырымыз ортақ, бұл сабақтастық дәстүрі болашақта да жалғаса беретініне күмән жоқ.

Таяу жылдары қазақ-қырғыз зиялылары­ның форумы игі жақсылардың басын қосқан дәстүрге айналды. Өткен жылы пандемиялық кедергілерге қарамастан Жамбылдың 175 жылдық мерейтойын қос халық бірге жоғары деңгейде атап өтті, ортақ аламан айтыс ұйымдастырды. Биыл да арғы арнасы Алаштан тарайтын екі елге ортақ Ахмет Байтұрсынұлының 150, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойларын қатар атап өтуге дайындық басталып кетті. Өнеріміздің өрісі мен руханиятымыздың алтын қақпасы бір-бірімізге әрқашан айқара ашық.

Алайда осы жақындыққа кеденіміз кедергі келтіріп тұрғандай. Түптеп келгенде қазақ пен қырғыз шекарасындағы өткелектегі түрлі кедергілерден қарапайым адамдар, әсіресе шағын кәсіпкерлер мен шаруақор азаматтар, өнім тасымалдаушы іскер топтар жөнсіз зардап шегіп келеді. Қордай шекаралық бекетінен Қазақстан аумағына асқалы тұрған ауыр жүк тиеген көліктердің ұзынсонар кезегі әлденеше шақырымға дейін созылып әлекке салады. Пандемия басталғаннан бері азаматтарымыз тек қана әуе қатынасы арқылы жүретін болып, олардың автокөлік арқылы жолаушылауына кеден тарапынан тыйым салынған. Қырғызстаннан келетін жеміс-жидек, ауылшаруашылық өнімдері кеденде рәсуә болып бөгелгенше, елге жедел жетсе, қымбатшылықтан құтқаруға септігі тимей ме? Қазақстанға келіп сауда жасайтын, жұмыс істейтін азаматтар тиімді еңбек күші емес пе? Сондықтан Тәңірі қосқан, тарих пен тағ­ды­ры ортақ, тілі мен түрі ұқсас, құдайы көр­ші қыр­ғыз азаматтарының Қордай арқылы асуы­­на қолайлылық туатын мезгіл жетті емес пе? Әлде бұл әлдекімдерге майшелпек болып отыр ма? Қойы қоралас, базары аралас екі ел­дің арасындағы күре жолды жабу кімге тиімді?

Қазақстан мен Қырғызстан үш бірдей халықаралық ұйымның – ЕАЭО, ШЫҰ және Түркі мемлекеттері ұйымының мүшесі болғандықтан бауырлас елдердің айрықша ықпалдастығына кедергі болатын жайттарды да мейлінше азайту қажет деген ойдамыз. Түптеп келгенде іргеміздегі Қордай мен Дордай елдерімізді бөлмей, біріктіретін, жалғап, жалғастыратын, халықтарымыздың арасында алтын арқау болатын өмір жолына айналарына сенеміз.