Шынында архив қорын, тарихи мұраларды, түпнұсқа құжаттарды болашаққа сыны мен сырын бұзбай жеткізу парыз. Шежірелі дереккөздердің толыққанды кешенін сақтау және оларды жан-жақты пайдалану барысында сандық жүйенің рөлі жоғары. Қазір архивистер өткен дәуірден бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік архивтер дүниесіне ілгері зерттеу жүргізіп жатыр.
Жаһандық індет кезінде онлайн, цифрлы, электрондық форматтың қаншалықты маңызды екені айқын көрінді. Мұны Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивіне барғанда байқадық. Мұнда электронды архив құрып, соны іске қосу мәселесі оңтайлы шешілген. Ең ғажабы, құнды құжаттардың жоғалуын және рұқсатсыз пайдаланылуын болдырмау үшін қалалық мұрағат радиожиілік тегтерін (RFID жүйесі) пайдалана отырып, қауіпсіз сақтау және олардың қозғалысын бақылау жүйесін енгізіпті. Яки ақпараттық қауіпсіздік немесе киберқауіпсіздік саясаты әзірленген.
Ол қалай дейсіз ғой?! Мәселен, барлық цифрланған құжат кескіні негізгі серверден бөлек, желіден тыс сақтық көшірме жүйесі арқылы жасалған дискілерде сақталады. Алда-жалда дерекқор бұзылған жағдайда, барлық ақпаратты мүмкіндігінше тез қалпына келтіруге болады.
«Біз қойманы дәстүрлі ақпарат құралдарына арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудеміз. Мұрағат сөрелерінің жалпы ұзындығы 7,5 мың километрді құрайды», дейді астаналық архив директоры Мейрам Бектембаев.
Оның айтуынша, қазір архивте құнды құжаттарды сақтандыру қоры құрылуда. Сонымен қатар мұрағат базасында оларды қалпына келтіруге арналған толыққанды зертхана жұмыс істеп тұр. Бүгінде мұрағат қоры 18 есеге өскен. Құжаттардың жалпы көлемі 50 миллион парақ. Олардың 70 пайызының өңі кеткен немесе төмен контраст мәтінге толы. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қалалық архив алдында тұрған маңызды міндет – мұрағат материалдарын толыққанды цифрландыру. Қала әкімдігінің қолдауымен электронды мұрағат жүйесі қосылған. Жақында архив қоймасының сыйымдылығын арттыру мақсатында 210 терабайт сақтау мүмкіндігі бар деректерді өңдеу орталығы құрылыпты.
Қазіргі таңда архив қызметкерлері 4 миллионға жуық парақты цифрландырды. Алдымен, тұрақты түрде сұранысқа ие материалдарды өңдесе, екіншіден, тарихи құндылығы қымбат бағалы құжаттарға қайта жан бітіруде. Бұл қайта-қайта пайдалану кезінде бояуы кеткен ескі қағаз материалдарды айналымнан шығаруға мүмкіндік береді. Ал үшіншіден, мұрағат жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша сараланып, маңызды мағлұматтарды цифрландыруда.
«Осы жұмыстардың нәтижесінде, электронды оқу залы құрылды. Қазір мұрағат материалдарымен жұмыс істеуге ниетті тарихшылар немесе ғалымдар құжаттардың электронды көшірмелерін ғана пайдаланады. Біз керек деректерді пошта арқылы да жібере аламыз. Құжаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енді қағаз түпнұсқалары ешкімге берілмейді», дейді М.Бектембаев.
Директордың сөзіне сүйенсек, ерте ме, кеш пе әрбір тұлға өз отбасының шығу тегін, шежіресін зерттей бастайды. Бұл ретте елордалық мұрағат шежірелік зерттеу жобаларын жүзеге асыру арқылы адамдарға барынша көмек көрсететін болады. Қалалық архив өзінің сайтында құнды құжаттар тізімдемелерінің цифрлы кескіндерін орналастырды. Яғни кез келген адам үйден шықпай-ақ керек материалдармен таныса алады.
Айтпақшы, астаналық мұрағат заманауи 3D сканерін пайдалана отырып, оқырманға қызықты экспонаттардың 3D көшірмелерін қамтитын виртуалды өлкетану экспозициясын құрды. Бұл да оқырманға үлкен олжа. Алдағы уақытта архив қызметі ақылы болуы әбден мүмкін. Бұл шетелдік архивтерде бар тәжірибе. Ақылы қызмет қосылса, отандық архивтер мемлекетке қол жаймай, аз да болса өз күнін өзі көруге жағдайы келер еді.