Тарих • 31 Қаңтар, 2022

Нығмет Нұрмақов және губатком төрағалары

2035 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мына бір фотоға қарайықшы. Бір қарағанда мұндағы қазақтың марғасқалары арқа-жарқа болып отырғандай көрінеді.

Нығмет Нұрмақов және губатком төрағалары

Фотоқұжат Орта­лық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архи­­вінің қорынан алынды. Бұл фотоның мазмұнына «Пред­се­да­тель Совнаркома КазАССР т. Нурмаков с председателя­ми губ­ис­полкомов на VI Всеказакстанском съезде Советов. г. Кзыл-Орда, 1927 год.» деп жазылып, карточканың 1950 жылдың 14 шіл­­­де­сін­де толтырылғаны көрсетілген. 23 жылдан кейін осы фотоның кар­точ­ка­сын толтырған архив қызметкері де, одан бергі қызметкерлер де Н.Нұрмақовтан басқа кісілерді тани қоймаған сияқты. Фотоны көрген кезде Н. Нұрмақов, Ж.Сәдуақасов, Ы.Көшкінов, Ә.Әлібеков және Ғ.Тоқтабаев сияқты қайраткерлерді бірден таныдық. Ал қалған 4 қайраткерді тануға бір аптадай уақыт жұмсап, үшеуін анық танысақ, біреуін тани алмадық.

Отырғандар (солдан): 1) Жанайдар Сәдуақасов, 2) Ыдырыс Көшкінов, 3) Нығ­­мет Нұрмақов, 4) белгісіз, 5) Әли­ас­қар Әлібеков, 6) Ғабдол-Кәрім Дощан­ұлы (Досжанұлы) Тоқтабаев, 7) Мыр­зағұл Атаниязов. Тұрғандар (солдан): 1) Абдолла Асылбеков, 2) Кәрімбай (Қарынбай) Қошмамбетов.

1927 жылдың 28 наурызы мен 3 сәуі­рі аралығында Қызылорда қала­сын­да ҚАКСР Кеңестерінің 6-шы бүкіл­қазақстандық съезі болып өтті. Съезге жер-жерден сайланып келген 314 делегат шешуші дауыспен, 18 делегат кеңес­ші дауыспен қатысты.

Съездің күн тәртібі төмендегідей болды:

  1. Қазақстан үкіметінің есебі – баяндамашы Н.Нұрмақов;
  2. Фрунзе – Семей темір жолының құрылысы туралы ақпараттық баяндама – В.Шатов.
  3. Егістік және шабындық жер­лердің тәртібі туралы – баяндамашы Ж.Сұлтанбеков.
  4. Революциялық заңдылық туралы – баяндамашы С.Мәмбеев.
  5. Қазақ денсаулық сақтау халкома­тының баяндамасы – М.Шамов.
  6. Жалпыға бірдей халық санағы тура­лы ақпараттық баяндама – Д.Дейхман.
  7. Қазақстан астанасын ұйымдастыру туралы хабарлама – Н.Нұрмақов.
  8. ҚазОАК (Қазатком) құрамын сайлау.

3 сәуірдегі съездің ең соңғы кешкі мә­жілісінде 151 мүшеден және 52 мүше­лікке кандидаттан тұратын Қаз­атком құрамы сайланды. Ал 4 сәуірде 6-сайланған Қазаткомның 1-сессиясы болып өтті. Күн тәртібінде ҚазОАК Төр­алқасын және ҚАКСР халкомдарын сайлау мәселесі болды. 21 адамнан тұра­тын Қазатком Төралқасы және 5 адам оған кандидат болып сайланды. Со­нымен қатар 16 адамнан тұратын Қазхалкомкеңес құрамы, КСРО ОАК Ұлттар кеңесі мүшелігіне 5 кандидат пен 3 мүшелік кандидаттығына кандидат сайланды.

Н.Нұрмақов пен губатком, ократком төрағалары осы съезге жиналған кезде съездің алғашқы күндері немесе 2 сәуірге дейін осы фотоға түскен бол­­са керек. Себебі, 2 сәуір күні өт­кен БКП(б) Қазөлкекомы бюросы мен 6-шы Бүкілқазақ Кеңестері съезі ком­фракциясының бірлескен мәжі­лі­сінде 4 сәуір күні болатын ауыс-түйістер түгел шешілген болатын.

Фотодағы тұлғалар кімдер еді? Енді соларға жеке-жеке тоқтала кетсек.

Сәдуақасов Жанайдар Сәдуақасұлы – 1926 жылдың 1 желтоқсанынан Сыр­дария губаткомының төрағасы еді. Съез­ден кейін де осы қызметінде қалды.

Көшкінов Ыдырыс – 1926 ж. 28 қа­­ра­шасынан Ақтөбе губаткомының төр­ағасы (Ақтөбе қ.). Съезден кейін де осы қыз­метінде қалды.

Нығмет Нұрмақов – 1924 ж. 11 қарашасынан бастап ҚАКСР ХКК төрағасы. 6-сайланған Қазаткомның 1-сессиясында тағы да ҚАКСР ХКК төрағасы және ҚазОАК Президиумының мүшесі болып сайланды. 1929 жылдың 15 сәуіріне дейін Қазхалкомкеңес төрағасы болды.

Әлібеков Әлиасқар Меңдиярұлы – 1926 жылдың 27 қыркүйегінен Жетісу губаткомының төрағасы. Съезден кейін де осы қызметінде қалды.

Тоқтабаев Ғабдол-Кәрім Дощанұлы (Досжанұлы) – 1927 жылдың 4 сәуі­ріне дейін Семей губаткомының төр­ағасы. 1927 жылы 2 наурызда өткен Қаз­өл­ке­комның бюросында Ғ.Тоқ­та­баевты Қазөлкеком қарауына шақыру және оның орнына Мұхтар Саматовты ұсыну туралы шешім қабылданды. Шешім бойынша 2 сәуірде М.Саматов Семей губаткомының төрағасы қыз­метіне ма­құлданып, Ғ.Тоқтабаев 4 сә­уір­де ҚАКСР Ағарту халкомы және ҚазОАК Төралқасының мүшесі болып сайланды.

Атаниязов Мырзағұл Атаниязұлы – 1927 жылдың 2 наурызынан Ақмола губаткомының төрағасы. Съезден кейін де осы қызметінде қалды.

Асылбеков Абдолла Әбдірахман­ұлы (Мүсәпірұлы) – 1926 жылдың 1 жел­тоқсанынан Қостанай округтік ат­комының төрағасы (қызметіне 1927 жылдың 1 қаңтарынан бастап кірісті – С.Ш.). Съезден кейін осы қызметті 1927 жылдың 8 қазанына дейін атқарды.

Қошмамбетов Кәрімбай (Қарынбай) Қошмамбетұлы – 1926 жылдың 30 нау­рызынан (5 ақпанда ұсынылды) Орал губаткомының төрағасы. Съезден кейін де осы қызметінде қалды.

Фотодағы тақия киген кісіні алға­шында Қарақалпақ облаткомының төр­ағасы Қасым Әуезов болар деп ойла­ған едік. Бірақ ол кісі болмай шықты. Сонымен қатар Адай уревкомы­ның төрағасы Қилыбаев Байбозға да мүл­дем ұқсамайды. Бұл кісінің кім екенін анық­тауды алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.

 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

Орталық мемлекеттік

архивінің директоры,

тарих ғылымдарының кандидаты