Өнер • 31 Қаңтар, 2022

Оқырман қыз

585 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Өмірде алыс, Өлеңде жақын жанбыз» деп тебірене жырлаған ақын Қалқаман Сариннің өлеңінен туған картина секілді көрінеді көзге. Біз алғаш тамашалағанда қаламгердің сол жырын іштей қайталадық. Кенеп бетіндегі арудың жүзінен төгілген мейірім өзіне қарай тартады да тұрады. Бір сағыныштың шыр көбелек айналып жүргені анық.

Оқырман қыз

Белгілі суретші Марат Тұрғамбайдың «Кешкілік» картинасы әйел образына құ­рылған. Кейіпкердің сұлулығын та­биғат­пен үндестіріп, оны ақыл таразысына салған шебердің туындысы үлкен іңкәрліктен бас­тау алғаны көрініп тұр. Бұл – автордың музасы болуы да мүмкін. Себебі модель бірнеше картинасында кез­деседі.

Бояудың қыр-сырын терең меңгерген суретші бейнелеу өнерін ұлттық дәстүрмен сабақтастырып, портрет сомдауда жігерлі күш жұмсады және оны гиперреализммен байланыстырды. Аталған картинадан соны байқауға болады.

Суреттегі ару ақ түсті водолазка, қы­зыл дақтармен сәнделген ұзын белдем­ше киіп, қоңырқай түсті шәлісін үс­ті­не жамыла суреттелген. Басын тік кө­тере ұстап өпкен желдің ырғағын сезі­нуде. Оң қолын нәзік әрі жұмсақ бетіне әлсін тигізсе, сол қолына кітап ұста­ған. Кейіп­кер­дің бет-әлпетіне жағыл­ған бояуға қа­рап, оның заманға сай әдептелгенін аң­ғаруға болады.

Жанарын төмен қадап, жұпар ауаны мейірлене жұтып, ішкі эмоциясын сыртқа шығаруда. Бұл оның бақытты сәтінің бір бекеті секілді қуаныштан басы айналардай шалқып отыр. Өз сезіміне өзі мастанып, бір ғажайыптың болатынын алдын ала сезгендей. Көзқарасынан аздап күрсініс те байқалады.

«Кешкілік» картинасы тек компози­ция­ның негізі болып тұрған кейіпкерге ғана назар аудартады. Ал артқы план тек ашық түстермен ғана шешім тапқан. Кенептегі оқырман қыздың бір сәттік көңіл күйі қыл­қалам ұшында тербеліп тұрғандай қайран қалдырады. Суретші бәлкім ақын болса:

«Мұңаймашы,

Түспесін еңселі арман.

Ықыласын бір саған аударар ем,

Ыңғайыма осы бір көнсе жалған»,

деп жазар ма еді!? Сұлуға сұқтану сүндет емес пе?