Әдебиет • 31 Қаңтар, 2022

Ошағыңды таптасаң, оты өшеді...

452 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ошағыңды таптасаң, оты өшеді...

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Көктің нұры

Қысырақтың үйірі шымқай көктен,

Кездейсоқта кезіккен

бұл қай көктем?..

...Тарғыл түсін тағдырдың тамашала –

Қарашада қараса бұлт әйнектен.

 

Өкпек желдің сездің бе өткірлігін,

Солай болған бұл ғұмыр көп күн бұрын...

Бір түп жусан жайғанда

алақанын –

Сауып берген мен едім көктің нұрын.

 

Бұла бұлттың бауырын

түртіп,

еміп...

дүбірі көп дүрмекте дүркіредік.

Тамырына тастың да

бір түнедік –

бір күніме кеткелі бір күн еріп.

 

Өліарада,

Өрісте,

Өткен із көп,

Кейде шалқып кетемін көк теңіз боп.

...Өлерменнің өзіне айналам ба –

Көгергеннің бәрінен көктем іздеп.

 

Жүйрік жабы болады,

желдірмесең,

Ана шоқтан өрт шығар сөндірмесең.

Көктем неге кешігіп жатыр екен –

Оны қайдан білейін,

Сен білмесең...

 

Жар басында

жалғыз үй

Атаны өлмей,

арба сынып,

Кеші батып,

таңы атқан...

Жалғыз үй тұр жарға асылып –

Жар бола гөр, Жаратқан!

 

Лебі қарып таңғы ызғардың,

Тауып жеген тандырын.

Жапандағы жалғыздардың

Мен түсінем тағдырын.

 

Өткен сонда өмірім көп,

Өңім бе әлде,

түсім бе?..

...Сексеуілдің шоғын үрлеп,

Қара қостың ішінде.

 

Жолыққанмын талай азға,

Қасиетін білгесін.

Сақылдаған сары аязда –

Бүтіндегем іргесін.

 

Өкпек желдің өмірі ерек,

Жасыратын сыр бар ма?

Сексеуілдің шоғы керек

Жар басында тұрғанға.

 

Алыс емес жазға да аса,

Керуен көшіп барады.

Өмір оты маздамаса,

Жаның семіп қалады.

 

Сайтан емес сайдан қашқан,

Ит пен құсқа алғызба!

Орда сайла ойланбастан –

Жапандағы жалғызға.

 

Тіршіліктің арнасында,

Боран кешкен,

Шаң қапқан.

Жалғыз үй тұр жар басында –

Арты қаңтар,

алды – ақпан...

 

Құстың үні

Жүрегім ауырады,

Наурыз туар,

Содан соң сәуір әрі...

Бұрқақтары басылса бұл жалғанның

Сырқаттары санамның сауығады.

...Жүрегім ауырады.

 

Ақ түтекке қарамай ақтарылып,

Тарғыл-тарғыл тастақпен тартады жұрт.

Қарағанның түбінде қараңдаған

Арман қалды қаңтарда қаңтарылып.

 

Кей түндерде әппақ түс көретін ем,

Бозторғайға Мәшһүрдің кел,

Өтінем!

Қаңтарылған Арманды қаңтардағы –

Құтқарайық екеулеп жел өтінен...

 

Құрбан болды тоқты емес,

Дүйім еркек,

Аяғы жоқ не деген қиын ертек?...

...Тәңір ме екен сап қойған тәлкегіне

Шәміл көкем тастапты күйін өртеп.

 

Балапанды бездірсең ұясынан,

Ажырайды қаламым сиясынан.

...Сіздің жаңа күйіңіз

Қандай аға –

Біздің күйдің атауы – «Ми ашыған»

Түнгі шаһар,

Телмірем шамдарына,

Таулық берсін жаратқан,

Қалғаныма...

...Үміттерді үздіккен үркітпеші –

Тұзақ тастай көрмеші, Арманыма.

 

Жаным,

Сені жаныма жиі ертер ем,

Ағарғаның бар болса,

Құй, ертемнен!

...Мына бүлік қай бүлік

Кім айтады –

Мына заман қай заман,

Күй өртеген?...

Кім айтады,

Қай бүлік,

Мына бүлік?

Пенде түгіл ішінен тынады бұлт.

...Таңып берші,

Жарасын құлынымның –

Жағып берші,

Жанына шырақ - үміт!

 

Дара жұртта болады дана сенім,

Аңызына сыйғызған бар әсемін.

...Құстың үнін естідім

Таң алдында –

Бозторғайың сол шығар, Баба, сенің!

 

Күркелі

Күркелінің басында күнде дауыл...

Көтеш ақын

Алағай да бұлағай,

бұл не, бауыр?

Іркіт ішіп отырған іргеде ауыл.

...Арбаңыздың жетегі жолда сынса,

Күркелінің етегі күнде дауыл.

 

Шығармаса бұл тірлік

бір төріне,

Жанарымның тамшысын іркеді ме?

Көтеш ақын жұртына датымды айтып –

Күрке тігіп жатсам ба Күркеліде?..

 

Маңдайында – жұлдызы,

тамырында – Ай,

Қайран жұртым!

күй кешпе тағы мұндай.

Үлпілдеген үмітім,

Үдермеші –

Аққу-қаздың ақ ұлпа мамығындай.

 

Сарыбелдің сауыры,

бір кемі жоқ,

Көкейімді көп сауал түртеді кеп...

...Жұрты еді деп жатамыз

тектілердің –

Неге атаған бұл тауды – Күркелі – деп.

 

Бетегелі белдерге ауыл қонса,

Жаумай кетті осы жаз жауын да онша.

Үркерінің жарығын не қылайын,

Күркелінің бауыры дауыл болса.

 

Бұл қай заман,

күн кешер ақын қайтіп,

Тырнағыңды кетсеңші,

батырмай түк!

...Күрке тігіп отырмын Күркеліде

Көтеш ақын жұртына датымды айтып.

 

Ит айтақтау

Бір қазына бұл да біздің байтақта,

Ит болған соң үре бер!

...Құмай тазы ермейді екен айтаққа

Өз бағасын біледі ол.

Қауып түсер итін көргем сан үйдің,

Шарбақтардан сан секіргем қуған соң.

Айтаққа ерер сұрын бірден танимын

Ит жылында туған соң.

Содан бері қай дүние өзгерді,

Талай сынды менің шыдам – құмырам.

Алжып қалған төбетті де көз көрді

Айға қарап ұлыған.

– Алабайың сенен гөрі тәуір – деп,

Құрдасыма айтып едім сан қақсап.

...Кір-қожалақ қанден көрдім шәуілдеп

Балағыма жармаспақ.

О, құдірет!

Бұл не деген қойылым,

Тұтқиылдан тап беретін талайға.

Білесің бе,

«ит айтақтау» ойынын –

Ұнатпаған Абай да.

Жаратқанның білем бұл да жарлығы,

Сары май жақ,

отқа көмген күлшеге.

Бір-бір итін жетелеп жүр барлығы –

Түлкі алмасын білсе де.

 

Жалғыз

«Бұл жерде ұбық тілінде сөйлеген

 ең соңғы адам жатыр…»

1992 ж. Тевфик қарияның құлыптасындағы жазу

Азынаған желдің арты ақпан,

Замана талай бұрқады.

Ұбап та шұбап жол тартқан –

Ұбықтың соңғы ұрпағы.

Жарылыс болды миымда,

талқандап ойдың тар шебін.

…Ұбық боп кету қиын ба

ұлардай шулап қалса елің?!

Ұбықша сөйле,

жартастар,

елдің де өлді намысы.

…Қап тауындағы алты асқар –

Хоста өзенінің ағысы.

Ежелден бұл ел жаралы,

Батыры өткен жер тіреп…

Бір халық өліп барады

Тевфикпен бірге тентіреп.

Қолында еді Құраны,

Жүрекке тұнған иманы.

Мойнында сенім тұмары

Ұбықты неге қинады?..

Саясат бұлты көшіп жүр

Сайтандай еріп соңыңа.

… Ноғайым не күй кешіп жүр –

бірге ауған Анадолыға.

Сүйеніп тұрдым шыбыққа,

Дұға оқу міндет – тіріге:

– Тевфикке емес

ұбыққа –

Ұбықтың ана тіліне…

Қойныңа алып Ана-жер,

Сан асылыңды ұмыттың.

…Бақиға көшіп барады ел –

Қайран да тілі ұбықтың!

Жанымды кетпес жаншымай,

Қайғыдан,

Шерден,

Мұңнанбыз.

…Тұнықтан тамған тамшыдай –

Ұбықтан қалған бір жалғыз!

 

Шанақ

Ала ма күндер кей-кейде құтын адамның,

Жетіген шертіп шер құсты жетім өлеңім.

Қара қобыздың шанағы шытынаған күн –

Қарагер аттың терлігі сетінеп едің.

Алқынып барып сүрінсе арғымақтары,

Айдардан жел де еспейді ай жарығында.

Көкбөрілерді шыңғыртты-ау,

Қарғылап бәрі –

Байрақтың бауын шыңға емес...

байлады мұңға.

Нелерді көрдің,

не дейсің,

несін айтасың,

Бір бозара ма,

мына бел,

бір қызара ма?..

Түнгі сәуленің түнерген көшін айтасың –

Құлан жосыған жазықта жұлдыз аға ма?..

Құба дүздердің түн ауса оттары жарық,

Намыс налыса қайтейін,

Қайралмай қалам...

Ұлары шулап,

ұлиды топталып алып –

Аңыз естімей абызға айналмайды адам.

 

Самалдай бір ән салғанда сағынып айдын,

Аққу-қаздарын көңілдің

ұшырған күнім.

Қондырып алып жалына жарығын Айдың –

Ағып бір өтті Ақбоз ат тұсымнан бүгін...

 

Кеме күткен

Қызығы күндеріңнің қысқарады-ай,

Күз қашып бара жатыр қысқа қарай.

Айлақта кеме күткен жолаушыдай,

Қайраққа жанып алған ұстарадай.

 

Мұнар таң мұнарамды мұңды қылған,

Қысырақ кісінейді түнгі қырдан.

Тағдырдай ұстараның жүзіндегі,

Дүние, көз алдыңда мың құбылған.

 

Иә, солай көңіл кейде торығардай,

Маңдайдың кермек емес,

соры балдай –

Елеңдеп елең-алаң сәтті күттім,

Елсізде елесіңмен жолығардай.

Күндерім бір түнеріп,

бір түңіліп,

Түн асқан кілегейдей күлкім іріп.

Жыр едік жылт-жылт еткен жылғадағы

Үдеріп көшті бастан үркіп үміт.

 

Көңілің таба алмаса іздегенді,

Айдынға салғызбайды Күз кемеңді.

Араша сұрап қайтем,

Уақыт,

сенен –

Қараша келіп қалды,

бізге де енді...

 

Қаңтармен қоштасу

Ай сәулесін қондырып алақанға,

Ала таңда жүк артқам нар атанға.

Шалқар бағы қайта ма байтағымның

Қаңтардағы кете ме қара таңба?..

 

Көгере ме көңілім даладайын,

Санаулы күн,

менің де шамалы айым.

...Ай толғанда болсаңшы арағайын,

Балтырлары билеген бала қайың.

Тоңып қалған жанымды тонады ой көп,

Қанаттыға кім айтар:

– Қона ғой – деп.

Өмірімнің төрінде өлең қалар

Көңілімнің көлінде көк ала үйрек...

Жалғыздықтың жаныңа зары өткенде,

Бері өткенде соғарсың

әрі өткенде.

Күзгі дауыл,

көтерме түндігімді –

Біздің ауыл – Есілде,

Қараөткелде.

Қияметте қимайды ел құлауға үйін,

Тарқаса екен тезірек мынау құйын.

...Ошағыңды таптасаң оты өшеді –

Уығыңды сындырсаң құрау қиын.

Шұғыла іздеп шыққанда шалқар көктен,

Айдалада адастым аң-таң боп мен.

Жегі күнді желімен жетім етіп –

Көңілімді қарыған қаңтар кеткен...

 

Ғалым Жайлыбай,

Ақын