Қоғам • 01 Ақпан, 2022

Әлеуметтік мәселені шешу – басты бағыт

4938 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жыл басында болған қайғылы оқиғалар елімізге терең, жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетіп берді. Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінде жаңа Үкімет пен Қазақстан халқының алда тұрған міндеттері туралы баяндама­сында бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған, әрбір қазақ­стандықтың көкейіндегі өзекті мәселелерге тоқталып, оны толық, жан-жақты талдап, алда тұрған міндеттерді анықтап, оның шешу жолдарын айтты.

Әлеуметтік мәселені шешу – басты бағыт

Өз сөзінде Қ.Тоқаев мемлекетті алға да­мы­тудағы ауқымды міндеттерді ашық көр­сетіп, қарапайым халықтың жағ­да­йын жете, терең түсінетінін, әлеу­мет­тік-эко­номикалық салаларда орын алған кемшіліктер мен қиын­дықтарды еңсеруге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Ашығын айтар болсақ, жыл басын­да болған қайғылы жағдайдың негізгі себебі, көп жылдар бойы шешімін таппай қордаланып қалған әлеуметтік-эко­но­микалық мәселелер. Атап айт­сақ,жұмыссыздық пен бағаның өсуі, жем­қорлықтың жаппай етек алуы, қоғам­дағы әділетсіздік, азаматтардың құ­қық­тарының қорғалмауы, мемлекеттік орган қызметкерлерінің халық талабына құ­лақ аспауы, қарапайым халықтың өмір сүру деңгейі мен тұрмысының қиын­дап кетуі еді. Қарапайым халық­тың көкейтесті мәселелері ұзақ жылдар бойы шешімін таппай, бай мен кедей­дің алшақтығы жылдан-жылға өсіп, қоғамда теңсіздікке жол беріліп келді. Президент «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасына мем­ле­кет­тік органдар формальды түрде қарап, атқарушы билік пен халық арасын­да түсінбеушіліктер орын алып, алшақ­тық өсе берді. Әйтпесе, еліміздің батыс өңі­ріндегі газ бағасының еш­бір қо­ғам­дық талқылаусыз, халық пікірі­мен санаспай бір күнде екі есеге өсіп кетуін қалай тү­сінуге болады?.. Тиісті мемлекеттік ор­ган­дардың, тіпті ел Үкіметінің халық на­разылығына немқұрайлы қарап, құлақ аспауы, мәселені шешуге ұмтылыс біл­дір­мей жағдайды ушықтырып жібе­руін немен түсіндіруге болады? Бұл мə­се­ле тек Мемлекет басшысының өзі ара­лас­қан соң ғана оң шешімін тауып, газдың да, коммуналдық төлемдердің де бағасы өз орнына келді. Барлық мәселе тек Президент арқылы шешілетін бол­са, онда Үкіметтің қажеттілігі қан­ша? Президент Қ.Тоқаевтың Үкіметті отс­тавкаға жібергенін мен толық қол­дай­мын. Со­нымен бірге халықтың нара­зы­лығы­ның туындауына жол бер­ген, қор­далан­ған проблемаларды дер кезінде зерт­теп, талдап, шара көрме­ген тиісті бас­шы қызметкерлердің жауапкер­шілі­гін заң жүзінде қарау қерек деп есептеймін.

Мемлекет тарапынан қолдау шара­ларының жеткіліксіздігі, тиімсіздігі, әділ бәсекелестіктің болмауы, баға бел­гі­леуде ымыраластыққа жол берілуі, тағы да басқа кемшіліктер экономи­ка­ның алға басуына, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кері әсерін тигізіп келеді. Президент өз сөзін­де «қалыптасқан жүйе негізінен ірі құ­рылымдарға «достарға – бəрі, қал­ған­дарына – заң бойынша» қағидатымен қызмет көрсетуге бағ­дар­ланғанын айтып, Қазақстан даму бан­кі жұмысын қатты сынға алды. Мем­лекет басшысы казіргі таңдағы тең­сіздік мәселесіне, әсіресе мүліктік жік­телуді, сонымен бірге халықтың әлеу­меттік проблемалары толық шешіл­мей жатқанын ашық көрсетіп, Үкіметті көпшіліктің көкейінде жүрген «Самұрық-Қазына» қоры және басқа да ұлттық компаниялардың сатып алула­рының ашықтығына қатысты мәсе­лелерді, жекешелендіруге байла­ныс­ты шешімдердің толық, ашық әрі айқын болуын, экономикадағы олигаполия, бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік шаралардың кемшіліктерін, жем­қорлық секілді мемлекеттің дамуын тежейтін проблемаларды шешуге шақырды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек екеніне тоқтала келе былай деді: «Алдағы үш жылда азық-түлік қауіп­сіздігі мəселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен əкімдердің ал­дын­­да тұрған негізгі басымдық екені­не айрықша назар аударамын. Егер на­рық­та азық-түлік тауарлары мол бол­маса, инфляцияны ұстап тұруға ешқан­­дай шара көмектеспейді». Бұл өте орын­ды айтылған жайт. Бүгінде елі­міз­де ауыл шаруашылығына қолдау көрсету өз дәрежесінде емес. Ауыл шаруа­шылығына бөлінетін несиелер мен субсидияларды негізінен ірі алпауыттар алады да, олар баю үстіне байи түседі. Ал шағын шаруаларға несие, субсидия алу үлкен проблема.

Жылдан-жылға шаруалар жанар-жағармайдың қымбаттауынан және науқан кезінде оның жетіспеушілігінен зардап шегіп келеді. Тек соңғы бір жылда жанар-жағар май бағасы 50-60-пайызға, ағын судың тарифі екі есеге өсті. Ал азық-түлік бағалары жыл сайын қымбаттап, халықтың наразылығын тудырып жатса да, оған тиісті дәрежеде көңіл аударып, шара жасап жатқан Үкімет жоқ. Президент нарық жағдайында жанар-жағар май өндірушілер мен арадағы əртүрлі делдалдардың қосымша пайда алатынын, осы маржанның бір бөлігін акциздер арқылы бюджет пайдасына алу қажет деп санаймын деген орынды ұсыныс айтты. Осы орайда азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу мақсатында, жанармайдың ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнының едәуір бөлігін құрайтынын ескеріп, азық-түлік тұрақтандыру қоры сияқты, жанармайдың  тұрақтандыру қорын құрып, шаруаларды арзан жанар маймен қамтамасыз етуді қолға алса, бұл да азық-түліктің арзандауына әсер етер еді. Арадағы делдалдарды да барынша азайту керек. Әрине, бұл Үкімет тарапынан терең зерделеуді қажет етеді.

Президент алдағы басты міндетіміз дәл қазір ел күтіп, қоғам талап етіп отырған əділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру екенін, кез келген істі əділдік қағидатын басшылыққа алып атқарсақ, біз мақсатымызға толық жететініміз ту­ралы айтты. Халықты ұдайы жалын­ды сөздермен, ұрандармен, идеялар­мен, алдағы бағдарламалармен, мақтау­лар­мен алдаусырата алмайсың. Халық экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, азаматтардың күнделікті тұрмысы жақсара түспесе, еліміздің жетістіктерін құр мақтан етудің қажеттілігі қанша?

Қ.Тоқаев ел Президенті болып сай­лан­ғаннан бастап өзінің басты ұста­нымы əділеттілік екенін, онсыз қоғам ешқашан дамымайтынын айтып келеді. «Əділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Сондықтан əділетсіздікпен мемлекет, қоғам, əр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Əділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан басқа тура жол жоқ. Қоғам əділеттілік салтанат құрғанда ғана жаңарады, дамиды. Қоғамда болып жатқан барлық келеңсіз жағдайлар: сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлердің табыстарының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей жəне əділ бөлінбеуі, азаматтардың құқықтарының  қорғалмауы, қолданыстағы заңдардың толыққанды орындалмауы биліктің жүр­гізген саясатының əділеттілігіне бай­ланысты. Сондықтан да басты мəселе – қазақ қоғамының əділетті жол­­мен дамуында. Тəуелсіз еліміздің тұғы­­рының биіктігі, мызғымастығы қоғам­­дағы əділеттілік деңгейімен өл­шенеді. Еліміздің алға дамуы үшін келі­сім мен ынтымақ, ауызбіршілік керек екені бəрімізге аян болса, ол тек əді­лет­тілік бар жерде ғана болады. Əді­лет­тілік – тəуелсіздіктің темір­қазы­ғы. Әді­летсіздік белең алған кез кел­ген қоғам тығырыққа тіреледі, тоқы­рауға ұшы­райды, ел тəуелсіздігіне қауіп төнеді, мемлекеттілігімізге деген сенім тө­мендейді, билікке наразылық күшейеді. Кеше ғана елімізде болған трагедия со­ның айқын дәлелі. Сондықтан да əділет­сіздікпен аяусыз күресу біз­дің басты міндетіміз болуы керек. Жа­сы­ратыны жоқ, елімізде бюджет қар­жысын екінші дең­гейдегі банктердің қары­зын жабуға, қым­бат ғимараттар мен жиһаздар сатып алу­ға жұмсап, тендерлер арқылы талан-та­ражға салып жатқан фактілер жеткілікті.

Президенттің сөзінде тәуелсіз елі­міз­дің мүддесін қорғайтын, бола­шағын айқындап берген түйінді, батыл ойлар айтылған, халқымыздың, ұлтымыздың көкейінде жүрген өткір сұрақтарға нақты жауап берілген. Бұған дейін билік тарапынан халық көңілінен шығатындай мұндай терең ойлар, идеялар, ұсыныстар, қоғамдағы орын алып отырған кемшіліктер ашық айтылған емес. Еліміздің алдында ауқымды да, күрделі міндеттер тұр. Қазір халық Үкіметтен нақты жұмыс пен нəтиже күтіп отыр. Сондықтан Үкімет елдің сенімі мен үмітін ақтау үшін аянбай жұмыс істеп, елге қатысты бар тірлікті халықпен ақылдасып, талқыға салып, сөзбұйдаға салмай уақтылы шешіп, елдегі жағдай туралы халыққа шынайы, дұрыс ақпарат беріп отырулары керек. Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу Үкіметтің ең басты міндеті болуы керек. Егер еліміздің азаматтарының дені сау, тұрмысы табысты, қарны тоқ, баспанасы мен көлігі болса ешкім көшеге шықпайды.

Қоғамда қордаланған проблемаларды шешу үшін, Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстанға жаңару керек. Халқымыздың тұрмысын жақ­сар­ту мен еліміздің мол байлығын көп­шіліктің игілігіне жарату, тиімді мемлекет пен əділетті қоғам орнату үшін Пре­зидентіміздің төңірегіне тығыз топ­тасып, оның əрбір шешіміне қолдау көр­сетуіміз қажет. Тəуелсіздікті баянды ету, нығайту, оны қорғау – əрбір қазақ­стандықтың борышы.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері