Коронавирус • 01 Ақпан, 2022

Вирусқа қарсы күрес жалғасады

270 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атауынан әбден зәрезап болған короновирус инфекциясы жер әлемді жайлағаннан бері Шығыс Қазақстанда медицина саласына ерекше көңіл бөліне бастады. Ауруханаларда төсектік орындардың саны артты, заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, дәрігерлер алыс-жақын шетелдерде біліктіліктерін арттырды.

Вирусқа қарсы күрес жалғасады

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ұлыбритания, Германия, Жапония, Италия, Польша, Литва, Израиль және Ресейдің же­тек­­ші клиникаларында меди­ци­на­лық кадрларды оқыту бағ­дар­­ламасы 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Дәрігерлер негізінен онкология, кардиология, кардиохирургия, нейрохирургия, медициналық оңалту және гинекология сияқты басым бағыттар бойынша білім алуда.

Соңғы бес жыл ішінде ғана 5 571 медицина қызметкері білі­мін ұш­тады. Сонымен қатар 336 дәрігер шетелде біліктілігін арттырған. 2021 жылдың өзінде Израиль, Польша, Ресей клиникаларында 65 маман білім алды. Денсаулық саласына бөлін­ген қаржы да аз емес. Жал­пы, медицинаға 27 млрд теңге ба­ғыт­талған. Қаржының басым бөлі­гі коронавирус инфекциясы­мен күресуге жұмылдырылды.

Вирустың бетін қайтару­дағы басты және бірден-бір тиім­ді күрес – вакциналау екені анық. Осыған орай облыста 343 егу кабинеті ашылған. Ауылда жылжымалы пункттер мен мобильді кешен­дер ұйым­дас­ты­рыл­ды. Вак­цина­лау деңгейі бо­йынша Шығыс Қазақстан облысы еліміз­дің бас­қа өңірлері арасында көш бас­тап тұр.

Өңірде 39 ковидтік бөлім­шеде қажетті орын саны толығы­мен қамтамасыз етілген. Медици­налық ұйымдарда дәрілік заттар мен жеке қорғану құралдарының қоры да жеткілікті. 18 компью­терлік томограф, 67 рентген ап­па­раты, 370 өкпені желдету аппараты жұмыс істейді. Ал ПТР тестілеу 20 зертханада жүр­гізіледі. Соңғы бес жыл ішінде ха­лық­аралық стандарттарға сәй­кес 3 мыңнан астам заманауи жаб­дық сатып алынды. Жедел жәрдем автокөліктерінің паркі 216 бірлікке жаңартылды.

Баса айта кетерлігі, радиофармпрепараттар өндіруден бас­тап радионуклидтік диагнос­тика мен терапия жүргізуге дейінгі толық циклды қамтитын ядролық медициналық орталық іске қосылды. Радионуклид­тік терапия бөлімшесі елімізде санаулы ғана. Сондай-ақ облыс орталығында мамология және гинекология реанимациясы бөлімшесінің операциялық блогі жаңғыртылды.

Денсаулық саласына жан-жақты көңіл бөлініп жатқанымен, короновирус инфекциясының таралуы азаяр емес. 28 қаңтардағы есептеуге сүйенсек, өңірде короновирус жұқтырған 451 жағдай тіркелді. Оның ішінде 390 симп­томды, 61 симптомсыз жағдай анықталды. Ал стационарларда аталған инфекцияға шалдыққан 311 науқас ем алып жатыр.

«Ауырып ем іздегенше, ауыр­маудың жолын ізде» демекші, ревакциналау жұмыстары қолға алынғанын айттық. Жуырда облысқа «Спутник-Lite» вакци­насының алғашқы партиясы да келіп түсті. Қазіргі уақытта ресей­­лік коронавирусқа қарсы пре­­параттың партиясы облыстың медициналық ұйымдарына таратылып жатыр. Жақын арада вакцина барлық емханада ха­лыққа қолжетімді болады. Бұл туралы денсаулық сақтау бас­қар­масының баспасөз хатшысы Әсем Сексенова хабарлады.

Еске сала кетсек, «Спутник-Lite» екпесі коронавирусқа қарсы вакциналаудың толық курсынан кейінгі ревакциналауға арналған. Ревакциналау екпе алудың толық курсынан кейін алты айдан соң жүргізіледі. Дәрі­герлердің айтуынша, «Спутник-Lite» препаратының құрамы «Спутник-V» екпесінің бірінші компонентіне ұқсас.

– 17 қаңтарға дейін бізге 15-20 адам ғана жүгініп, атал­ған ауру анықталған. Ал қазір бізге күніне 80-ге жуық науқас ке­ле­ді. Мобильді бри­га­да­­лар­дың қоңы­рау­лары да арт­ты. Сон­­дықтан антиде­нелер­дің дең­гейі төмендемеуі үшін ха­лық­­ты ревакциналаудан өтуге ша­қы­рамын, – дейді амбулато­рия­лық орталықтың жалпы практика дәрігері Іңкәр Мантаева.

Денсаулық сақтау басқарма­сының мәліметінше, Шығыс Қазақстанда 154 мыңнан астам адам ревакциналаудан өткен. Жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакциналау жалғасып жатыр. Осы санатқа жататын 170 мыңнан астам адам Comirnaty Pfizer вакцинасын алды. Бұл ретте препарат 60 жастан асқан адамдар мен медицина қызметкерлеріне ревакциналау үшін қолжетімді.

Өңірде індеттің беті қайтпа­ған­дықтан, барлық санитарлық талаптар сақталуға тиіс. Осы уақытқа дейін онлайн форматта оқыған оқушылар 31 қаңтардан бастап, дәстүрлі түрде мектепке баратын болады. Дегенмен сақтық шараларын босаңсытуға болмайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы