Қазақстан • 01 Ақпан, 2022

Ел боламын десең іргелі...

569 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

...Ғұлама тарихтың тарам-тарам сүрлеуіне көз жүгіртсеңіз, қазақ деген халықтың сонау көнеден бастау алған өмір соқпағы, басынан өткерген небір «тар жол, тайғақ кешулері», замана сарыны тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Талай-талай асулардан көктей өтіп, сан-алуан елдерді жүгіндіріп, әлемнің тең жартысын өзіне қаратқан қаһарман елдің атойлаған іздері жатыр. Ақылмен, көрегендікпен, қайсарлықпен болашаққа жол салып дәуірлеген сол кезеңді көшпенділер дәуірі, көшпенділер өркениеті дейді екен. Оны да еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген осы кездері ғана жұтына оқып, санамызға сіңіріп жатырмыз. Тарихшыларымыз, зерттеуші ғалымдарымыз, археологтеріміз талай дүниенің түйінін шешіп, тот басып, көмескіленіп жатқан жәдігер-қазынамызды тауып, шым-шымдап болса да ел ырзығына айналдыруда. Мұның өзі – ғасырлар тұңғиығында қалып, әбден шиеленісіп қалған «орама жіпті» бір-бірлеп тарқатумен бірдей нәрсе.

Ел боламын десең іргелі...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сан ғасырлар бойы кең-байтақ Еура­зия кеңістігінде өмір кешіп, адамзат тарихында терең із қалдырған, шек­теусіз мол тарихи оқиғалардың куәсі болған көшпенділер дәуірін, өркениетін, мәдениеті мен тағылым-танымын бұрма­лап, жасырып қоюға немесе астарын кері айналдырып көрсетуге болатын шығар, алайда мұндай байтақ тарихты жойып, мүлдем құрдымға жіберу мүмкін емес. Оған бүгінгі таңдағы өзгерістер мен жаңғырулар куә.

Мұхиттың толассыз аласұрған тол­қын­дары іспеттес биікке көтеріліп, ар­на­­сынан асып түсіп жер-жаһанды басып кететіні сияқты адамзат өркениеті де қа­натын кеңге жайып, бүкіл әлем­ді құшағына алып, өз ырқына көнді­ре­тіні рас. Адамзат тарихында өр­ке­ниеттің осын­­­­дай екі толқуы бол­ған­ға ұқсайды. Со­­ның бі­ріншісі (ең алғашқы) – Шығыстан Ба­тыс­­қа қарай жайылған көшпенділердің көне өркениеті. Толқынды толқын қуған­дай, Қаңлы, Дешті Қыпшақ заманы, Сақ-Үй­сін, Оғыздар, Ғұндар дәуірі, Түркілер өркениеті, Шыңғысханның және оның баһадүр ұрпақтарының тегеурінді жо­рықтары Еуропа құрлығына бірінен соң бірі жетіп, ұлан-ғайыр көлдей жайылды. Жай ғана келген жоқ, бар құндылығын ала барды. Аюдың терісін жамылып, қолына таяқты құрал еткен көне құры­лық жұрты мұны жете аңғармаған да шы­ғар. Алайда, шындығы сол, алғаш рет көшпелі жұрт мінген мыңдаған ат тұя­ғының дүбірін естіді, жаужүрек жұрт­тың қаһармандығын сезінді. Темірді қамырдай илеп, әрқилы қару-жарақ, құрал-сайман жасайтын, алтын-күмісті өңдеп ғажап әшекейге айналдыра алатын қолы ісмер елді көрді. Батырлықтың, со­ғыс өнерінің, жекпе-жек ұрысының өз­ге­ше үлгісін көрді. Сонымен қатар адал­дықтың, мәрттіктің, даналықтың, сон­дай-ақ өзгеге ұқсамайтын далалық мәде­ниеттің, дүниетанымның, жаратылысты сезінудің сан алуан үлгілерін танып-білді. Бұл – шүбә келтірмейтін ақиқат.

Әсіресе адамзаттың өсу тарихында дін атаулының бастауы болған Көк Тә­ңіріне табыну, жер-жаһанның бір ғана Жаратушысы бар, ол – Көк Тәңірі дейтін наным-ұғымды берік ұстан­ған көшпенділер сол бір ықылым заман­да-ақ бұл ілімнің байыбына терең үңіліп, санасына сіңірген жұрт. Сіңіріп қана қойған жоқ, онысын өзімен бірге ала жүріп, төрткүл дүниеге таныта білген жұрт. Кейіннен көшпенділердің осы сенім-танымынан әртүрлі діни көзқарас бастау алып, осы заманғы дәстүрлі діни ағымдар дүниеге келді.

Бұл жөнінде жиырма жылдан ас­там уақыт жан-жақты терең зерт­теу­­лер жүргізіп, тарихи мәні бар тұжы­рымдар жасаған түркі әлемін зерттеуші Мурад Аджидің еңбегінен көптеген мәліметтер алуға болады. Сол замандағы Тәңірқұттардың (ең жоғарғы әскери лауазым) байрағында крест (екі түзудің қиылысы) таңбасы болған екен. Ол біз­дің қазіргі ұғымымыздағы «крест» емес. Оның мәні тым әріде, Тәңір атауы­мен байланысты. Төрткүл дүниенің түйі­суі деген мағына береді. Сол «төрт­күл дүниенің жаратушысы бір ғана  Тәңір!». «Төрт құбыла, дүниенің төрт бұрышының иесі де Тәңір!» дейтін ұғымды білдіреді.

Талай мыңжылдықты арқалап, талай ғасырды артқа тастаған көшпен­ділердің осы таным-түйсігі уақыт елегі­нен өтіп, заманына қарай көп өзгерістерге ұшырады. Кейіннен христиандар бұл таңбаның астыңғы жағын ұзартып жіберіп, Иисус Христосты шегелеп тас­та­ған дар ағашына айналдырып алды. Бүгінде ол – бүкіл христиан әлемінің киелі таңбасы. Ал бар әлемді табанға салып бас игіземін деген Гитлер болса, Тәңір таңбасының төрт ұшын иіп (майыстырып) жіберіп, өз партиясының символына (свастика) айналдырды. Бұл таңба фашистердің свастикасын ғана емес, ұлтшыл-көсемдердің (Гитлер, Гиммлер, Генрих, Геббелс деген сияқты) атын да білдіреді. Сөйтіп, сонау көне дәуірде көшпенділер көкке көтерген, 5000 жыл­дық тарихы бар «тәңір таңбасының» мәні де, сипаты да өзгеріп жүре берді.

Уақытта шектеу қайсы. Сол сияқты өзгермейтін дүние жоқ. Талай мың­жылдықтар сырғып өте шықты. Ендігі жерде адамзат өркениетінің толқыны керісінше Батыстан Шығысқа қарай бет алды. Бір заманда көшпенділер апарған көне өркениеттің түпнегізін жойып, бояуын өзгерткен, оның ең озық үлгілерін, ерекше қасиеттерін бойына сіңірген өзгеше сипаттағы өркениетті алып келді. Бұл да – талай ғасырларды өткерген, талай зұлматтарды бастан кешірген, озық үлгісі де, қайғы-қасіреті де жетерлік адам­заттың даму жолы. Біз, дала халқы, кешегі көшпенділер бүгінгі таңда сол өркениеттің ықпалында өмір сүріп жатырмыз. Түйіндеп айтсақ, қазіргі таңда Батыстың өркениеті үстемдік құрып тұр.

Талай ғасырлар зымырап өтер әлі. Адамзаттың басына төнген қауіп-қатер­лер уақыт өткен сайын көбеймесе азая қойған жоқ. Экологиялық апат, табиғи апат, жердің дүмпуі, топан судың қап­тауы, жер бетінің өртке орануы сияқты адамның ырқына көне бермейтін алапат күштердің тақалып қалғанын айтып ғалымдар зар илейді. Тіпті сырттан келе­тін қауіп-қатердің де көп екенін айтады. Жұмыр жерді бетке алып зымырап келе жатқан небір аспан денелері, метеориттер, қаптаған зіл тастар. Тіпті жұмыр жердің де, онда мекен етіп жатқан адам­заттың, бүкіл тіршілік атаулының ендігі тағдыры өз қолында емес екен. Оның болу-болмауы өзге бір планетада тұратын беймәлім өркениеттің қолында дегенді де айтып зәре-құтыңды алады. Ғалымдардың сөзіне сенсең, бізді (адамзатты) осындай алапат күштерден сақтандырып, аман алып қалып жүрген көзге көрінбейтін «қорғаушымыз» да бар екен. Қойшы әйтеуір, ғылымның өрісі кеңіп, адамзаттың білім-түйсігі, ой-санасы тереңдеген сайын әлгіндей сәуегей сөздер бүгінде көптеп айтылады. Бұған не деп дау айтасыз? Мұның түйінін сонау ықылым заманда-ақ: «Бәрі де бір Тәңірдің, бәрі де бір Жаратқанның қолында» деп ата-бабаларымыз айтып кеткен жоқ па?..

Адамзатқа сырттан келетін толып жатқан қауіп-қатерлерді былай ысырып қойып, бүгінгі таңда болып жатқан адамдар тірлігіне көз тоқтатып көрелікші. Толассыз соғыстар, қасақана жасалған жарылыстар, адам қырғыны, террор, күшті елдердің әлсізге көрсетіп жатқан зорлық-зомбылықтары, қысым көріп, ел-жұртын тастап шуаған босқындар, аш-жалаңаш қалған бала-шаға, қарттар, әйелдер. Айта берсең мұның шегі жоқ. Адамзат өркениеті үшін ең қауіпті зұл­мат, міне, осылар. Бұларды ешкім сырттан келіп жасап жатқан жоқ, жер басып жүрген адамдардың өздері өз қолымен, ең қауіптісі саналы түрде жүзеге асырып жатқан іс-әрекеттер.

Бұған айғақ іздеп алысқа барудың еш қажеті жоқ. Бір ғана араб елдерінің бас­тан кешіріп жатқан тірлігі бұған дәлел. Мыңжылдықтар өтінде қалыптастырып, өзінің дара өркениетін дүниеге әкелген араб әлемі бүгінгі күні күйреудің аз ал­дын­да тұр. Бұған көп жағдайда өзде­рі кінәлі. Араб еліне табиғат берген ұлан-ғайыр мол ырзығы мұнай ғой. Со­дан түсетін миллиардтаған ақша­ның соңына құныға түсіп, айналып кел­ген­де соның «құлына» айналды. Ұр­­пақ тәрбиесі, ұлттық таным-түйсі­ну, білім беру кенжелеп қалды. Тірші­лік тізгінін өзгенің қолына беріп қой­ды. Кештеп барып ес жинаған кезде халықтың ғасырлап қалыптасқан рухани мұрасының көмескіленіп, табиғи байлығының талан-таражға түскенін, тарихи құндылықтардың біразынан айырылғанын бір-ақ білді.

Сонау көне Мысыр, фараондар зама­нынан бері келе жатқан көне өрке­­ниеттің жібі сөгіліп, ыдырай бас­тады.Тұтас бір әлемнің, тіпті бүкіл адам­зат­тың арқауы, асыл діңгегі болған ис­лам­дық танымның өзіне сызат түсіп, әрқи­лы өзгеріске ұшырап, байырғы құндылығынан айырылғандай көрінеді. Бірін-бірі мойындағысы келмейтін, бірін-бірі жоққа шығарып қаралайтын, қарама-қарсы зиянды көзқарастар, діни идеялар ағымы пайда болды. Бұған қыбын тауып сыналай кірген сыртқы күштердің де ықпалы болмай қалған жоқ. Сөйтіп, дүние жүзінің бір бөлігін тұтастай алып жатқан араб әлемінің ір­гесі шайқала бастады. Бәрінен де қауіп­­тісі, халқы миллиондап саналатын, ең озық, ең бай дейтін Иран, Ирак, Араб Әмірліктері, Сирия, Кувейт, басқа да толып жатқан араб елдері бір-бі­ріне қолұшын беруден қалды. Ынты­мақ, бірліктен айырылды. Әр ел өз қамын ғана шиырлап, шексіз баюды, өз аумағында өктемдік етуді ғана мақсат тұтты. Мұндай сәтте аңдысын аңдып жатқан әзәзіл күштер қарап жата ма? «Бөріні бөрікпен ұрып алғандай» шалт қимылдап, естерін жиғызбай, әр елдің шаңырағының астан-кестеңін шығарды. Бұған айтар желеу де, сылтау да толып жатыр. Ақиқаты сол «әр заманда да күштілер алдында әлсіздер кінәлі» болмақ.

Ал алауыздық жайлаған, береке-бірліктен айырылған елдің қандай күйге ұшырайтынын айтып жатудың өзі артық. Ата-бабамыз сонау ықлым заманда-ақ «Бірлік түбі – тірлік! Бірлігі бар ел озады, бірліксіз ел – тозады!» дегенді санамызға сіңіріп кеткен жоқ па?!. Көне­­көз бабалардың мұндағы айтпағы бай­лы­ғы шалқыған көл-көсір елдерді немесе осы күнгі төбесіне бұлт үйірілген зәу­лім үйлерді емес, қай дәуірде болмасын ел бірлігінің, өзара ынтымақтың, бо­ла­­шақ ұрпаққа рухани тәрбие берудің қан­ша­лықты маңызды екендігін меңзеп отыр.

Біз бұл жерде әлдекімді жазғырып, әлдебіреудің осалдығын, кемістігін айтуды көздеп отырған жоқпыз. Мұндай жағдайды мыңжылдық тарихы бар көш­пенділер де, сол ұлыстың бүгінгі мұра­гері Қазақ елі де молынан көріп, бастан кешірген. Ынтымақтан айыры­лып, басынан бақ тайған, дүние қуып, көпірме сөздің жетегінде кеткен елдің бар ырзы­ғы, жер-суы, өзен-көлі «ұстағанның қо­лын­­да, тістегеннің аузында» кететінін кеше­гі Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк баба­ларымыздың тасқа «қашап» жазды­рып кеткен аманатынан да көруге болады. (М.Жолдасбеков. «Асыл арналар», «Жазушы» баспасы, 1990 жыл, 46-48-беттер.)

«...Төрт бұрыштың

 бәрі дұшпан екен,

Сарбаздарымен аттанып,

Төрт бұрыштағы халықты,

Көп алған, бәрін бейбіт еткен.

Бастыны еңкейткен,

Тізеліні бүктірген.... Түркі елі,

Бектерінің,

халқының ымырасыздығынан,

Табғаш (қытай) елінің

тепкісіне көнгендігінен,

Арбауына жүргендігінен,

Інілі-ағалының дауласқандығынан,

Бекті халқының жауласқандығынан,

Түркі халқы елдігін жойды...

Түркі халқы, өкін!

Біресе ілгері шаптың,

Біресе кері шаптың.

Барған жерде не пайда таптың?

Қаның судай құйылды,

Сүйегің таудай үйілді,

Бек ұлдарың құл болды,

Пәк қыздарың күң болды...».

Сонау VІ - VІІІ ғасырлар аралығын­да өмір сүріп, батырлықтың, елдіктің ғажап үлгісін көрсеткен, көк түріктер атан­ған бабалардың көзіндей бұл шежіре сөздерді тек аманат қана емес, болашақ ұрпақтың санасында мәңгі жүретіндей, жүрегінде мәңгі ұялап қалатындай қасиетті ұғым деп қабылдау қажет.

Егемен ел атанып іргемізді бүтіндеп, жо­ғымызды түгендеп, барша әлемге қазақ деген жұрттың бар екенін әйгілеп, «атой салып» жатқанымызға да отыз жыл болыпты. Тарих тағылымы үшін бұл қас-қағым сәт қана. Тәуелсіз ел ата­ну бір басқа, ал сол тәуелсіздікті сақ­тап қалу, ата-бабаларымыз үлгі етіп қал­­­дыр­ған біртұтас мызғымас мемлекет қалы­п­тастыру бір басқа. Бүгінгі таңда өре­лі ұл-қыздарымыз осындай абырой­лы істің бас-қасында жүріп, бар күш-жіге­рін сала еңбек етіп жатқаны жасы­рын емес. Алайда байырғы көшен­ділер­дің, кешегі көне түркілердің көзін­дей, сарқытындай саналатын қазақ жұр­­ты­­ның бүгінгі тірлігіне, жасампаз жетіс­тіктеріне, дауыл­паз өрлігіне қырын қарайтын мысықтілеу күштердің да бар екенін естен шығармау керек. Мұндайда қасиетті бабаларымыздың «Жау қайда деме – жар астында, бөрі қайда деме – бөрік астында» дейтін даналық сөздері еске түседі.

Расында, әлемнің тең жартысын алып жатқан көшпенділердің құс қанаты талатындай, ең ұшқыр деген тұлпардың өзі тұяғы кетіліп әрең жететіндей ұлан-ғайыр жер аумағын түгелдей иемденбесе де, соның бір «пұшпағына» ие болып қалған Қазақ елі – бақытты ел. Оның өзі де жерінің аумағы жағынан әлемде 9-шы орында тұр. Кең-байтақ жерінің асты да, үсті де қазынаға толы. Таулары асқақ, даласы кең-байтақ, өзен-көлдері шалқып жатыр. Мұндай елге кім қызықпайды, кім сұқтанбайды?

Бүгінгі таңда бүкіл адамзаттың тізгі­нін қолдарына «түсірген» әккі елдер, барын-жанын салып әлемді билеудің небір сұрқия әдістерін, алдау-арбаудың небір қитұрқы жолдарын тауып, жанталасып жатқаны еш жасырын емес. Олар бұл ретте бір елді бір елге айдап салу, арандатуды былай қойғанда, көпе-көрнеу соғыс ашу тәсілінен де бас тартпайды. Өз мақсатына жету үшін айла-шарғының барлық түрін пайдалануда. Ал оның жолдары, қасақана жасалатын тәсілдері сан алуан. Мән-мағынасы жоқ әсіреқызыл бояуға толы телешоулар, музыкалық көрсетілімдер, интернет арқылы адам санасын улап жатқан миллиондаған жасанды мағлұматтар, тәнін жалаңаштап тастап, ойына келгенін істейтін кино­туындылар, адамдарды ой-сананың иесі емес, жыртқыш аң ретінде дәріптеу сияқты іс-әрекеттер – қазіргі дәуірдің ащы шындығы. Компьютерге телміріп, интернетке байланған бүгінгі ұрпақ осыларды көзбен көріп, бар тәрбиені содан алып жатыр. Жаһандану үрдісі болса елдің апшысын қуырып күннен-күнге күш алып барады. Аз уақыттың ішінде талай елді тізе бүктіріп, шаңырағын шайқалтып жіберді. Бұл үрдіс біздің басымыздан сипайды дейсіз бе?!.

Немере-шөберелеріміз мультфильм кейіпкерінің тілімен сөйлеп жатса, жас­та­рымыз тәнін ашып, түр-әлпетін өзгертіп, анайылыққа, дөрекі­лікке ың­ғай танытып жатса, кімнен көре­сің? Ғасырлар бойына қалыптасқан ұлттық қасиет­тен, салт-дәстүрден, ерекшеліктен қас-қағым сәтте айырылу деген осы болады. Бұған қарсы бүкіл ел болып қарекет жасаудың орнына, арқаны кеңге салып, «бізге келіп тұрған қауіп жоқ» дей­тін көпірме сөздер, бейғам, шалымы жоқ көзқарастар ертеңгі күні орға жық­пасына кім кепіл.

Әлгінде сөз еткендей Батыстан Шы­­ғыс­қа қарай жол тартып, біздің за­ман­­ға қол созған адамзаттың батыстық өрке­ниетінің ұлан-ғайыр жетістігімен қоса, осындай «қауіпті» жағы да бар екенін ұмытпаған жөн. Оның басты мақсаты жас ұрпақты рухсыздандыру, өзінің түп-тамырынан үзіп әкету болмақ. Ал өскелең ұрпағынан айырылған елдің көпке бармайтыны бесенеден белгілі. Мұның өзі, әсіресе, ұлттық рухтан, өзара береке-бірліктен айырылған елдер үшін аса қауіпті.

Сондай идеологиялық «шабуылдар­дың» бір түріне ұлттық әдет-ғұрыпты, адамдардың ойлау, сөйлеу мәнерін, тіпті күнделікті киетін киіміне дейін өзгерту, өзге стандартқа көшіру де жатады. Бұл тұр­ғыдан да батыстық идеология біраз нәти­жеге қол жеткізді. Олай дейтініміз, өзінің ұлттық қасиеттеріне, діліне аса берік, етек-жеңін қымтап жүретін, ең сы­пайы дейтін Пәкістан, Үнді, Индо­не­зия секілді елдердің де жастары осы ық­палға түсіп, шаштарын күзеп, тәндерін жалаңаштай бастады. Онысын алысқа бармай-ақ, сол елдердің өздері шығарып жатқан бүгінгі кинотуындыларынан да көруге болады.

Тым «асанқайғыға» салынып, құр­ғақ сөз қуып, көлгірсіп кеткендей бол­майық. Мұның бәрі – көзі ашық, санасында сәулесі бар кез келген адамға белгілі жай. Біздің айтпағымыз, осындай қитұрқы, әзәзіл заманда өмір сүре отырып, ұрпағымыздан көз жазып қал­майық, елдігімізден, салт-дәстүр, тілі­міз­ден айырылып, баяғы мүсәпір күйге қайта түсіп жүрмейік дейтін ақ тілеу, ізгі ниет қана.

«Бір ниетте, бір тілде халқым

 бірдей болсайшы,

Артығы жоқ, кемі жоқ

салтым бірдей болсайшы»,

деп атақты Кенен ақын армандап өткен­дей, ендігі жерде ешкімге тәуелсіз, рухы асқақ, түйсік-танымы биік, ешкімнің алдау-арбауына көнбейтін бақуатты, біртұтас ел құру әр қазақтың көкейкесті мұратына айналуға тиіс. Осындай жасампаз елдің болашағы, алтын діңгегі өс­ке­лең ұрпақ екені ақиқат. Ал сол ұр­пақ­тың білімді, ұлтжанды, парасатты болып өсуіне, туған жерін, отанын көзінің қарашығындай қорғайтындай жаужүрек, патриот болып қалыптасуына қоғам, бүкіл ел-жұрт болып атсалысу – кезек күттірмейтін аса маңызды міндет.

 

Бақытжан КЕНЕНҰЛЫ,

журналист