Ел Президентінің айтуынша, қаңтардағы қасірет – бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. «Мұның қатарында Жамбыл облысында болған тәртіпсіздіктер, этносаралық сипаттағы арандатушылықтар мен басқа да шиеленістер бар. Қоғамымыздың тұтастығын жүйелі түрде, соның ішінде наразылықтар мен кәсіби түрде әзірленген сценарийлерді қолдану арқылы шайқалтып келген. Радикалды шаралардың нақты орындаушыларын дайындау жасырын түрде жүргізілген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті уәкілетті орган ретінде осы бүлдіргі жұмыстарға нақты баға бере алмады және бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төнген аса үлкен қауіпті көрмеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қаңтардағы қасіреттің қайталануына жол бермеу мақсатында алдағы уақытта атқарылатын маңызды жұмыс бағыттарының бірі – діни экстремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыру екенін атап көрсетті. Өйткені Алматы қаласы мен кейбір өңірлерде қолдарына қару алып, билік органдарын шабуылдағандар, бейбіт тұрғындарды қорқытып, «тірі қалқан» етіп ұстағандардың ішінде деструктивті діни ағымның өкілдері бар екені әшкереленіп отыр.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе, Тараз, Алматы қалаларында болған қанды террористік қылмыстар да осындай жат ағымға ерген жастардың қолдарымен жасалғаны белгілі. Өкінішке қарай, Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің ұлттық қауіпсіздік органдары тарапынан сол қылмыстардың шығу себептері жан-жақты зерттеліп, оларды алдағы уақытта болдырмаудың пәрменді шаралары қабылданбағаны анық. Қаңтардағы қасірет – соның айғағы.
Шындығында, мүдделі мемлекеттік органдар мықтап қолға алса, дін саласындағы көкейкесті мәселелерді оңынан шешуге болатынын өмір тәжірибесі көрсеткен. Мәселен, осыдан он бес жылдай бұрын елімізге сырттан кіргізілген бір деструктивті діни ағымды уағыздаушылар тобы анықталып, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды, қайсыбірі тіпті елден аластатылған. Содан кейін ол ағымның өрісі тарылып, бүгінде ұмытылуға айналғандай. Сол кезде халқымызды ислам дінінің ата-бабамыз ұстанған, ежелгі салт-дәстүрлерімізбен үйлескен Ханафи мазхабы аясына топтастыру хақында кеңінен үгіт-насихат жүргізілгендігін айтқан жөн. Алайда кейінгі жылдары осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары әлдебір себептермен әлсіреп кеткен тәрізді.
Қазір әлеуметтік желілерде: «Сақалды содырлар анау діни ағымның өкілдері екен. Сондықтан ондай діни ағымға заң бойынша тыйым салу керек» деген мағынадағы пікірлер айтылып жүр. Ал кейбір бұқаралық ақпарат құралдары қаңтардағы қантөгіс кезінде қолға түскен бұзақылардың ішінде Қазақстанда экстремистік ұйымдар қатарына жатқызылған «Таблиғи Жамағаттың» бір қанаты – «Йакын Инкар» радикалды ұйымының жақтастары болғандығын хабарлады.
Әрине, бейбіт шерулердің бүлдіргіштік сипат алып кетуіне кінәлі содырлардың нақты қандай діни ағымның өкілдері екенін жете анықтап барып қана әділ шешім қабылдау керек. Бірақ бір нәрсенің басы ашық – шолақ балақты, шоқша сақалды жастар да – өз бауырларымыз. Көбі – екі бүйірден қысқан жоқшылықтың салдарынан азғындауға еріп, адасқан жандар сияқты. Енді оларды кеуделерінен кері итермей, түзу жолға түсірудің амалын іздегеніміз абзал. Сонымен қатар жастарымызды жат ағымға кіргізіп, арандатқандардың кімдер екенін де әшкерелеп, айылдарын жиғызу қажеттігі де даусыз. Дініміздің тұтастығына, ұлтымыздың бірлігіне төнген елеулі қауіпті ескермеске болмайды.