Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» атты қор құруды ұсынып, табысы қомақты компаниялар мен бизнесте жүрген байшыкеш-олигархтарды халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, денсаулық және білім салаларын жетілдіруге үлестерін қосуға шақырды. Өйткені ұлттық табыстың рахатын 162 адам ғана көріп, басқалардың айлық табысы 50 мың теңгеден аспай, күн көрудің қиындықтарына душар болып отырғанын ашық атап өтті. Жаңадан ашылған «Қазақстан халқына» қорының алғашқы қадамы жаман емес, қорға бірнеше күн ішінде қомақты қаржы жиналыпты. Алдағы кезде де бұл игілікті іс қолдауын таба бермек. Ертелі-кеш елімізде таза, ашық, әділдік орнайтынына көпшілік сенеді.
Байлық та, билік те ауытқымалы екенін ескерсек, қазіргі ел тұтқасын ұстап отырған шенеуніктердің өз олжасын туған халқымен бөліспеуі – ең үлкен кешірілмейтін қасірет. Мұның бәрі ашкөздіктен және тәрбиеден кеткен қателік. Оны жақында болған «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан байқап отырмыз.
Мемлекеттік қызметке дәнігіп, аяқ астындағыны көрмей, шалқақтап, қарапайым халықты менсінбей, барынша араны ашылып, қорқау қасқырдай ашкөз, «түйені түгімен жұтып», халықты сүліктей сорып жүре беретін тойымсыз, қанағатсыз жандарға «Қызметіңе адал бол!», «Қанағатшыл бол!», «Елден үлкен емессің!», «Арыңды таза ұста!», «Абырой-атақ шын еңбекпен келсін!» деп ұдайы еске салып тұрғанымыз да жөн болар еді. Ойланайықшы, бақыт байлықта ма?
Философ-ғалым Амангелді Айталының айтуынша, бес ғасыр бұрын испандар отарлап, халық санағын жүргізгенде, канадалық үндістердің саны 14 миллионнан асқан. Қайсыбір жылы халық санын қайта есептегенде, соншама жергілікті ұлт өкілдерінің 800 мыңы ғана қалыпты. Солардың ішіндегі бір миллиардер кəсіпкерден «Сіз байсыз. Байлық – бақыт па?» деп сұрағанда, ол: «Жоқ, байлық бақыт емес. Ғұмыр бойы жинаған бар байлығымды елімнің бір күндік тəуелсіздігіне айырбастар едім!» деп жауап берген. Бұл – елінің, халқының бостандығын, тәуелсіздігін аңсаған жанның арманы, патриоттық сезімі деп ұққан дұрыс.
2017 жылы миллиардерлер арасында ең ұзақ жасаған, әлемге аты белгілі америкалық Дэвид Рокфеллер 101 жасында, соңғы жүрек алмастыру операциясынан кейін ұйықтап жатып, дүниеден озды. Айтушылар, ол соншама байлық иесі бола жүріп, көпшілікке көмек қолұшын беріп, жәрдемдесуді еш ұмытпаған екен. Атап айтсақ, оның қаржысы Рокфеллер атындағы медицина институты, Чикаго институты, Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымның штаб-пәтері, қатерлі ісік ауруларын емдейтін ең ірі онкогоспиталы, бірнеше Қарттар үйінің құрылысына және де басқа игілікті іс-шараларға жұмсалыпты. Гуманитарлық және қаржы факультеттерінің білімгерлерін қолдау мақсатында жыл сайын орта есеппен 100 миллион доллар көлемінде демеушілік жасап келген. Атасының бастаған дәстүрі бойынша ағайын-туыстарына жылына 8-10 мың доллар қаржы бөліп отырған. Олардың саны 10-20 емес, жүзден асып жығылған екен.
«Я уверен, что материальные вещи могут сделать жизнь приятнее. Но если у вас нет друзей или родственников, жизнь будет пустой и печальной, несмотря на всё материальное», деген Дэвид Рокфеллердің пікірімен келіспеуге болмас, сірә.
Әрине, қазіргі жастар армандағандай, бай болған, қиыншылық көрмеу жақсы да шығар. Өйткені ақша материалдық игілік қана емес, ол өмірдің қуаты, өзегі, тірегі. Қалтаңда ақшаң болмаса, азығың да жоқ. Азық болмағаннан кейін күш-қуатың да, күйің де жоқ. Қандай ақылды, парасатты бола тұрып кедей болсаң, саған ешкім пысқырып қарамайды, есептеспейді, сыйламайды, тіпті бұрылып сәлем де бермейді.
Қазір ақшаның беделі өсіп, әлгі халық аузындағы «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» болып тұрған дүрбелең дәурен ғой. Жеке адамның беделі мен мәртебесі байлығымен, тіпті құрметі қалтасындағы ақшасымен өлшенетін, түйсігі мол, саналы кісінің түсінуіне қиын алмағайып кезең болып тұр. Несін жасырамыз, бұл күндері ағайын-туыстардың арасындағы қарым-қатынас, дос-замандастар арасындағы сыйластық ақшаңа байланысты. Қазіргі «жаңа қазақтар» «бай –
байға, сай сайға, құяды» деген принциппен өзі тәрізді қалталы байлармен ғана араласады, сыйласады, сырласады.
Адал нәсіп – адал еңбекте. Еңбек болмаса экономикалық ахуал, әлеуметтік жағдай жақсарады деу қиын. Еңбектің құдіретін ұқпайтын жастар өсіп келеді. Біздің елде осы мәселе бүркемеленіп, көлеңкеде қалып бара жатқанын мойындағанымыз жөн. Қай өңірді алмаңыз, жұмыс іздеп, сарылып жүрген жандарды кездестіресіз. Алысқа бармай-ақ мысалға, Тараз қаласын алайық. Кеңес заманында бұл шаһарда көптеген кәсіпорын қызмет етіп тұрды. Оның әрқайсысында бірнеше жүздеген, кейбірінде бірнеше мыңдаған жұмысшы-қызметші еңбек етті. Қазір солардың арасынан бар болғаны «Қазфосфат» бірлестігі ғана «тірі». Басқаларының барлығы «жұмғанның жұдырығында, тістегеннің аузында» кетті. Тіптен жойылып, тып-типыл болғандары да аз емес. Қала тұрғындарының біразы нәпақасын табу үшін қыр асып, Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау қалалары мен басқа облыстарға вахталық еңбекке «жегілді», тіпті біреулері Ресей, Корея, Германия, АҚШ сынды шетелдерге кетті. Олар кімдер? Әрине, жоғары білімді, қолдарынан іс келетін, түйсігі мол, саналы азаматтар.
Ауыл тұрғындарының тіршілігі де мәз емес, жастар туған ауылын, атамекенін тастап, қалаға үдере көшті. Тоз-тоз болып, бір кезде гүлденіп тұрғандар ауыл тіптен жоқ болып кеткенін кім есептеп жатыр. Сөйтіп халықтың тұрмыс-тіршілігі күрт нашарлады, отбасылар күйзеліске түсті. Шетелдермен салыстыра отырып, билік басындағылар «біздің қоғам әлемде болып жатқан үрдіс – урбанизацияға бет алды» деп мәз-мейрам болып жүр. Бұл дегенің біздің елге, халыққа кері әсер етіп жатқанын, ауыл тіршілігін ертең құрдымға апаратынын олар ұғар ма екен? Қалаға барған қазақты қай көкесі құшақ жайып қарсы алады? Қалада «жұмыссыз қазақ» атанып, кедейлердің санын көбейткеннен не ұтамыз? «Қазақстан – кең-байтақ. Жерінің асты да, үсті де бай», деп кеуде соққанмен, елімізде неге жұмыссыздық жайлап барады?
Санаңа салмақ салып кейде күйінесің. Біз сонша неге сорлы болып барамыз? Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия мен Сингапур халқы еңбектің арқасында жетістіктерге қол жеткізіп жатыр...
Иә, ел-жұрт болып ойланатын дүние көп... Еңбек қағидасын өмірімізге енбізбесек, еңбекқорлықты жастардың бойына сіңірмесек келешегімізден үміт күту бос әурешілік. Адам арын сатып, ұрлық-қарлықтан емес, таза еңбектен бақыт табуы керек. Бұл дүние дегеннің бәрі еңбекке байланысты екенін ұққанымыз жөн.
Қазіргі қоғам тым күрделеніп кетті. Адамдардың пиғылы өзгеріске ұшырауда. Еліміздің теледидарына құлақ ассаңыз, қаржыдан қиналған қаншама дімкәс жас балалар тиісті ем ала алмай көпшілікке қол жаяды? Қаншама көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, жекебасты қарттар баспанасыз халдері мүшкіл жайда қиналып, шырғалаңнан шығудың жолын іздеп, қабырғалары қайысып, тағдырларына налып, «қан жұтып» күйзеліп жүр?
Бар жиған-терген қаржыларын шетелдік банктерде мұртын бұзбай сақтап отырғандар да бар. Демеушілік деген істі олар ұға бермейді, тіпті өздерінен қызғанады, баюдың үстіне байи берсем деген ойдан, пиғылдан шыға алмай жүр.
Иә, гәп, сол байлық қандай жолмен келді? Ой таразысына бір сәт болса да салып көрелікші. Әлгі байлық таза еңбекпен, маңдай термен келіп жатса жақсы ғой. Ірі қызметте отырып, қазына қаржысын қымқырып, бірінен соң бірі сотталып жатқан ашкөз шенеуніктер өздерін бақыттымын дей ме екен? Біреуді арбап-алдаумен, үркітіп-қорқытумен келген ақша абырой бере ме? Бүгін «бақыттымын», «баймын» деп май шайқап жүргенде ертең аяқ астынан сүрініп, заң алдында жауапқа тартылып, абақтыға тоғытылып, бір сәтте-ақ жинап-терген дүниесі желге ұшуы әбден мүмкін емес пе? Ондай оқиғаларды мына дүрбелеңге толы сайқымазақ өмірден көріп те жүрміз ғой.
Рас, естіп жатамыз, туған ауылына қолұшын беріп, тас жол тартқызып, ауызсу өткізіп, көпір мен мешіт салғызып, балалар үшін спорт алаңдарын ашып жатқан жомарт жандар да бар. Бұл – еліміздегі «Туған жерге тағзым» бағдарламасын қолдап жасалып жатқан игі іс-шаралар. Соңғы жылдары Жамбыл облысында баспанасыз жүрген көпбалалы отбасына, жағдайы жоқ қарттарға асарлап үй салу үрдісі кең етек жайып келеді. Көпшіліктің бір-біріне деген қамқорлығы, жәрдемі әлі де көбейе түссе деп ой қаузайсың. Мысалы, Олимпиада чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіров кеудесіне «Алтын жұлдыз» тағылып, Қазақстанның Еңбек Ері атанған сәтте мінберден толғана: «Әрбір кәсіпкер бір-бір ауылды қамқорлыққа алып, оны қалпына келтіруге, өсіп-өркендеуіне үлес қосайық», дегені көптің есінде.
Шүкір, кембағаларға, көпбалалы отбасылары мен жетімдерге қолұшын беріп жүрген қалталы азаматтар әр өңірде баршылық. Олардың халыққа берген көмегі, жомарттығы жайлы газет-журналдар мен теледидарлар көпшілікке хабардар етіп жатады. Әлгі жомарт жандардың игілікті істерін естіп, жүрегің әжептәуір жылып қалады. Қолыңнан келіп тұрса, мүмкіндігің болып тұрса, өзгелерге жақсылық жасаудан артық іс бар ма?
Десек те, қысты күні қар сұрасаң, қиып бере алмайтын шығайбайлар да көпшіліктің ортасында аз емес. Тыраштанып, дүние қуып, адамшылықтан алшақтап жүргендерді кездестірген сәтте жағаңды ұстап, түңілесің. Жиған-тергенін тіпті өзіне жұмсауға қимайтындарды кім дер едіңіз? Құдайдың берген жер асты байлығын өзінің жекеменшігіне айналдырып, оны күні-түні сүліктей сорып, бар тапқан қаржысын шетелдік банктерге, офшорлы аймақтарға аударып, жергілікті халықтың аузынан миллиондарды, миллиардтарды жырып алып, байып жатқан шенділерді халық білмей, көрмей отыр ма?
Байлық та, билік те адамға керек шығар. Бірақ олардың артатын жауапкершілік жүгінің ауыр екенін есте ұстап, халыққа түскен ауыртпалықты бірге бөлісіп, елге емірене қызмет атқарып, арымыздың таза болғаны орынды емес пе?!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы,
профессор
ТАРАЗ